Кәсіби мереке

Журналистерге спорт тойы болды

 

«Әй, мыналар мақаланы аяқпен жаза ма?». Бұл баяғыда Өскемен журналистерінің футбол ойынына тамсанған ақын Қалқаман Сариннің сөзі болатын. Еске түсіп отыр.

Тілшілердің кәсіби мерекесі қарсаңында Журналистер одағының облыстық филиалының су жаңа директоры Азамат Қасым әріптестеріне спорт тойын ұйымдастырды. Бір күн волейбол, бір күн футбол жарысы болды. Волейболда жігіттер мен қыздар аралас ойнады. Ал футболға тек жігіттер шықты. Жарысқа Көкпекті, Катонқарағай, Семей және Өскемендегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мерекелік көңіл-күйде болған іс-шараның атмосферасын айтып жеткізу қиын-ақ. Спорт тойы деп жазып отырғанымыз сондықтан. Той ғой бұл, той.

Волейболда Семейден келген «Алаш» командасы көрермен-журналистердің ықыласына бөленді. Ал қатарына бірде-бір қыз ойыншы қоспаған «Менің өлкем» газеті мен бір партияда тек ұлдарды алаңға шығарып жіберген «Алтай» телеарнасы аздап сынға ұшырады. Футболда «финалға шығуға лайық» деп ел күткен «Көкпекті» командасының жолын жеребе кесті. Сарапшы-журналистердің айтуы бойынша, олар «Дидар» газетінің ұжымынан жасақталған «Шығыс ақпарат» командасымен ертерек кездесіп қалды. Осы аталған жағдаяттар үшін ойын барысында келіспеушіліктер болды. Той төбелессіз өте ме? Той ғой бұл, той.

– Газет және теледидарда жүрген шығыстың саңлақ жастары спортта да қара жаяу еместігін танытты. Бастысы, әріптестермен емен-жарқын жүздесуге, достығымызды, татулығымыз бен бірлігімізді  нығайтуға үлкен септігін тигізді. Осы тұрғыдан келгенде, Азамат Қасым, Олжас Керейхан ағаларымыздың мұрындық болуымен өткен жарыстың көздеген мақсаты іске асты деуге болады, – дейді Тимур Смағұлов.

Айта кету керек, жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар берілді.

– Өңіріміздегі біраз әріптестеріміз бас қосып, емен-жарқын әңгімелесіп, қауқылдасып, бір серпіліп қалғандай болды. Осы ретте жарысты ұйымдастыруға көмектескен спорт басқармасына, спорт нысанын ұсынған Өскемен қалалық мәдениет бөліміне, қаржылай демеушілік көрсеткен «Казцинк» кәсіпорнының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревке, «Бақыршық» кәсіпорны баспасөз қызметінің жетекшісі Досжан Омарханға, Алтай ауданы әкімі Қалихан Байғонысовқа, естелік сыйлықтарын тарту еткен «Казминералс» компаниясы баспасөз қызметінің жетекшісі Ермек Дюзкеневке мың алғыс, – дейді Азамат Қасым.

Жарыстың қорытындысына келейік. Волейболдан «Алаш» – үш, «Менің өлкем» – екі, «Алтай» бірінші орын алды. Футболдан «Көкпекті» – үш, «Алтай» – екі, «Шығыс ақпарат» бірінші орынға ие болды. Жеңімпаздар дәл бір EURO-2020-ны ұтқандай кубокты бастарынан асыра көтерді.

Қатысушылар жарыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтсе деген тілектерін білдірді. Өскеменнің журналистері жан-жақтан жиналған әріптестеріне ақ жол тілеп, қимастықпен шығарып салды.

Тасқын Болатұлы

Суреттерді түсірген: Тілеубек Шаяхмет

Осы айдарда

Back to top button