Инфрақұрылым

Интернетпен қамту қай деңгейде?

Елімізде жаппай  цифрландыру қолға алынды.  Ал осыларды толықтай іске асыру үшін мәселе интернетке келіп тіреледі.

Бұл мәселе әсіресе, ауылды жерлерде толық шешуді талап етеді. Тарбағатай ауданында да интернет тарту жұмысында  біршама алға жылжу бар.

     Сайлау Қалиев, Қызылкесік ауылдық округінің әкімі: – Қазіргі электронды қызметтердің ауқымы кеңейген тұста ауылдарда да интернеттің қажеттілігі артқаны анық. Мұндай қажеттілік біздің Қызылкесік ауылдық округіне де қатысты екені белгілі. Бұл мәселеге байланысты «Қазтелекомға» бірнеше мәрте қатынас хат жолдадық. Осы жылдың 24 тамызында жолдаған қатынас хатымызға жуырда ресми жауап алдым. Онда:«Қазақтелеком» АҚ-ның даму жоспарларына сәйкес, ауыл мобильді интернетпен қамту бойынша «250+ жобасында» қамтылғандығын хабарлаймыз. Қызылкесік ауылдық округінде жобаны аяқтаудың шамаланған мерзімі – 2021 жыл» деп тұр. Бұған дейін осы жылдың қараша айында Қызылкесік пен Үштөбені аяқтаймыз деп еді. Бүгінгі таңда екі ауыл бойынша интернет ауыл әкімдігі мен мектепте, кітапханада, медпунктте ғана бар. Оның өзі «Е» жылдамдығын әрең ұстайды. Онлайн оқитын оқушылар, студенттер бейнесабақтарды аша алмайды, тек мәтін түріндегі тапсырмаларды орындаумен шектеледі.

    Данияр Катпин, «Қазақтелеком» АҚ-ның Тарбағатай ауданы бойынша абоненттерге қызмет көрсету жөніндегі бөлімінің бас маманы: –Жалпы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес, Тарбағатай ауданының ауылдарына да интернет желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Құмкөл, Ойшілік, Тана мырза, Есім, Жетіарал,  Қарасу, Қабанбай, Маңырақ, Құйған,  Жалаңаш, Серіктес, Екпін, Аққала, Көкжыра ауылдарындағы мемлекеттік мекемелерге оптикалық-талшықты кеңжолақты интернет желілері тартылды.  Енді осы ауылдық әкімдік, мектеп секілді мекемелердегі интернет байланысын келешекте сымсыз жүйемен ауыл үйлеріне кіргізу жоспарлануда.  Мәселен, Қарасуда  100,  Жетіаралда 100 үй ауылдық әкімдіктен  радиомост арқылы сымсыз интернетке қосылып тұр.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, облыс бойынша 150 елді мекен интернетпен қамтылады. Сол тізімде Тарбағатай ауданына қарасты 15 елді мекен бар екен. Оның ішінде Қызылкесік, Жәнтікей, Үштөбе, Сәтбай, Көктүбек, Жаңаауыл, тағы басқа ауылдар да бар. Бұл бағыт бойынша жұмыстар әзірге басталған жоқ.

Дәуітбек Ниязбеков, Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі: –Кең жолақты интернет тартылатындардың қатарында біздің Жаңаауыл ауылының бар екендігі қуантып отыр. Әзірге мектеп, дәрігерлік емхана, балабақша «Altel» мобильді интернетін қолданып отыр, жылдамдығы  баяу. Жалпы, интернет мәселесі аудан, тіпті, облыс деңгейінде шешілетін дүние еместігін жергілікті тұрғындар да түсініп отыр. 

  Әбілқайыр Қожахметов, Маңырақ ауылдық округінің әкімі: –Оптикалық-талшықты кеңжолақты интернет Маңырақ пен Бозшаға тартылып, оған ауылдағы әлеуметтік маңызды нысандар қосылған. Енді ауыл тұрғындары өздеріне қостыру үшін өтінімдер беріп жатыр. Ауылдық округ бойынша 1800 тұрғын бар. Бұйыртса, біртіндеп үйді-үйге кіргізілсе, қашықтан оқып жатқандарға, жұмысы компьютермен байланысты адамдарға көп көмек болар еді.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button