Ұлыстың ұлы күні

Жармада Наурыз тойы басталып кетті

Дәурен Аллабергенұлы

Жарма ауданында он күнге жоспарланған Наурыз мерекесі «Амал күнінен» бастау алып, көпшілік көптен күткен Әз Наурыз – Ұлыстың ұлы мерекесі қызу басталып кетті.

– Наурыздың алғашқы жаршысындай Амал мерекесі – өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі. Күн мен түн теңелетін жаңару күні қыстан аман-есен шыққан ағайын бір-бірін құттықтап, дастархан жайылып, ізгі тілектерін арнаған, – деді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Аудандық Мәдениет үйінде жаңаша мазмұнда ұйымдастырылған мерекелік шара көпшіліктің көңілінен шықты. Аудан әкімі халықты береке-бірлікке, татулыққа үндейтін мұндай мерекенің төл дәстүріміз бен қастерлі құндылықтарымызды жаңғыртуда елеулі маңызы бар екендігін атап өтті.

Мерекелік іс-шарада жұртшылық бір-бірімен амандасып, ілтипат танытып, жасы үлкендерге құрмет көрсетті.

Өнерпаз қауым ән-жырдан шашу шашса, аға буын өкілдері ел амандығы мен жұрт тыныштығын тілеп, ақ баталарын берді.

Адамгершіліктің игі қасиеті көрініс тапқан, ата салтымыздың асыл діңгегіндей болған Амал мерекесі жиналған жұртшылыққа жарқын көңіл-күй сыйлады бұл күні.

Жиналған ағайын «айдан айға, жылдан жылға аман-есен жетейік, еліміздің береке-бірлігі арта берсін» деген тілекпен тарқасты.

Дәурен Аллабергенұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button