Цифрлық Қазақстан

«IT-ару» мектебінде кімдер оқиды?

Өскемендегі О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада «IT-ару» мектебі өз жұмысын бастады. Аталған мектеп цифрлық әлемнің сансыз мүмкіндігін меңгергісі келген жасөспірім қыздар мен  бойжеткендерге арналып отыр.

 Қазақтың ару қыздары ажар-көркімен ғана емес, әрқашан ақыл-парасатымен, өжеттігімен де ерекшеленген. Кезінде ел іргесіне жау тигенде ер-азаматтармен бірдей  қолына қару алып, атқа мінген аруларымыз қаншама. Десе де бүгінгі қазақ аруы бұрынғыдай ат құлағында ойнамаса да, ақпараттық технология айдынында еркін жүзуі тиіс. Өйткені келешегі кемел саланың бірі осы – IT.  Осы орайда Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ашылған «IT-ару» мектебінің жасөспірім қыздар мен бойжеткендерге берері де, үйретері де мол.

IT десе, кейбір қыздардың ат-тонын ала қашатыны бар. Неге? Өйткені олар IT – еркектің қолы, ер-азаматтар  ғана  айналысатын сала деп санайды. Шындығында мүлдем олай емес. Ол  баршаға ортақ.  Цифрлық технология күн сайын өмірімізге  терең еніп жатқан осынау заманда  ақпараттық технология тетіктерін жетік меңгеру аруларымызға көп дүниенің есігін ашпақ. Осы орайда кітапханада ашылған IT-ару мектебінің мақсаты да –  12-17 жас аралағындағы жасөспірім қыздар мен бойжеткендердің бойындағы бұғып жатқан қабілетті ояту, оларды ақпараттық технологияның мүмкіндігімен таныстырып, өз идеяларын іске асыруына жол ашу.

«IT-ару» мектебінің аясында олар компьютерлік графика және арнайы    3D-үлгілеу және 3D-Home Design секілді сандық бағдарламалардың  көмегімен  виртуалды сән әлемімен танысып,  киім үлгілері мен декор, интерьер мен сәулет бұйымдарын, сондай-ақ көрініс-бейнелері мен дизаин, визуальды көріністерді әртүрлі интернет платформаларға жайғастыруды меңгереді. Сонымен бірге  VR-қосымшалар жасау,  3D басып шығару үдерістерін де үйренеді.

Жоба Еуразия қоры жүзеге асыратын АҚШ халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар бағдарламасының демеушілігімен жүзеге асырылып отыр.

– Бұл мектеп қазіргі заманның аруларына өте қажет дағдыларды үйретеді. IT саласында білімімді жетілдірсем деп көптен бері ойлап жүр едім. Іздегенім алдымнан шыққанына өте қуаныштымын. IT саласында осы жерден алған білімім менің алдағы өміріме пайдасын тигізеді деп сенемін, – дейді Шығыс Қазақстан техникалық-гумантарлық колледжінің студенті Айша Аймұхамбет.

Иә,  Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада ашылған «IT-ару» мектебі  қаладағы жас аруларды цифрлық қоғамға бейімделуге үйрететін басты алаңға айналып отыр.    Өзінің болашағын Digital бағытпен байланыстырғысы келген жас бойжеткендер осынау мүмкіндікті жіберіп алмаса дейміз.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button