Жазғы демалыс

Жағажалайлар жаңа маусымға дайын ба?

Биыл жыл басынан бері өңірде үш адам суға кетті. Бұл бірінші кезекте адамдардың жаппай шомылатын жағажайлардың суға түсуге дайын еместігімен байланысты. 

Екі мыңнан астам суқоймасы бар Шығыс Қазақстанда адамдардың жаппай шомылатын дәстүрлі орындарының барлығы дерлік суға түсуге дайын емес. Осы себепті ағымдағы жылдың басынан бері су айдындарында екі ересек адам мен бір бала суға кеткен.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Ағажаевтың айтуынша, адам өлімі көбінесе жабдықталмаған жерлерде шомылу, жүзе алмау, өз күшін жете бағаламау, балаларды қараусыз қалдыру және мас күйінде шомылу сияқты себептерге байланысты орын алатын көрінеді.

Жалпы, аймақта демалуға арналған 16 және тыйым салынған 116 орын белгіленген.  Бүгінгі таңда қалалар мен аудандардың әкімдіктері жаппай демалыс орындарын бекіту жұмыстарын жүргізуде. Мамандардың хабарлауынша, облыс аумағында жабдықталған алты жағажай болса, оның екеуі Өскеменде, екеуі Алтай ауданында, екеуі Ұлан және Үржар аудандарында орналасқан.

Облыстағы барлық демалыс базаларының иелеріне демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қамтамасыз ету жайлы хаттар жолданып, Төтенше жағдайлар қызметі облыстық суда құтқару қоғамымен бірге шомылатын орындардың түбін тексеру және тазарту жұмыстарын жүргізді. Оған қоса, әкімдіктермен бірлесе отырып, қауіпсіздік белгілерін орнату жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде қауіпті аймақтар  мен суға түсуге тыйым салынған орындарға 157 белгі орнатылды.

Сондай-ақ суға түсу маусымы қарсаңында балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Осы ретте, мектеп және лагерь директорларымен қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтар өткізіліп, облыс мектептерінің оқушылары үшін интерактивті сабақтар ұйымдастырылды.

 

Лашын Жарденбек

С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 2-ші курс студенті

Back to top button