Нұр Отан

Депутаттыққа үміткерлердің тізімі бекітілді

17 қарашада «Nur Otan»  партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXIV конференциясы болып өтті. «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен саяси іс-шараға 139 делегат, Саяси бюро мүшелері, праймеризге қатысушылар, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар (басым бөлігі онлайн режимінде) қатысты.

Конференцияда партияның 2021-2025 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы бекітілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында бағдарламаның барлық жобалары тұрғындармен праймериз барысында кеңінен талқыланып, 1315 ұсыныс  жиналды, оның 1036-сы (79%) қабылданған өңірлік бағдарламада ескерілді.

Аудан-қалаларда сайлауалды бағдарламалары 10-12 қараша күндері аумақтық конференцияларда бекітілді. Сол бағдарламаға сәйкес, әр өңірде партияның сайлауалды жобасы әзірленді.

Ауқымды іс-шарада, сондай-ақ Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің пікірсайысы өтті. Сонымен қатар облыстық мәслихатқа партиядан депутаттарды сайлау жөніндегі 64 адамнан тұратын партиялық тізім бекітілді, партияның кезектен тыс XX съезіне делегаттар сайланды.

  • Тұңғыш Президент – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз еліміздің тарихында алғашқы рет жалпыұлттық деңгейде партияішілік сайлау – праймериз өткізілді. Ол ашық бәсекелестік жағдайында шынайы мықтыларды іріктеу мүмкіндігін берді. Праймеризге түрлі саланың мамандары мен өкілдері қатысты, – деген облыстық партия филиалының төрағасы Даниал Ахметов халықтың әлеуеті мен өмір сүру сапасын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарын ұсынған қатысушыларға алғыс білдіріп, жария дебаттарды ашты.

Ең бастысы, праймериз бәсекелі және ашық негізде беделді әрі сенімге ие адамдар қатарынан іріктелген әлеуетті депутаттар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Талдау тізімдегі әйелдердің үлесі 32,8%-ға, ал 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 23,4%-ға дейін өскенін көрсетті. Осылайша, облыстық мәслихатқа арналған партия тізіміндегі әйелдер саны екі есеге, жастар саны тоғыз есеге артты. Үміткерлердің орташа жасы жеті жасқа, яғни 53 жастан 46 жасқа дейін жасарды. Сондай-ақ облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының тізімі 64%-ға «жаңа» тұлғалардан тұрады.

Шағын және орта бизнес өкілдері тізімде бәрінен көп – 29,7%, білім және ғылым саласының өкілдері – 15,6%, өнеркәсіп пен денсаулық сақтау саласының өкілдері – 10,9%.

Бұл дебаттарға праймериздің бірінші және екінші кезеңдерінен ең көп дауыс жинаған 15 азамат қатысты. Олардың біреуі денсаулығына байланысты пікірталасқа қатыса алмады.

Дебатқа қатысушылар үш лекпен көпшілік алдына шығып, өзекті мәселелер көтеріп, оның тиімді шешу жолдарын ұсынды, өздерінің бағдарламаларын таныстырды және бір-бірлеріне сауалдар қойып, жауап берді.

Қай қатысушы бірінші болып сөйлейтіні жеребе арқылы анықталып, рет-ретімен көпшілік алдына шықты. Сайлауалды бағдарламалары мен аймақтағы әралуан мәселелерді шешу жолдарын ұсынуға үш минут уақыт берілді.

Мәселен, Катонқарағай ауданындағы «Элхон» ЖШС директоры Лұқбек Тұмашиновтың айтуынша, ауыл шаруашылығын дамытып, шекаралық аудандардың әлеуетін көтеру аса маңызды. Ол мемлекеттік бағдарламалар арқылы бөлініп жатқан қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалау қажеттігін атап өтті.

– Депутат тұрғындар мәселесіне құлақ түріп, оларды шешуге күш салуы тиіс. Айталық, ауызсу мәселесі әлі де өзекті. Бөлінген қаржының дұрыс жұмсалуына орай қазір ауылдардағы ауызсу мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Бұл – бөлінген қаражатты дұрыс пайдаланудың, лауазымды тұлғалар жауапкершілігінің нәтижесі. Жұмысқа жауапкершілік әр адамның өзінен басталуы тиіс, – деді ол.

Дебаттар аяқталған соң, конферения делегаттарының дауыс беру шарасы өткізілді. Оның нәтижесі бойынша бірінші орынды кәсіпкер Лұқбек Тұмашинов иеленді. Одан 4 дауыс аз жинаған денсаулық сақтау саласының өкілі Зарина Камасова екінші орында. Ал үшінші орында – Курчатов қалалық партия филиалының төрағасы Алексей Глазинский. Сондай-ақ тізімге Риддер қалалық мәслихатының хатшысы Игорь Панченко, жеке сектор өкілі Марина Быкова және білім беру саласының өкілі Азат Сәрпеков енді. Осы алты адам Мәжіліс депутаттығына кандидаттыққа ұсынылды.

Конференция мен қоғамдық пікірталастар әлеуметтік желілерде онлайн режимінде таратылды.

Кезектен тыс конференцияда «Nur Otan» партиясынан облыстық мәслихатқа депутаттыққа сайлау бойынша партиялық тізім, сондай-ақ алдағы 25 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында бейнебайланыс режимінде өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XX съезіне облыстан қатысатын 25 делегат сайланды. Ал облыстық партия филиалы сайлауалды штабының басшысы болып облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков бекітілді.

Ержан Әбіш 

Осы айдарда

Back to top button