Әскер

Жеті мыңға тарта азамат тіркелуі тиіс

Шығыс Қазақстанда 2004 жылы туған жастарды, сондай-ақ бұрын тіркеуден өтпеген азаматтарды әскери есепке қою жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы арнайы брифинг барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркеш Бекбаев мәлім етті.

– Шақыру учаскелеріне тіркеу кезінде азаматтар әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау мақсатында медициналық куәландырудан өтеді. Медициналық комиссия әскери қызметке жарамсыз деп таныған азаматтар әскери есепке алынбайды, – дейді Еркеш Бекбаев.

Белгілі болғандай, биыл облысымыздың жеті мыңнан астам тұрғыны шақыру учаскелеріне тіркелуі тиіс екен. Былтыр бұл көрсеткіш 6 500 адамды құраған.

Сондай-ақ брифингте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату жолдары туралы да айтылды.

Бұл ретте, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну және азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату жөніндегі мемлекеттік қызметтер электрондық үкімет порталында көрсетілетінін айтқан жөн. Аталмыш мемлекеттік қызметтер 2020 жылдың қарашасынан бастап онлайн режимге ауыстырылған.

Жалпы, әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру азаматтың отбасылық не денсаулық жағдайын ескере отырып, білімін жалғастыру мақсатында, сондай-ақ аудандық шақыру комиссиясының шешіміне сәйкес беріледі.

Бұдан басқа, азаматтық борышын өтеу кезінде туыстарының бірі қаза тапқан немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған азаматтар да әскерге шақырудан босатылады. Сонымен қатар басқа мемлекетте әскери қызмет өткерген немесе еліміздің арнаулы мемлекеттік органдарында жұмыс істеген азаматтар, ғылыми дәрежесі бар адамдар мен тіркелген діни бірлестіктердің қызметшілері де әскерге шақырылмайды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button