Иесіз үйде біреу жүретін
Алтайдың күнгейіндегі Ақтомар жайлауында он шақты адам маралдың жемшөбін дайындауға кіріскен. Жайлаудың жазы жаңбырлы, найзағайлы. Қара бұлт үнемі түнеріп тұратын. Күн көзі будақ-будақ бұлттың арғы жағынан жылт етіп анда-санда бір шығатын. Ол жаққа салт атпен, болмаса, жол таңдамайтын көлік мініп жетпесең ой-қыры көп.
Бір топ жұмысшының таңның атысынан кештің батысына дейін қолдарынан айыр-тырмалары түспейді. Кешкілік керзі етіктерін сүйрете басып бөренеден қиып салынған лашыққа жетеді. Ол үй ұзақ жылдар қаңырап иесіз тұрған сияқты. Жаз кезінде ғана он шақты күнге маралшылар мен шөпшілер келіп тұрақтайтын. Жайлауда осындай үш-төрт лашық үй бар. Шөпшілер өзгелерден алшақтау тұрған екі бөлмелісіне қоныстанған. Терезесінің көздері жоқ, үңірейіп-үңірейіп сұсты көрінеді. Қара бұлт та сол үйдің үстіне келіп үйірілетіндей көрінеді. Кезінде қызыл қарағайлы үй болғанымен, бұл күндері қабырғаларына су сіңіп қарайыңқырап кеткен. Тұрған жері де жынысты қарағайдың күнбатыс жағында.
Шөпшілер бүгін де күндегідей кешкі астарына жайғасты. Қызу әңгіме, күндізгі шаршап-шалдығу ыстық сорпа ішіп, жас малдың етін жегеннен кейін термен бірге шығып кеткендей, бойлары жадырап сала берді. Бәрі көңілді. Астан кейін қарағай тақтайдан жасалған үстел үстіндегі ыдыс-аяқты бір жағына ысырып қойды да, айнала отырып карта ойнауға кірісті. Ортада сығырайып жанған жалғыз майшам үй ішін ала-көлеңкелеп тұр. Бір сәт ырду-дырду әңгіме, күлкі сап тыйылып, тыныштық орнай қалды. Жаңбырдың тырс-тырс тамшылары ғана тыныштықты бұзып тұрғандай. Сол-ақ екен, үстелдің астынан әлдекім тоқпақтап ұра жөнелді… Ыдыс-аяқ салдыр-гүлдір әрлі-берлі көше бастады. Бәрі жапа-тармағай сыртқы есікке жүгірді. Үй іші қайта жым-жырт күйде. Біраз уақыттан кейін үстел үстіндегі заттар тылсым күштің әсерінен қайта қозғала бастады. Өз көздеріне өздері сенер емес. Ыдыс-аяқтың қозғалғаны былай тұрсын, еденді сықырлатып әрлі-берлі жүрген аяқ дыбысы естілгенде зәрелері зәр түбіне кеткендей, көздері шараларынан шығып кеткен. Бір уақытта тыныштық орнады. Шөпшілер үйге кіруге жүрексінді ме, тыста күбірлесіп жүріп алды.
Сібірлеп жауған жаңбыр аздап толастады. Далада түнейтін емес, бірінің соңынан бірі жайлап үйге кіре бастады. Тәубелеріне түскендей, қаз-қатар тізіліп жерге салынған көрпешелерге жата кетті. Бір-біріне: – Ол не екен? – деп жауапсыз сұрақты жаудырып жатыр. – Мүмкін карта ойнағанымыз жақпады ма, әлде ғайбат сөз айтып қойдық па? Әрқайсысы іштей сан түрлі сауалдың жауабын іздеуде. Көздері ілінер емес. Ұйқысыз жатқанда ағарып таң да атып келе жатты. Үлкендерінің аузынан «бісмілләсі» түспеді.
Бұл жағдай күнде қайталанды. Бірақ бірінші күндегідей емес, ұзаққа созылмайды. Шөпші жігіттердің еттері үйренісіп те кетті. Алғашқыдай емес, аса мән бермейтін болды. Бірақ жалғыз адам күндіз де үйге кіруге жүрексінетін еді.
Мерей Қайнарұлы