Денсаулық сақтау

Инновациялық әдіспен

Облыста жоғары технологиялардың көмегімен емделген науқастар саны артып келеді. Медицинаны дамытудың арқасында бүгінгі таңда диагностика мен емдеудің инновациялық, бірегей әдістері – жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмек көрсету мүмкін болды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы мәліметтері бойынша, осы жылдың он айында 330-дан астам  науқасқа жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілді.

Мұндай медициналық көмек қымбат тұрады және оны мамандандырылған медициналық ұйымдарда біліктілігі жоғары  бейінді дәрігерлер ғана көрсетеді.

Қазіргі уақытта өңірімізде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін тоғыз медициналық ұйым бар, олардың барлығы  МӘМС қорының жеткізушілері болып табылады.  Тағы бір атап өтетін жайт, республика көлемінде жоғары технологиялық медициналық көмек  беретін клиникалардың басым бөлігі ірі өңірлерде – Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарында шоғырланған.

  • Медициналық көмектің осы түрлерін қаржыландырудың көлемі де өсті. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыстың стационарларынан жоғары технологиялық медициналық қызметтердің көмегімен 330 пациент емделіп шықты. Аталған емнің құны 1,5 млрд. теңгені құрады. Пациенттердің басым бөлігіне жоғары технологиялы көмек МӘМС шеңберінде көрсетілгенін атап өткен жөн. Ал пациентке жоғары технологиялық көмек шұғыл түрде көрсетілу керек болса, онда бұл қызмет кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қолжетімді, деді облыстық ӘМСҚ филиалы медициналық көмек сапасын бақылау бөлімі басшысы Гүлмира Қабдиева.

Тұрғындар жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндіктері туралы өздерінің учаскелік дәрігерінен біле алады. Медициналық көрсетілім болған кезде терапевт науқасты бейінді дәрігердің кеңесіне немесе қажетті диагностикалық процедураға жібереді. Медициналық көмек алуда қиындықтар болып жатса, пациенттер өз емханасындағы пациентті қолдау қызметіне хабарласуы керек. Егер мәселе бұл жерде де шешілмесе,  тұрғындар әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс  орталығы, «SaqtandyryBot» Telegram-арнасы және “Qoldau24/7” мобильді қосымшасы сияқты байланыс арналарының өздеріне  ыңғайлысын таңдап, хабарласа алатынын естеріңізге салғымыз келеді.

Әзірлеген – Кәмал  Естай

 

  

Осы айдарда

Back to top button