Аңсар

«Iшпесем де, қоржынымда жүрсiн»

Жүрсін Ерманның естелігінен: «1993 жылдың мамыр айының соңында Жазушылар одағының бiрiншi хатшысы Қалдарбек Найманбаев бастаған 15 шақты қаламгер Түркияға сапар шегiп, Мағжан ағамыздың 100 жылдығына арналған шараға қатыспақшы едiк. Сапарды ұйымдастырушылардың бірі ретінде мен де, «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы Оралхан Бөкеев те делегация құрамына енген едiк. Сәуiр айының соңғы күндерiнің бірінде Орекең менi кабинетiне шақырып алды да:

– Мен Түркияға бармайтын болдым. Сен газетке сапарнама жазып келесiң, – дедi.

– Сiз неге бармайтын болдыңыз?

– Мен Үндiстанға жүремiн, – дедi Орекең. Үндiстанның басшысы Алматыға ресми сапармен келгелi жатқан. Соның алдында бiр топ қазақ журналистерi Үндi елiне барып қайтатын болыпты да, iшiне Оралхан Бөкеев те қосылған екен. Орекеңнен басқасының бәрi – жас қаламгерлер.

– Ылғи бала-шағаның арасында сiзге не бар, Ореке?

Үндiстанға менi жiберiңiз де, өзiңiз Ыстамбұлға барып келiңiз, – дегенiм есiмде. Орекең Үндiстанға 10 мамыр, жаңылмасам, сенбi күнi аттанды. Жауапты хатшы Қайырбек Асанов екеуімiз Жазушылар одағына келiп, шығарып салдық. Көлiгiне мiнгелi тұрып:

– Қайырбек, маған екi шөлмек арақ әкелiп, қоржыныма салып бершi, – деп өтiнiш жасады.

– Арақ iшпейсiз ғой, оны қайтесiз? – деп Қайырбек таңданды. – «АҚҚҰС»-тың қоймасында отыз жәшiк арақ тұр емес пе? – деп мен ұсыныс айттым.

– Сенiң қисық шөлмегiңдi шетелге апарғаным ұят болар, – деп күлдi Орекең.

– Iшпесем де, қоржынымда жүрсiн. Қолымды жуамын. Мен өзi иiс-қоңысты жаратпаушы едiм. Үндiстанда қысы-жазы ауа ауыспаған соң иiс болатын шығар, – деген еді.

Оралхан Бөкеев Делиде мамырдың 17-сi күнi қайтыс болыпты. «Агра қаласына сапарлап барып, Тәж-Маһалды тамашалап, қайтар жолда әзiл-қалжың айтысып, көңiлдi болып едi» дейдi көргендер. Өкпесiнiң iлесi бар едi, 56 градус ыстыққа шыдас бермеген тәрiздi. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем» демекшi, осы сапарға бармай-ақ қойшы деген менiң сөзiмдi қабыл алса, әлдеқалай болар едi деп ойлаймын да жүремiн. Оралханмен дәл осылай жылдам қоштасамыз деп ойламаппын. Көзiмнiң жасы сорғалап жүрiп жоқтау жаздым. Жиырма шумақтан астам сол жоқтау Оралханның мәйітін Мүсірепов театрынан алып шығарда айтылып тұрды…».

Дайындаған – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button