Денсаулық сақтау

Індеттен қорғаудың жалғыз жолы

Вакцина салу науқаны басталғалы Өскемен мен Семей қалаларында барлығы 850 адам коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Облыс орталығында ковидке қарсы екпені үш медициналық ұйымның екпе кабинеттерінде салып жатыр. Солардың бірі – №1 қалалық емханасы, осы жолы біз аталмыш медициналық ұйымда болып, вакцина алып жатқандармен тілдескен едік.

Терапия бөлімшесінің меңгерушісі, жалпы практика дәрігері Гүлнәзиз Шарипованың айтуынша, бірінші ақпаннан бастап сексеннен астам медициналық қызметкерге екпе салыныпты. Осы емхананың қызметкерлерінен басқа облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың (бұрынғы бірінші қалалық аурухана) мамандары, облыстық аурухананың ұжымы ұйымдасқан түрде келіп, вакцина алуда.

COVID-19 вирусына қарсы екпе алғаш рет салынып тұрғандықтан, барлық сақтық шараларын орындап отырмыз.  Келушілерді терапевт-дәрігер мұқият тексеріп, қан қысымы, сатурациясы мен дене қызуын өлшейді. Дәл осы сәтте тұмауратып жүрсе, не болмаса созылмалы дерттері асқынып тұрса, ондай адамдарға жазылғанша вакцина алуға болмайды.  Екпе салғанда қарсы реакциялар бола қалса, алғашқы дәрігерлік көмектің барлығы әзір, шокқа қарсы препараттар дайын. Бүгінге дейін кері әсер берген жағдайлар кездескен жоқ, – деді Гүлнәзиз Шарипова.

Бөлімше меңгерушісі алғашқы күні жиырма адамға екпе салынса, қазір күніне он адамнан жоспарлап отырғандарын жеткізді. Вакцина алғандардың мәліметтері базаға енгізіліп, емхананың дәрігерлері олардың жағдайын үш күн бойы телефон шалу арқылы бақылап отырады.

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықтың медбикесі Жанар Мұхамедиева – өз еркімен вакцина салғызуға келгендердің бірі.

Мен вакцина алу керек деп ойлаймын. Өзім – медикпін, күнделікті көп кісімен араласамын. Өзімді, отбасымды осы індеттен қорғаудың бүгінде жалғыз жолы – осы екпені салғызу. Осы салада он бес жылдан бері істеп келемін. Жалпы, вакцинация тақырыбына менің көзқарасым оң. Балаларды күнтізбеде бекітілген екпелерден ешқашан қалдырып көрген емеспін. Бойдағы күдік пен үрейді жеңе білу керек. Менде ешқандай қорқыныш болған жоқ, – деп бөлісті бізбен Жанар. Сол жерде отырған, аталған орталықтың тағы бір санитары мен медбикесі де коронавирусқа қарсы екпені тиімді санайтындарын жасырмады. Біз осы емханада Зайсан ауданынан келген медбикелерді жолықтырдық. Зайсандық мамандар екпе салудың қыр-сырын үйреніп, өз көздерімен көру үшін келіпті.

Біздің емхана орталықтандырылған, сол себепті екпе салудан басқа аудандар мен шағын қалалардың медициналық қызметкерлерін де оқытып жатырмыз, – деп сөзге араласты Гүлнәзиз Шарипова. – Кеше медиктер Риддерден келсе, ертең алтайлықтарды тосып отырмыз. Бұл вакцинаны салудың басқа екпелерден айырмашылығы жоқ. Дегенмен әлі аз зерттелгендіктен, сенімсіздік танытатындар кездеседі. Сол себепті біз тәжірибемізбен бөлісіп, аудандық әріптестерімізге қыр-сырын үйретуді жөн көрдік. Препараттың сақталуынан бастап, қалай қолдану керек, қай жерге салу керек, кері әсер берсе, алғашқы медициналық көмек қандай деген сияқты сұрақтардың бәріне жауап береміз.

Аудандық медиктер тәжірибе жинақтау мәселесін облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы шешеді екен. Зайсандық медбике Сандуғаш Қаңтарбаева вакцинация мәселесін аудан әкімі өзінің тікелей қадағалауына алғанын айтады.

Ауданда екпе салу науқанына дайындық қатты жүріп жатыр, әкіміміздің өзі бақылауына алған. Бірақ интернеттің жылдамдығы тым нашар болғандықтан, компьютерлік бағдарламаларды енгізу қиындау болатын сияқты, – деген күдігін айтты Сандуғаш.

Ол екпе кабинетінде жүргізілуге тиіс деректерді жинайтын бағдарламаның өздерінде әлі қосылмағанын жасырмай айтты.

Сол себепті ноутбугімізді арқалап, флешкамен келдік. Бәрін көшіріп алып, өзімізде орнатамыз. Бірақ интернет өте нашар, қалай жұмыс істейтінін алда көрерміз, – дейді медбике.

Зайсандық медиктер қазір еңбек ұжымдарын аралап, брошюралар таратып, халыққа вакцина салғызудың тиімділігін насихаттап жүр. Сандуғаш Мамырқызының айтысына қарағанда, қарапайым тұрғындарды қойып, медициналық қызметкерлердің өздері сенімсіздікпен қарайды екен.

Жасыратыны жоқ, дәл бүгінгі күні тек үш-ақ медик ерікті түрде екпе алғызамыз деп жазылды. Ауданда вакцинацияны ақпанның он бесінде бастаймыз деп жоспарлап отыр. Қалай боларын уақыт көрсетеді, – дейді Сандуғаш Қаңтарбаева.

Бір құтыдағы препарат бес адамға салынатынын ескерсек, зайсандықтардың арасынан тағы екі медик ерікті түрде қосылуы керек. Әйтпесе қымбат дәрі ысырап болуы мүмкін.

Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасында аудандарда вакцинация науқаны қашан басталатыны әзірге белгісіз деді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button