Халықтың әлеуметтік жағдайына баса назар аударылған
Ерлан Бапанов, Тарбағатай
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл күздегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру үшін айқындалған негізгі бағыттармен бірге, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға баса назар аударылды.
Жолдауда көрініс тапқан ауқымды реформалар, оның ішінде зейнетақы және білім беру жүйесі, төменгі жалақы деңгейін көтеру, медициналық қызмет, жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау, Ұлттық қор табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару және басқа да мәселелер бойынша шешімдер Тарбағатай ауданы тұрғындарының көңілінен шығып отыр. Мысалға, еліміздегі ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мыңға дейін көтеру 1,8 миллион азаматтың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететіні анық.
Ең бастысы, Жолдауда айтылғандай, халықтың әлеуметтік жағдайы мемлекеттің басты назарында қала бермек. Айтылған жайттардың түп мақсаты – жұрттың тұрмысын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Бұл қазіргі қалыптасып отырған күрделі кезеңде болашаққа деген сенімді нықтайды.
Жуырда Президент жолдауы Тарбағатай ауданы әкімдігінің қабырғасында аудан активімен жан-жақты талқыланды. Оған аудан әкімі Дархан Жөргекбаев, аудандық дербес бөлім басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, ақсақалдар алқасының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары қатысты.
Аудан әкімі Д.Жөргекбаев Жолдаудың өзегіндегі мақсат-міндеттерді ауданның әр саласында атқарылатын шаруалармен байланыстыра сөз етті. Қоғам белсендісі, Төлеген Қалимажан Жолдаудың саяси маңыздылығын тарқатып айтса, Абай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әсел Мұхтарқызы Жолдаудағы білім беруге қатысты ілкімді тұстарына тоқталды.
Жиынға қатысушылар айтылған пікірлер әрқилы болғанымен, ел мүддесі ортақ, сондықтан әркім өз саласының кәсіби шыңына шығып, аянбай еңбек етуі керектігін атап өтті. Аудан тұрғындарына Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау үшін ақпараттық-насихат топ құрылып, ауыл-ауылда халықпен кездесулер өткізген.