Тарих

Халық жауының қызы

Журналистердің өмірінде мұндай жағдайлар сирек болса да кездесіп тұратындығын қалам ұстаған қауым жақсы біледі. Өзіңнің кейбір кейіпкеріңмен туысыңдай араласып, етене жақын болып кетеді екенсің. Сондай адамның бірі – менің Роза апайым. Жуықта оның қызы, ғылым кандидаты, үлкен лауазымды қызметтегі Балжан қарындасым «Қызыл қырғынның құрбаны болған, Риддердің «Жұмысшы» газетінің бас редакторы Мақсұт Тайшыбайұлы (1904 – 1938)» деген жазуы бар ескерткіш-құлпытастың суретін жіберіпті. «Мамам папасына жасатқан осы құлпытасты Жаңалық ауылындағы саяси-қуғын-сүргін құрбандары құрметіне арнайы ашылған Мемориал қабырғасының жанына 15 қазан күні орнатқыздық. Көптен бері ойы күпті болып жүрген әжесінің тілегін немересі Әлен жүзеге асырған соң мамамның көңілі жайланды. Бұған дейін жай барып жүрсек, енді атамның өзінің рухына тағзым етіп, құран бағыштап жүретін болдық» деп бір ауыз хат жазып жіберіпті. Міне, осы құлпытас пен Балжанның бір ауыз сөзі менің жадымды жиырма жылдай кейін шегеріп, сол кезеңнің оқиғаларына қайтадан алып келгендей болды…

***

1931 жылғы қазанда ірі өндіріс орталығы Риддер қаласында жарық көрген «Жұмысшы» газетінің  бүгінгі мұрагері –  облыстық «Дидар» газеті. Өзім осында қызмет еткендіктен тоқсан жылға жуық тарихы бар басылымның тұңғыш редакторы жайлы мұрағаттарда сақталған деректерді жинақтап жүретінмін. Түрлі деңгейдегі архивтерден, басылым беттерінен білгенім – Солтүстік Қазақстанның Қорғалжын ауылында туған Мақсұттың әкесі өз заманының беделді, ауқатты байы, сөзі дуалы болысы, биі болған екен. Қорғалжын маңында «Тайшыбай көлі» деген көл әлі бар көрінеді. Алайда әкеден ертерек, бес жасында айырылған Мақсұт Ақмола балалар үйінде тәрбиеленеді. Ерте хат таныған, совет-партия мектебін бітіріп, Ақмола қаласы прокурорының көмекшісі болып жүрген еті тірі, өлең, шағын әңгімелер жазып, аударма жұмысымен айналысатын жас жігітті республикалық «Еңбекші қазақ» газетінен екі айлық «сынақтан» өткізіп алып, өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.Голощекиннің   «Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын» деген бұйрығымен (ШҚОМА. Қ-130, т-17) 1931 жылғы 1қыркүйекте еліміздегі аса ірі өндіріс өңірінің бірінен саналатын Риддерге тұңғыш ашылмақ қазақ газетін шығаруға жібереді. Шерияздан Елеукенов ағамыздың бір кітабынан Мақсұттың Мағжан Жұмабаевпен туған бажа болғандығын оқыдым. Қызылжар қаласының атақты байы Шоқан Тастеміровтің үлкен қызы Зейнеп Мағжанның жары болса, кіші қызы Нағимаға Мақсұт үйленген екен.

Біраз материал жинақталды. «Шіркін, енді бұл кісінің туыстары табылса ғой..» деген оймен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына барған бір сапарым табысты болды. Сол жердегі бір құжаттан Мақсұт Тайшыбаевтың ақталу қағазының 1989 жылғы 2 қазанда Алматыда тұратын қызы Роза Мақсұтқызы Тайшыбаева-Сужиковаға жіберілгені жайлы анықтаманы оқыдым. Өте танымал да, таныс фамилия… Кезінде Ақтөбе, Қызылорда, Семей облыстық партия комитеттерін басқарған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып, Министрлер Кеңесінде көп жыл басшылық қызметте істеген Мұхамедғали Әленұлының келіні, Қазақ КСР Ғылым Академиясының Философия және құқық институты директорының орынбасары болып қызмет істеген Марат Мұхамедғалиұлы Сужиковтың жұбайы екендігін сырттай анықтадым. Бұл деректер мені одан сайын қызықтырып, болашақ кейіпкеріме деген ынтамды арттыра түсті. Одан соң алдымен телефон арқылы хабарласып, сәті келген бір күні Кенді Алтайдан Алматыға арнайы келіп, Роза апайдың пәтерінің есігін қаққан едім.

* * *

Асылдың сынығы, тектілердің тұяғы, сол кездері жетпісті алқымдап қалғанымен сыры да, сыны да кетпеген ақша бетін еркінен тыс айғыздай жөнелген көз жасын жібек орамалымен сүрте отырып:

–  Айналайын, осынша жылдардан кейін әкемнің дерегін іздеп ат ізін салған өздеріңе алғысым шексіз, – деп Роза апай өзінің қазына қобдишасынан әкесінің көзіндей сақтап жүрген фотосуретін, екі кітапшасын, журналистік куәлігін көрсетті. Дауылды күнгі толқыған толқындай көңіл-күйі сәл-сәл саябыр тапқан сәтте әңгімеміз өз арнасына түскен еді. Апай өмір жолынан үзік-үзік әңгімелерін  толқи отырып айтты…

– Әкемнен төрт жасқа толар-толмаста қалдым. Мамам бертінге дейін бізге тіс жарып ештеңе айтпады, тіпті әкелерің ұсталды деп те айтқан жоқ, мектеп бітіргенде ғана айтты… Менің естелігім сол кісінің бертінде айтқан әңгімелері ғой, қарағым… Біз бір ұл, екі қыз едік. Бекет бесте, мен үште, Раиса бір жаста болатын. Бір күні түнгі сағат үште папамның НКВД-да істейтін бір жолдасы үйге келіп, мамама «үш балаңды ал да бұл жерден жоғал, сені ұстауға ордер жазылып койды» дейді. Мамам үйдегі барлық суреттерді, әкемнің кейбір қағаздарын отқа жағып, ең қажетті деген бір-екі түйіншегін алып, қашады. Әуелі Семейге келіп, бір-екі ай тұрады. НКВД сезіп қалған соң үш баласын жетелеп Қарағаңдыны паналайды. Одан Ақмолаға кетеді. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, Ақмоланың бір ауданында интернат меңгерушісі болып жұмыс істеп, бізді сонда оқытады.

Бекет ағамды Тайшыбаев деп емес, мамам бауырының атына жаздырған, ол – Әбілқасымов. Сондықтан да соғыстан кейін ол Ташкенттегі КГБ жоғарғы мектебін бітіріп, сонда жұмысқа орналасты. Ол жалақысын жырымдап, алдымен Ақмоладан Ташкентке жібереді. Бекет оны жырымдап бізге салады. Ешкім біліп қоймасын деп өте құпия жіберіліп тұрған сол ақша бізді асырады, аштықтан арашалап отырды.

… Онжылдықты Ақмолада кілең беске бітірдім. Осы күнге дейін есімде, қалалық оку бөлімінің басшысы Байтуғаев деген адам болды. Сол әкем жайлы біледі екен. «Сен бәрібір жоғары оқу орнына түсе алмайсың, саған алтын медальдың қажеті жоқ, одан да басқа біреуге береміз. Сен ренжіме» деді. Ес білгелі алғаш рет естіген аса ауыр сөзім, қатты қорландым. Жылап үйге келдім.

Ауыру шешем басымды тізесіне қойып, «Қызым, жасыма, барлығы да өзіңнің талабыңа байланысты. Әлі де талай құқайды көресің, шыдамды бол. Таныс емес адамдарға сырыңды айтпа. Әкең ерен жақсы адам еді, өмірбаяныңды жасырма» деп басу айтып, әкем жайлы алғаш рет көсіле әңгімеледі.

Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне аттестатымды тапсырғам. Үш емтиханды да «5»-ке тапсырып, қалаған оқуыма түстім ғой деп қуанып жүргенде Тәжібаев деген ректор еді, сол кісі шақырып, қабылдау комиссиясының хатшысы арқылы құжаттарымды қайтарып берді. Айтқаны жалғыз ауыз сөз: «Сіз өте алмайсыз, әкеңіз «халық жауы» екен». Төбемнен жай түскендей болды. Өмірбаяндарыңды жасырмаңдар деп шешемнің айтқаны бар еді, мен «Отец репрессирован в 38-году» деп жазып бергенмін.

Содан істер амалым қайсы, химфакқа өте алмай, есік алдында құжатымды қүшақтап, қиянатқа шыдай алмай өксіп жылап тұрғанмын. Қасыма бір әйел келіп, «Неге жылап тұрсың, қызым?» деді. Мен емтиханның барлығын «5»-ке тапсырсам да «әкең халық жауы» деп оқуға қабылдамай, құжатымды қайтып бергенін өксіп тұрып түсіндірген болдым.

– Сен мені осы арада күт, 15 минутта қайтып ораламын, сосын екеуіміз бір жерге барамыз, – деп әлгі әйел ішке кіріп кетті. Көңілім тағы алабұртып, мүның не ойы бар екен, кетіп қалсам ба екен деп те ойладым. Өйткені шешем «таныс емес адамдарға жолама, сырласпа, ерме» деген.  Сөйтіп, екіұдай ойдың ұшығына жете алмай тұрғанда жаңағы әйел шығып, мені машинасына отырғызып ЖенПИ-ге алып келді. Кейін білдім, бұл кісі Тұрсын Мырзабекова деген ЖенПИ-дің сол кездегі ректоры екен. Содан Тұрсын апай өмірбаяндық құжатымды жыртқызып, өзі айтып отырып қайта жаздырды, әкем ертеректе «қайтыс болған» деп жазғызды.

– Сен қысылма, қалқам. Мен өзім де сондай «халық жауының» әйелімін. Балаларымның барлығын қазіргі екінші күйеуімнің атына жаздырдым. Өмір сүру үшін күресе білу керек, – деп ҚазМУ-ге тапсырған бағалармен қыздар педагогика институтының физика-математика факультетіне қабылдандым. Бұл 1952 жылдың жазы еді.

Мен әкеме ұқсайтын болуым керек, көшеде көріп «Мақсұттың қызымысың?» дегендерден қашатын едім, шынында да халық жауының баласындай тығылып, өгейсіп, бұйығы жүрдім институтта оқыған кезімде де…

Тағдырдың жазуымен 1956 жылғы 25 маусымда мен Сужиковтардың босағасын келін болып аттадым. Қырық жыл тату-тәтті ғұмыр кештік, үш бала сүйдік. Философия ғылымдарының докторы, оншақты ғылыми кітаптың авторы, еліне танымал болған Мәкеңді қайтпас сапарға аттандырғанымызға да көп жылдың жүзі болды. «Әйел адамның ең үлкен міндеті – бала тәрбиесі, сен балаларға көбірек көңіл бөл, менің табысым семьяға жетеді», – деуші еді ол. Қыздарына 4-5 сыныптан бастап «Сендер ағылшын тілін оқыңдар, сол тіл сендердің нандарың болады» дейтін. Үшеуі де ағылшынша оқыды. Біраз жыл бұрын ауыр дерт арамыздан қызымыз Гүлжанды да алып кетті.

– Қуғын-сүргін құрбандары ақталған соң, бой тасалауды қойып, әкеңіз жайлы білетіндерден сұрастырып көрдіңіз бе?

– Әкелерімен бірге жасасқандар, бәлкім, түсіне қоймас. Ал әкелері саналарында сағым болып, көңілдерінде сартап сағыныш қалпында қалған біз сияқтыларға олар жайлы жалқы деректің өзі арман ғой, айналайын. Бірде жазушы Сейітжан Омаров ағамыздың үйінде болғанда «мен сенің әкеңмен қызметтес болдым» дегені бар еді. Сол жолы «қашан, қай жерде?» деп нақты сұрамаппын, соған өкінем. Трамвайда кездескен бір бейтаныс адам мені өзі танып, «сенің әкеңнің көп жазбалары бар, бірақ ол псевдониммен жазған, соның лақап атын ізде» деп еді. Оны қайдан іздерімді білмедім.

Кейінірек әкемнің прокурор болған бір жамағайын інісі «Сен папаңның еңбектерін ізде. Өйткені 17 жасымда, 1937 жылы Мақсұт аға өзі мені Риддерден ертіп әкеліп, Алматыға оқуға түсірген. Сол сапарында өзінің шахтерлер туралы екі том қолжазба кітабын ала келген болатын. Екеуіміз Сәкен Сейфуллиннің үйіне бардық. Ол кісі «мен отзыв жазып берер едім, бірақ қолым тимейді» деп біздің көзімізше телефонмен сөйлесіп, сен Сәбитке бар деп, сол кісіге жіберді. Екеуіміз сол қолжазбаны Сәбит Мұқановқа апарып бердік», – деген еді.

Кейінірек Сәбит ағамен саяжайларымыз көршілес болды. Сонда сәлемдесіп жүріп, ол жайлы сұрауға ұялдым, соған да өкінемін. Сәбең қайтыс болып кеткен соң, мұражайынан, архивінен сұрастырып едім, «ондай ештеңе жоқ» деді.

Сондықтан қолымда, міне, әкемнің өлеңі мен әңгімесі шыққан шығысқазақстандық жазушылардың 1934 жылы жарық көрген шағын екі жинағы, әкемнің аты-жөні жазылған «Қазақ әдебиеті» газетінің бір саны, Мақаш Тәтімовтің «Қазақ әлемі» кітабы мен атылғандардың дерегі бар «Азалы кітаптың» бір томы бар. Әкем жайлы ең бағалы да қымбат қазынам – осы ғана. Енді өздерің газеттің мұражайын ашамыз, жинақ шығарамыз деп жатыр екенсіңдер, Алла разы болсын, істерің оңға бассын, шырағым!..

* * *

Ақ лағылдан қашап құйғандай мәрмәр мүсін. Бойы тіп-тік, өңді, кербез, паң. Өмірдің ащысын да, тұщысын да көрген қоңырқай жанары даналықтың ұясындай мейірімді. Аппақ та нұрлы жүзінен туа біткен тектіліктің тегеуріні аңғарылып тұр.  Роза апайдың өзі де Ғылым академиясының Ядролық физика институтында, Қазақ педагогика институтында, Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу лабораториясында отыз бес жылдай еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан. Қазір сол еңбегінің зейнетін көруде.

Сол күнгі әңгімеден соң Роза апайымның көңілі алай-дүлей, бүкіл өмірін қайта сүріп шыққандай болған еді. Бірақ оны сыртқа шығарғысы жоқ. «Мен бақытты ғұмыр кештім, бақытты жанмын» дегенмен бір кезде өзі шыр етіп дүниеге келген, әкесінің табаны тиген сона-а-у Алтайдағы Риддерді бір көргісі келеді, көңілі алабұртып, аңсайды, сірә?!..

***

Міне, зырлаған уақыт содан бері де он бес жылды артқа тастапты. Сол алғашқы жүрекжарды әңгіме үлкен достыққа, туыстық сезімге ұласып, апа мен бауырдай қарым-қатынасқа әкелді. Роза апайымыз «Дидар» газетінің бұрынғы редакторы Жұмәділ Әділбаевпен, қазіргі редакторы Уәлихан Тоқпатаевпен де тығыз қарым-қатынаста, басылымдағы жаңалықтардың барлығынан да хабардар, тілектес болып отырады.

Белгілі ғалым-демограф Мақаш Тәтімовтің «Қазақ әлемі» кітабында «Жұмысшы» газетінің редакторы Мақсұт Тайшыбаевтың есімі Алматыда, 1938 жылғы 11 наурызда атылған Орынбек Беков, Оразалы Қожанов, Ахмет Төлегенов сынды 44 адамдық тізімде 41-ші болып жүр. Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінің ұжымы ұйтқы болып, өздерінің тұңғыш редакторының 100 жылдығы құрметіне, 2004 жылы Риддер қаласында бір көшеге Мақсұт Тайшыбаев есімін бергізген болатын. Ол үлкен іс-шараға Роза апай Балжан және Шырын атты екі қызымен келіп, өзі туған жерінің топырағына табанын  басып, көшенің ашылу салтанатына қатысқан. Өскеменде, осындағы ақсақалдардың басын қосып, әкесіне ас беріп, құран бағыштаған болатын. Одан беріде газеттің музейі жабдықталып, оның көрнекті жеріне тұңғыш редактордың портреті мен құжаттары, кітаптары қойылды. Осы жолдар авторының «Қызыл қырғынның құрбаны» атты кітапшасы жарық көрді, басылым өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Алғашқы редактордың өмірі мен Шығыс өңіріндегі алғашқы қазақ газетінің тарихы біздің кандидаттық еңбегіміздің өзегі болды. Осы шаралардың барлығына да Роза апайымыз атсалысып, шынайы тілекші болып жүрді.

Балжаннан келген сурет пен хатты алғанда осы жағдайлардың барлығы киноның лентасындай көз алдымнан көлденеңдеп өтіп шықты. Шөбересі Әлен үлкен атасына құлпытас орнатып, әжесінің көңілін көкке самғатып, сауапты бір іс атқарған екен, жұмысы жүрімді болып, басынан бақ кетпесін, бабаларының рухтары әрдайым қолдап жүрсін!

Айтмұхамбет Қасымов,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button