Жолдау жол нұсқайды

Игі бастамаларды бірге іске асырамыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы елдегі саяси жаңғыру процестерінің әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен жалғасқанын айғақтайды.

Қоғамның барлық саласы қамтылған Жолдау – Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бастамалар мен реформалардың жалғасы.

Атап айтсақ, Президент 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімі сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзаратынын айтты. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейтіледі. Бұл қадам осындай жағдайға тап болған жандарға септігін тигізіп, қызметке тезірек оралуына мүмкіндік бермек.

Атаулы әлеуметтік көмектің бірыңғай жүйесін құру азаматтардың әл-ауқатын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болары сөзсіз.

2023 жылдан бастап отбасының цифрлық картасы және әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізу жоспарланып отыр. Осы бастамалар аясында мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары біріктіріледі. Оның бәрі барынша түсінікті, ең бастысы, нақты болады әрі алдын ала жасалады.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс берілмек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие ұсынылады. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етуі тиіс.

Жаңа Қазақстанды құру жолында жасалған жаңа сипаттағы Жолдауға зор қолдау білдіремін. Мемлекет басшысы ұсынған бастамаларды жүзеге асыруға бірге атсалысамыз.

Арайлым Есімбекова,

Amanat партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы

 

Осы айдарда

Back to top button