Денсаулық сақтау

Инсульт орталығы жұмысын бастады

Инсульт орталығы жұмысын бастады
Аягөз ауданында жұмыс сапарымен болған облыс әкімі Даниал Ахметов Астана қаласының 20 жылдығы және Аягөз ауданының 90 жылдығына орай «Туған жер-тұғырым» атты мерекелік іс-шараға қатысты. «Аягөз ауданының рухани және тарихи-мәдени мұралары» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияны ашқан облыс басшысы бұл жиынның «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп отырғандығын атап көрсетті. Аймақ басшысы Аягөздегі инсульт орталығы жұмысымен танысты.
Жалпы, норматив бойынша аймақта бес инсульт орталығы қызмет етуі тиіс болса, қазір облыс орталығында ІІІ деңгейлі екі орталық және Семейде ІІ деңгейлі бір орталық бар. Қуаныштысы, Аягөз орталық ауруханасында ІІ деңгейлі инсульт орталығы ашылды. Орталық заманауи компьютерлік томограф, ультрадыбыстық аппараттар, мониторлар мен науқастарды оңалту құралдарымен толық жабдықталған. Аягөздегі аталмыш инсульт орталығына 64 кесінді компьютерлік томограф, реанимациялық және оңалту жабдықтары сатып алынбақ. Енді Аягөздегі орталықта жақын маңдағы Үржар, Тарбағатай, Жарма аудандырының тұрғындары ем қабылдайтын болады. Аягөздегі орталық аурухана сондай-ақ аймақтық перинатальды көмек көрсетудің ІІІ деңгейіне өтеді. Бұл үшін бюджеттен медициналық құрал-жабдыққа 440 миллионға жуық теңге қарастырылған. Бұдан былай Аягөз және басқа жақын маңда орналасқан аудандардағы ауыр жағдайдағы науқастар Семей мен Өскеменге тасымалданбайды. Мұнда «ана мен сәби» бөлімі, сондай-ақ «неонатальды блок» жұмыс істейді. Бұдан өзге жаңа туған сәбидің, ерте дүниеге келгендердің көзінің қарашығын толық зерттеуге мүмкіндік беретін RetCam торлы камера сияқты заманауи жабдықтар алынбақ. Сонымен қатар, жүктілік кезінде және босанудан кейінгі ана мен баланың жағдайын бақылайтын фетальды монитор алу да жоспарланыпты.

Ойын алаңдары абаттандырылған
Инсульт орталығы жұмысын бастады
Аягөзде 13 мыңға жуық ойын баласы бар. Бұған үш мыңнан астам мектепке дейінгі бүлдіршіндерді қосыңыз. Аймақ басшысы шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша көпқабатты үйлердің аулаларына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға жасалған ойын алаңдарында да болып, жұртшылықпен тілдесті. Мәселен, балалардың стрит-воркауты үшін жасалған алаңның құны 5,5 млн. теңге. Ашық алаңқайдағы тренажерлар мен ойын кешендері жас жеткіншектердің денсаулықтары үшін таптырмас жаттығу құралдары. Балаларға арналған мұндай алаңдардың төсеніштері қалың резеңкеден жайылыпты. Маңайы да бүгінгі талапқа сай абаттандырылған. Мұндай жерлерге арнайы орындықтар қойылып, бағандарына жарық шамдары орнатылған. Олардан түскен сәуле түн ішінде де бұл маңайды сүттей жарық етіп тұрады.
-Кейінгі жылдары қаламыздың әр жеріне осындай ойын алаңдары қойылып, балалардың бір уақ далаға шығып ойнауларына, денсаулықтарының мықты болуына қолайлы жағдайлар жасалуда. Сол үшін де айтар алғысымыз шексіз,-дейді қала тұрғындары.
Шынында да тек қала ішінде ғана емес, аудан бойынша абаттандыру жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы Нарын, Бидайық, Баршатас, Ескі Майлин ауылдық округтері жарықтандырылған болатын. Биыл жыл аяғына дейін Мәдениет, Бидайық, Қосағаш, Малкелді ауылдары және Малтүгел елді мекендеріне жарық бағандары орнатылмақ. Аягөз қаласының Ғаббасов, Сейфуллин, Әуезов, Гагарин көшелеріне энергия үнемдеуші жарық бағандары қойылды. Сондай-ақ ет комбинаты аумағына электр беру желілері тартылып, трансформатор подстанциясының құрылысына қаражат қарастырылған. Биыл Ақтоғай кенті және Тарлаулы ауылдық округінде және Аягөз қаласының бірқатар көшелерінің аулаларына балалар ойын алаңдары мен тренажерлер салуға қаражат қарастырылыпты. Бұған қоса қаладағы бес балалар ойын алаңына резина төсеніштері орнатылып жатқанын көз көрді. Қаланың Абай бульвары, Шәкәрім және Уәлиханов көшелерінде тротуарлар жасалып, Б. Момышұлы көшесіне бетон құймаларын, Тәңірбергенов көшесіне бетон қоршаулар және Әуезов көшесіне бетон су ағарларын орнатуға қаражат бөлінген көрінеді. Бір қуанарлығы, тек аудан орталығына ғана емес, Ақтоғай кенті мен ауылдық округтердегі мәселелердің шешілуіне де назар аударылған. «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы арқылы 17 ауылдық округке қаражат бөлініп отыр. Абаттандырумен бірге ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де бірге жүріп келеді.

Сүлейменовтің жүлдесі үшін бокс турнирі өтті
Инсульт орталығы жұмысын бастады
Облыс әкімі Даниал Ахметов бокстан Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Сыртқы істер министрі, Шығыс Қазақстан облысы мен Аягөз ауданының Құрметті азаматы Төлеутай Сүлейменовтің жүлдесіне арналған халықаралық турнирдің ашылу салтанатына қатысып, жас спортшыларға табыс тіледі.
-Жалпы, облысымыздың спорты әлемге әйгілі. Қандай да бір дүниежүзілік сайыстардан біздің өрендер жүлдесіз қайтқан емес. Бұл – баршамыз үшін зор мақтаныш. Бүгін бәріміз де табан тіреп тұрған Аягөзде де спорт дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі Төлеутай Сүлейменовтің жүлдесі үшін болып жатқан бокс сайысында тек мықты спортшылар жеңіске жетсін деген тілегім бар, – деді облыс басшысы. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді мемлекеттерден келген жас былғары қолғап шеберлері шаршы алаңда сайыс жолына шықты. Жиыны 174 жас боксшылар бірнеше салмақ бойынша тиісті жүлделерді сарапқа салды.
Халықаралық турнирге басты демеуші болып отырған Төлеутай ағамыз – туған өлкесінде де аса сыйлы азамат. Төлеутай Ысқақұлы осыған дейін де Аягөзге құны 13 млн. теңге тұратын спорт алаңын салып берген болатын. Осыдан бірер жыл бұрын Аягөз спорт мектебіне автобус та сыйға тартқан адам. Жалпы алғанда, Төлеутай Ысқақұлы туған жеріне бүгінге дейін 100 млн. теңгенің үстінде көмек көрсеткен жан.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайында жас ақындардың «Туған жер-тұғырым» тақырыбында республикалық айтысы өтіп, алаңдағы сахнада өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт болды. Есімі елге мәлім жерлестеріміз Ерлан Рысқали, Жанас Бекентұровқа «Аягөз ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Осылайша, Аягөз халқы осы өңірден түлеп ұшқан таланттардың басын қосып, олардың өнерлеріне тағы бір бас иді. Белгілі киноактер Димаш Ахимов, әншілер Толқын Забирова, Ерлан Рысқали, Жанас Бекентұров, Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Мейір Қайрат, тағы басқа өнер шеберлері жерлестері алдында өз өнерлерін ортаға салды. Жалпы алғанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен мерекелік іс-шара жиылған жұртты өз құндылықтарымызды әспеттеуге шақырғаны ақиқат.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button