Инфрақұрылым

Жарық бағандары орнатылып, жолдар жөнделіп жатыр

Соңғы бірер жылдың көлемінде аудандағы жол жөндеу қарқыны әжептәуір ұлғайғаны байқалады. Қазір Аягөздің қалтарыс-бұлтарыстарындағы жолдарына да асфальт төселіп, тұрғындар қуанышқа бөленуде. Рас, әлі де тақтайдай тегіс жолдар арманға айналған, ойлы-шұңқырлы, қиқы-жиқы жолдар баршылық. Дегенмен, биылғы қарқын мен келесі жылғы жоспарға назар аударсаңыз, бірталай шаруаның басы қайырарлықтай.

Негізі, аудан бойынша жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының жалпы жиыны 411 шақырым болса, Аягөз қаласындағы автомобиль жолдарының ұзындығы 108 шақырымды құрайды.  Енді осы аталмыш жолдар біртіндеп жөнделіп келе жатқаны рас. Биылғы  жұмыс жоспарына сәйкес 13 көшеге   қиыршық құм-тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Ақшәулі, Баршатас, Тарбағатай секілді үш ауылдық округтердегі үш көшеге 26,7 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын іске асыру жоспарланып отыр.  Сол сияқты, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл  Ақши, Сарыарқа және Тарлаулы ауылдарына жалпы 410,7 млн. теңге,       2022 жылы Аягөз қаласы бойынша 15 үйдің аулаларын абаттандыруға қаржы бөлінді. Олар Серғазин №28, 6 пункт, Күдерина №29, Х.Дүйсенов №102, Х.Дүйсенов №39, Х.Дүйсенов №41, Х.Дүйсенов №108, Ы.Сүлейменов №15, Ы.Сүлейменов №17, Ш.Уәлиханов №31, Ш.Уәлиханов №33, Б.Момышұлы №66, Б.Момышұлы №68, Б.Момышұлы №70, Б.Момышұлы №72 секілді аулалар. Бұдан өзге,   Қабанбай батыр көшесіне (Битантау) аллея салу жұмыстары іске асырылуда.

Жұртшылықтың көкейінде жүрген тағы бір мәселе  – Аягөз қаласының екі жақ кіре берісіне арка орнату жоспарланған. Бұл туралы жағымды ақпарат бар. Қазір мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, мердігер анықталды.  Сондай-ақ қала ортасын қақ жарып өтетін Ә.Тәңірберген көшесіндегі арбат құрылысы мен М.Әуезов көшесін абаттандыру  бойынша жұмыстарға мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланған, жуырда қолға алынбақ.

– Жалпы, биыл қала бойынша барлығы 21 көшеге көлемі 10х15 м., 18 балалар ойын алаңын және көлемі 17х42 м. 3 футбол алаңы бар балалар ойын алаңдарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Олар – Пролетарская, Тұрғанбаев, Би Боранбай (17х42) көшелері аумағына футбол алаңқайы бар балалар ойын алаңын орнату және Ларшин, Шәкенов көшесінде екі жерде, Р.Қошқарбаев, Х.Дүйсенов, Оспанов, Жамбыл,  Тәйкіманов, Дүйсенбаев, Амангелді, Б.Момышұлы,  Мәмбетов №70, Мәмбетов №16, Мәмбетов №8, Ш.Уәлиханов, Тәнірбергенов көшесіне екі жерден және Подгорная көшесі, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Абай. – Қазір қаладағы 11 көшеге жарық бағандарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Олар Жаңа көше – 1, Жаңа көше – 2, Шыңқожа батыр, Би Боранбай,  Зенин, Чкалов,  Дүйсенбаев, Маңғазбаев, Байғабылов, М.Әуезов, Актюбинская көшелері.

Жалпы, бұлармен қатар жырақтағы елді мекендерді де жарықтандыру жұмыстары еш тоқтамайды. Мәселен, қазір 13 ауылдық округте жарықтандыру бойынша 114 баған орнатылды. Ақшәулі, Ақши, Байқошқар, Мәдениет, Нарын, Сарыарқа секілді  6 ауылдық округте 40,8 млн. теңгеге жарық бағандарын орнату жұмыстары жүргізілді.

Бидайық, Емелтау, Қопа, Қарағаш, Мыңбұлақ, Мамырсу, Ақтоғай секілді 7 ауылдық округте құны 20,8 млн. теңгеге жарық бағандар ауыстыру жұмыстары мен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button