Мемлекеттік қызмет

Халық пен билік бір ұғым

Бүгінгі Қазақстанның қоғамы қаншалықты біртұтас? Мемлекет бір болғанымен халық пен биліктің арасы неге алшақтап бара жатыр? Осы және өзге де сұрақтар көпшілік қазақстандықтың көкейінде жүргені анық.

Елімізде барлық құқықтық мемлекеттерге сай Конституцияның алатын орны ерекше. Конституция – мемлекетіміздегі басты құндылықтарды айқындап қана қоймай, барлық құқықтық қатынастар мен кепілдемелердің негізін қалайтын басты құжат. Ел ішінде қарапайым тілде Ата Заң деп аталып кетуінің өзі ұлы мәртебесін анықтап тұрғандай.

Ата Заңымызда еліміздегі биліктің бірден-бір бастауы  халық екені, сондай-ақ биліктің тармақтары айқандалып, халықтың тарапынан оларға сеніп тапсырылған өкілеттіктер де жіктелген.

Күні кеше өткен сайлауда халық, демократиялық жолмен өз таңдауын жасады. Яғни, Конституцияның кепілі саналатын, халықтың сенімін арқалаған Президентіміз енді реформалық процестердің барлығын халықтың үніне сай іске асыруға, тиісті нормалардың үстемдігін айғақтауға міндетті екені анық. «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас», Мемлекет басшысының жанына топтасып, аманаттың ауыртпалығын бірге көтеретін мемлекеттік аппарат.

Бәрін айт та, бірін айт демекші, Конституцияның 33-бабында көрсетілген кепілді шарттардың бірі –  барлық азаматтың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу мәселесіне тоқталғанды жөн көріп отырмын. Барлық салалар секілді мемлекеттік қызмет саласындағы заңдар да Ата Заңымызға тәуелді, һәм бағынады.

Мемлекеттік қызметшіге қандай талаптар қойылады?

Былай қарағанда, билік органдарына, яғни мемлекеттік органдарға, оның ішінде орталық, жергілікті атқарушы органдарға орналасуға әркімнің қолы жете бермейтіндей көрінуі мүмкін. Халық ішінде мемлекеттік қызмет саласын белгілі бір тұлғалардың ғана қолы жететін, ішінде бір-бірімен біте қайнасып жатқан жабық сала ретінде санайтын пікір де жоқ емес. Шын мәнінде, олай деуге келмес. Себебі Ата Заңымыздың жоғарыда аталған бабымен республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар екені тас түйін көрсетілген. Мемлекеттік қызметші лауазымына үміткерге қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болатыны және заңмен белгіленетіні айқындалған. Расында да, тиісті органдарда халықтың атынан билік функцияларын жүзеге асыру үшін, шешімдерді әзірлеп-қабылдау үшін белгілі деңгейде білім-дағдысы мен тәжірибесі бар азаматтардың болғаны логикалық тұрғыдан да ойға қонымды.

Осы орайда, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейтіні нақтыланған.

Мемлекеттік қызметке тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелетін лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілеті бар  республика азаматтары кіре алады.

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтегі төменгі лауазымдарды атқаруға минималды талаптар ғана қойылады. Мәселен, ауылдық округ әкімдері аппараттарындағы жетекші, бас маман лауазымдарына орта кәсіптік біліммен және тәжірибесі болмаса орналасуға мүмкіндік бар. Ал аудан және облыс деңгейінде жетекші, бас маман лауазымдарына орналасуға жоғары білімің ғана жеткілікті. Одан әрі қарай еңбек тәжірибең көбейген сайын қызметте сатылап өсуге мүмкіндік бар. Ең әуелі айқын мақсат пен қайрат-жігер, адал еңбекке деген берік ұстаным болса жеткілікті.

Мәселен, кейінгі бес жылды қарайтын болсақ, облыс бойынша мемлекеттік қызметке жаңадан 4410 азамат қабылданған (2017 ж – 1036, 2018 ж – 1052, 2019 ж – 689, 2020 ж – 867, 2021 ж -766 адам). Оның 53%-ы мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтар.

Қазіргі таңда облысымызда 3586 мемлекеттік қызметші болса, олардың арасында 18 түрлі ұлттың өкілдері қызмет етеді, 17%-ы жастар, ал барлық қызметшілердің 69%-ы – әйелдер. Сондай-ақ қызметін тиісті деңгейде атқаруға кедергі келтірмейтіндей денсаулық жағдайы бар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санатына жататын 25 адам нәтижелі еңбек етіп жүр.

Білімі жағынан қарайтын болсақ, қызметшілердің 91%-ның жоғары білімі бар, 24%-ның бірнеше жоғары білімі бар, төрт қызметшінің ғылыми дәрежесі болса, 141-нің магистр дәрежесі бар. Бұл сандар негізінен мемлекеттік қызмет саласының сапалық деңгейін де анықтап тұр. Бұл жай ғана сандық көрсеткіштер емес, бұл Ата Заңымыздағы кепілді қолжетімділіктің көрінісі.

Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметке орналасудың басты критерийі – конкурстық іріктеуде білімің мен тұлғалық қасиеттеріңді көрсете алу. Мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдету тұрғысынан алға қойылған ендігі міндеттер төменгі лауазымдарға орналасуды тіпті оңайлатпақ. Ол үшін тиісті білімің мен ұлтқа қызмет етуге деген құштарлығың ғана қажет.

Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі –  азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi, яки бұл саланы таңдау еркі әр азаматтың еншісінде. Қазір өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің орташа мемлекеттік қызмет өтілі – 11,5 жыл. Демек, салаға тән жоғары жауапкершілік, кейбір құқықтық шектеулер, үнемі бақылауда болу мен есеп беру сияқты жұмыс ерекшеліктерінің бар болуына қарамастан мемлекеттік қызметтегі азаматтардың басым бөлігі ерікті түрде таңдау жасағандар деуге болады.

Сын түзелмей, мін түзелмейді

Сын айтылуы тиіс. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сынның да орынды, сыңдарлы айтылуы маңызды. Өкінішке қарай, қоғамда биліктегілерді бір жаққа, халықты екінші жаққа қойып, араға жік салып, сына қағушылар жоқ емес. Әсіресе интернет пен әлеуметтік желіні пайдаланып, жауапсыз еріктілікке бой алдырып, билікте жүріп қара басын ғана ойлайтын бірен-сараң арсыздың қатарына ұлтына адал қызмет еткен адамдарды қойып, көпке топырақ шашу дұрыс емес. Ақ пен қараны ажыратпай, көпе-көрінеу күйе жағу – әділетсіздік. Бұндай көзқарас елім деп жүрген ердің де сағын сындырады. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» дегендей, өз халқының қолдауынсыз мемлекеттік қызметте де лайықты азаматтар тапшы болмақ.

Расында, елдің дамуымен қатар, оның имиджіне де кері әсерін тигізетін сыбайлас жемқорлықты қоғам бүгінде тек мемлекеттік қызметшілермен байланыстыруда. Қоғамда мемлекеттік қызметшіні бейәдеп мінез-құлық танытатын, халқына жаны ашымайтын тоңмойын адам ретінде көрсетуді жөн санайтындар да жоқ емес. Алайда елімізде сыбайлас жемқорлық қылмыстары бизнес, квазимемлекеттік сектордың өкілдері мен жеке азаматтардың да тарапынан жасалуда. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада келтірілген көрсеткіштерге жүгінсек, 2021 жылы республика бойынша сыбайлас жемқорлық әрекетке барғаны үшін 892 адам сотталған. Олардың 227-сі немесе 25%-ы арнайы органдар мен құқық қорғау және сот органдарының өкілдері. Ал 219-ы немесе 24%-ы әкімшілік пен министрлікке қарасты мемлекеттік қызметшілер. Бұл республика бойынша осы салада қызмет ететін барлық 88 321 мемлекеттік қызметшінің 0,24%-ы ғана. Яғни жоғарыда көрсетілген сотты болғандардың тең жартысы қоғамның өзге секторының өкілдері.

Облысымызда 2021 жылы осындай қылмысы үшін сотталған мемлекеттік қызметшілердің саны бесеу болса, өткен жылдың тоғыз айында 14 қызметші сотты болған. Бұл өңірдегі жалпы қызметшілердің 0,35%-на тең.

Ал мемлекеттік қызметшіге тән емес бейәдепсіз қылыққа келер болсақ, өңірімізде жыл басынан бері барлығы алты қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаса, тоғыз қызметші қызметтік әдепсіздік танытқан. Бұл барлық 4 мыңға жуық қызметшінің 0,37%-ы. Жыл сайынғы көрсеткіштің осы межеден аспайтындығын ескерсек, мемлекеттік қызметшілердің адалдығына күмән келтіру қисынсыздау. Бірақ әлбетте мемлекеттік қызметшінің адал, әдепті болуы ғана жеткіліксіз, ол өз қызметін сапалы, тиімді әрі кәсібилікпен атқара білуі керек.

Президентіміз айтқандай мемлекеттік қызмет қара бастың қамын күйттейтін жер емес, елдің қамын ойлап, жұртпен жұмыла әрекет ететін жауапты жұмыс орны. Сондықтан мемлекеттік қызметшіге тән мінез де ауадай қажет. Бұл мінез азаматтармен қарым-қатынаста көркем, ал ұлт мүддесін қорғау ісінде мызғымас рухты болуы тиіс.

«Әрбір халық өз билеушісіне лайық» деген халық даналығын еске түсірсек, қоғамдағы өзгерістерге тұтас қоғам жауапты екенін мойындау қажет. Мемлекеттік биліктің басы-қасында жүрген адамдар өзге планеталықтар емес, өз қоғамымыздан, ортамыздан шыққан. Бүгінгі оқушы, ертеңгі студент, арғы күні жас маман, әріде жас ұрпақты жетелеп, тәрбиелеуші азамат. Яғни, бүгінгі мемлекеттік қызметші, кешегі қоғам тәрбиелеп өсірген тұлға. Сондықтан ұлтын сүйген, елінің дұрыс дамуын қалайтын әрбір саналы азамат төскейде жатып сыншыл болмай, сыннан іске көшіп мемлекеттік басқару ісіне атсалысқаны абзал.

Мемлекетіміз бір болған соң, халық билігі мен мемлекеттік билік – біртұтас ұғым. Мемлекеттік органдарға халық арасынан сайланатын, іріктеп тағайындалатын лайықты азаматтардың келуіне себепші болатын кез жетті. Талаптанғанға еліміздегі мемлекеттік қызметтің есігі айқара ашық.

Н.Еркебаев,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Шығыс Қазақстан облысы бойынша

департаментінің басшысы

 

Осы айдарда

Back to top button