Халықпен кездеспек
Айна Ескенқызы
Халықты неғұрлым жан-жақты ақпараттандыру үшін өңірдің барлық ауданында денсаулық сақтау басқармасы, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы, аудан (қала/облыс) әкімі өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының облыс бойынша филиалы өкілдері және медицина мекемелері бас дәрігерлерінің қатысуымен есептік кездесулер науқаны басталды.
Ұйымдастырушылар бұл шара жергілікті атқарушы органдардың медициналық сақтандыру қорымен нақты жұмысы мен өзара іс-қимылын бағалауға, проблемаларды анықтауға және оларды шешуге мүмкіндік береді деген пікірде.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, қаржыландыру және МӘМС жүйесіне тарту мәселелері бойынша халықпен есептік кездесулер 23 қараша мен 15 желтоқсан аралығында өтеді. Алғашқы жүздесулер Ұлан мен Глубокое аудандарының тұрғындарымен ұйымдастырылды.
Халықпен кездесудің алдын ала кестесі:
7-9 желтоқсан – Самар ауданы;
7-9 желтоқсан – Күршім ауданы (Күршім және Марқакөл ауылдары);
7-9 желтоқсан – Зайсан ауданы;
7-9 желтоқсан – Тарбағатай ауданы (Ақжар ауылы);
13-15 желтоқсан – Алтай ауданы, Алтай және Серебрянка қалалары;
13-15 желтоқсан – Катонқарағай ауданы (Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдары);
Қараша және желтоқсан – Өскемен қаласы.
Жергілікті жерлерде кездесуді әкімдіктер ұйымдастырады, сондықтан тұрғындар кездесу орны мен уақытын жергілікті атқарушы органдардан анықтай алады.
- Кестеде ауа райының қолайсыздығына байланысты өзгерістер болуы мүмкін екенін ескертеміз. Аяз немесе жолдардың жабылуынан кездесулер басқа күндерге ауыстырылуы мүмкін, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметінде.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 308 мың адам сақтандырылды. Өңірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен 132 мыңнан астам адам тыс қалып отыр. Әрине, оларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакетінде алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Бірақ МӘМС-тегі сақтандыру мәртебесі медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынады, оған бейінді дәрігерлердің консультациясы, түрлі талдаулар мен диагностикалық тексерулер, жоспарлы госпитализация, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық көмекті қолдану арқылы емдеу, аурулардың алдын алу және диагностикалау және тағы басқа қызметтер кіреді. Сол себепті сақтандырылған мәртебесіне қол жеткізу оның қатысушысына өте тиімді екенін естен шығармаған дұрыс.
ӘМСҚ облыстық филиалының директоры Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, өңірде медициналық сақтандыру қоры МСАК-тың 25 жеткізушісімен, оның ішінде 16 мемлекеттік ұйым және тоғыз жекеменшік ұйыммен шартқа отырған. Облыстық электронды денсаулық сақтауды тіркеу орталығы филиалының деректері бойынша 737 714 шығысқазақстандық медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарына тіркелген.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 15 қыркүйегі мен 15 қарашасы аралығында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына еркін тіркелу науқаны өтті.