Жеке куәлікті дер кезінде ауыстыру қажет
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары жеке куәліктің жарамдылық мерзімінің аяқталуын күтпей-ақ, ертерек ауыстыруды ескертеді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына құжатының мерзімі өткен тұрғындар жиі жүгінуде. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай азамат тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжатсыз бір айдан астам жүрсе, 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 21 441 теңге айыппұл салынады.
– Жеке куәлікті тұрғылықты тіркеу орнына қарамастан кез келген ХҚО-да ауыстыруға болады. Онда тек 0,2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу қажет, бұл – 613 теңге. Жаңа құжат 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Қосымша ақы төлеп, куәлік дайындау мерзімін бес жұмыс күніне дейін қысқарта аласыз, – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыс бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.
Жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Алғашқы құжатты алу үшін жасөспірім ата-анасының бірімен ХҚО-ға жүгінуі керек. Өтініш беру үшін туу туралы куәлік, төлқұжат (бар болса), баж салығының төленгені туралы түбіртек тапсыру қажет.
Туу туралы куәлікте тегін не атын өзгерткен, некеге тұруға не оны бұзуға байланысты тегін өзгерткендер де бір ай ішінде құжатын жаңартуы тиіс.
Төлқұжаттың мерзімі өтсе айыппұл салынбайды. Ол – шетелге шығу үшін пайдаланылатын құжат. Паспорт алу үшін кез келген ХҚО-ға жүгінуге болады, мемлекеттік баж мөлшері – 8 АЕК немесе 24 504 теңге.
Айта кетейік, облыста жыл басынан жеке басты куәландыратын 30 мыңнан астам құжат берілген.
Ержан Әбіш