Денсаулық сақтау

Инновациялық тәсілмен ота жасалды

Инновациялық тәсілмен ота жасалды


Ақжолтай хабар Семейдегі мемлекеттік медицина университетінен жетті. Мұндағы университеттік госпитальдің нейрохирургия бөлімінде күрделі ота жасалды. Атап айтқанда, мойын омыртқасының айналмалы жабық жарақаты жағдайында артқы окципитоспондилодез операциясы жүргізілді.

Бұл – сүйектердің байланыстыратын әлсізденген бөлігін, желке сүйектері мен жоғарғы мойын омыртқасын бір-біріне бекіту арқылы жүргізілетін, технологиялық жағынан күрделі ота. Аталмыш операция нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Алтай Культумановтың жетекшілігімен өтті. Оның барысын мамандар рентген қондырғысымен қадағалады. Науқастың жасы – 24-те. Ол жантүршігерлік жол апатынан аман қалған. Апат кезінде оның қолында кішкентай бала болған екен. Алайда оның өмірі сол сәтте қиылыпты.

Оқыс оқиғаның салдарынан азаматшаның бірнеше жерінен қабырғасы сынып, жамбас сүйегіне айтарлықтай зақым келген. Тиісті шаралардың нәтижесінде үшінші әрі төртінші мойын омыртқалары желке сүйегінің қос тұсынан бекітілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлықтай дейді дәрігерлер. Он тәуліктен кейін жіптер алынып, емделуші оңалту кезеңінен өтеді. Мұндай операция түрін университет дәрігерлері осыған дейін де қолға алған. Еске сала кетейік, осының алдында семейлік нейрохирургтер аттан құлап, мойын омыртқасын жарақаттаған егде жастағы ер-азаматқа, сол секілді ұқсас диагнозбен тағы бір жас жігітке күрделі ота жүргізген-ді. Жоғары технологиялық медициналық көмектің бұл түрі Қазақстанда енгізілгеніне көп уақыт болған жоқ. Тың әдісті қызмет тек Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында, сондай-ақ Алматы және Қарағанды да көрсетіліп келеді.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button