Құқық

«Халық заңгері» тегін кеңес береді

16 қыркүйек күні жергілікті уақытпен сағат 16.00-де Қазақстанның барлық ірі қалаларында «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы басталады. Ауқымды іс-шараға Өскемен қаласы да қатысады.

Акцияның мақсаты – халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң жөнінен тегін көмек көрсету. Осы күні кез келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы ең үздік өкілдерден қажетті кеңестерін тегін ала алады. Олардың арасында белгілі адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот  орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары бар.

– «Халық заңгері» акциясын өткізу жақсы дәстүрге айналды және қарапайым қазақстандықтар алғысын білдіруде. 2016-2019 жылдар аралығында акцияға жеті мыңнан астам үздік сарапшылар мен мемлекеттік органдардың шешім қабылдай алатын құзыретке ие өкілдері қатысты. Құқықтық көмекке жүгінген 100 мыңнан астам азамат кеңес алды.

Карантиндік шектеулер енгізілген кезеңде «Халық заңгерін» өткізу тоқтатылған болатын. 2022 жылы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпқа келуіне байланысты осы әлеуметтік маңызы бар іс-шараны қайта бастау туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті акцияны ұйымдастырушылардың бірі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіндегілер.

Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, акция ауқымы мен географиясы бойынша Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ әлемде теңдесі жоқ іс-шара екен.

Өскемен қаласында «Халық заңгері» С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Қазақстан көшесі, 55 үйде орналасқан ғимаратында өтеді.

 Кәмал Естай

 

Осы айдарда

Back to top button