Спорт

«Жаңарған Тарбағатай» жарысын өткізді

Арайлы Ақжар ауылдық округі жиырма бес жылдан кейін Тарбағатай ауданының орталығы мәртебесіне қайтадан ие болды. Шекаралық ауданның Жаңа Қазақстанмен бірге қайта түлеуі, сөз жоқ, осы өңірдегі жергілікті тұрғындар мен еліміздің әр аймағында тұрып жатқан тарбағатайлықтарды айрықша қуантты.

Ширек ғасыр деген аз уақыт емес. Бір анықтама үшін бірнеше жүз шақырым жерге сабылатын, бір күнде бітпесе, қайта-қайта баруға мәжбүр еді. Енді ол келеңсіз күндер артта қалды. Дербес аудан болып құрылды деген ақжолтай жаңалықты естіген кәсіпкер азаматтар да ауылға келеміз, инвестиция әкелеміз деп ниеттеніп отырғанға ұқсайды.

Ақжар халқы кезіндегі әкімшілік ғимараттарды талан-таражға түсірмей осы күнге дейін сақтап қалды, ұйымшылдық көрсетті.  Бүгінгі таңда елдің еңсесі көтеріліп, тамыз айының 19-20-ы күндері ауданның құрметіне арналған тойға дайындыққа қызу кіріскен.

Осы мерейлі мезет аясында әртүрлі іс-шаралар  басталып та кетті. Жуырда Қабанбай батырдың 330 жылдығы мен Ақжар ауылының аудан орталығы болып қайта бекітілу құрметіне орай, волейболдан ардагерлер арасында облыстық турнир ұйымдастырылды. Ақжардың Б.Сайханов атындағы спорт кешенінде «Жаңарған Тарбағатай» атты байрақты бәсекеге аудандардан: Марқакөл, Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Тарбағатай-2 және Тұғылдан жиыны 6 команда өзара бақ сынасты. Жарыста бір-біріне қарсылас болғанымен, өмірде сыйлас достар бір уақ бас қосып, мәз-мейрам күй кешті.  

Жарыстың салтанатты ашылуында Ақжар ауылдық округінің әкімі Дәуітбек Ниязбеков, Тарбағатай аудандық мәслихатының хатшысы Асқар Боғырбаев, Б.Сайханов атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Төлеген Қалимажан, ауданнның Құрметті азаматы, спорт ардагері Әмір Егінбаев ақжарма лебіздерін білдірді.

«Өлі разы болмай, тірі байыз таппас» дегендей, ардагер волейболшылар өздерінің өмірден өткен замандас-спортшыларын еске алу құрметіне құран оқытып, хатым түсірді.

«Біз тек жарыс өткізуді ғана мақсат етпедік. Мұның түп мәні ауданымыздың қайтадан өз мәртебесіне қол жеткізгеніне білдірген символикалық қуанышымыз, жан-жақта жүрген тарбағатайлық ардагер волейболшыларды туған ауылда бас қостыру болды. Бұл турнир осыған себепші. Аудан халқы бұл сәтті тағатсыздана күтті, бір жыл емес, бақандай жиырма бес жыл. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп осындай сәттерді айтса керек. Екіншіден, ардагерлер арасында волейболды насихаттай отырып, жастарға үлгі болуды көздедік. «Волейбол ардагерлері» атты төсбелгі жасатып, қатысушыларға табыстадық. Жарыс тартысты өтті. Нәтижесінде Марқакөл бірінші орын алды. Зайсан командасы екінші орынды еншілесе, Тарбағатай-2 командасы үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздарға қомақты ақшалай сыйлықтар, кубоктар табысталды. Жекелеген сыйлықтар да үлестірілді. Осы игі істің басы-қасында жүріп, ұйымдастыруға атсалысқан азаматтарға алғысымыз шексіз», –дейді волейбол ардагері, Ақжар ауылының тұрғыны Талант Садықов.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы

 

Осы айдарда

Back to top button