Жаңа әліпбиде қанша әріп бар?

Тілімізге лайықты латын әліппесін жасау туралы ұсыныс басталғалы да төрт жыл өтті. Әлі де толыққанды әліппе нұсқасы дайын болған жоқ. Соңғы рет 28 қаңтарда қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған жаңа әліппенің жетілдірілген нұсқасын үкімет отырысында таныстырды.
Жаңа әліпбидегі әріп саны – 31. Әліпби де қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылып, латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Жұмыс жүйелі түрде жалғасса 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралағында кезең кезеңімен жаңа әліппеге көшу басталатыны айтылды.
Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, қазақ тілі әріптерінің пернетақтада орналасу тәртібінің жобасы туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, латын қарпіне негізделген әліпбиге көшу жөніндегі алдағы жұмыстар туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
– Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек, – деді Асқар Мамин.
Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған.
Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді.
Алтай Ғали-Асқар