Технология

Хирург робот

Ынтымақ ТОЛҚЫН 

Заманауи технологиялардың легі медицина саласында да қарқынды дамыған. Intuitive компаниясы ұсынған соңғы үлгідегі Da Vinchi Xi роботы хирургтардың жұмысын жеңілдетуде. Бұл робот хирургия саласын жаңа кезеңге шығарады деген болжам бар.

Адам өмірін сақтап қалуда дәрігерлердің еңбегі орасан. Алайда кейде адамның мүмкіндіктері шектеулі кездер болады. Әсіресе қателікті кешірмейтін медицина саласында ондай олқылықтарға орын жоқ. Ондайда озық технология дәрігердің көмекшісіне айналады. Американың Intuitive компаниясы жасаған Da Vinchi Xi роботы – дәл сондай көмекшінің бірі.

Хирургтің қолы, көзі һәм құлағына айналатын роботтың ең басты ерекшелігі – асқан дәлдікпен ота жасауында. Ғылымның соңғы жетістіктері топтастырылған құлтемір әлем назарын өзіне аударған.

Робот үш бөліктен тұрады. Хирургтің жұмыс орны, науқастың жатар жері және бағдарламалық бөлім. Дәрігердің консолі хирург үшін барлық жағынан ыңғайлы жасалған. Тіпті робот арқылы ота жасайтын әр дәрігердің өзі қалаған баптаулары жеке-жеке сақталады. Операция жасар алдында өзіңізге ыңғайлап жасаған баптауыңызды таңдасаңыз болғаны, ақылды техника лезде қалауыңыз бойынша жұмысқа әзір болады. Хирург ота барысын 3D және HD форматта бақылайды.

Роботтың келесі бөлімі – науқастың жатар орны. Бұл бөлім дәрігерлер сұрауы бойынша барынша қолайлы жасалған. Кейде операция барысында науқасты ары бері қозғап, орнын ауыстыруға тура келеді. Ондай жағдай хирург жұмысына кедергісін келтіретіні ескеріліп, консолге жаңа қызмет енгізілген. Хирург жасалатын ота түрін бір батырма арқылы таңдаса болғаны, робот автоматты түрде науқасты операцияға ыңғайлап жатқызады. Ал роботтың қолдары дәрігердің ешкімге тәуелді болмауын қамтамасыз етеді. Ал басқару бөлімінде роботтың жүрегі орналасқан.

Бұл роботтармен әлемнің ірі-ірі ауруханалары жабдықталған.

 

Осы айдарда

Back to top button