Хабиба Ақжігітова, облыстық Пушкин атындағы кітапхананың директоры:АҚШ-та кітапханашылар 2-3 мың доллар алады

Өскемендегі облыстық Пушкин атындағы кітапхана бүгінгі таңда қызмет көрсету сапасы бойынша еліміздегі ең үздік кітапханалардың бірі саналады. Біз халықаралық деңгейге, заман талабына сай жұмыс істеп келе жатқан, әркез жаңалық пен инновацияға ұмтылған. Осы мәдени-ақпараттық орталықты жиырма жылдан астам уақыт басқарып отырған Хабиба Ақжігітовамен жолығып, сұхбаттасқан едік.
Қазақ тіліндегі кітаптардың үлесін 50 пайызға жеткіздік
– Кітапханаларыңызда қанша кітап бар?
– 350 мыңға таяу. Қазіргі жастар электронды кітаптарды көбірек пайдаланады. Бүгінгі таңдағы ең басты проблемалардың бірі – елімізде қазақ тілінде шығып жатқан электронды кітаптар жоқтың қасы. Осы мәселені түрлі деңгейде көтеріп те, айтып та жүрміз. Жалпы, жастарды кітап оқуға тарту үшін барлық жағдайды жасау керек деп санаймын. «Кел, кітап оқы!» дегенге ешкім де құлақ аспайды қазір.
– Сол 350 мың кітаптың қаншасы қазақ, қаншасы орыс тілдерінде?
– Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қазақ тіліндегі кітаптар өте аз болған-ды. Ол кезде сұраныс та төмен еді. Бүкіл кітап қорының 5 пайызға жуығы ғана мемлекеттік тілде болды. Қазір «50 де 50-ге» жеттік. Бірақ қазақ тіліндегі салалық кітаптар, оқулықтар әлі де болса аз, айталық, биология, физика, химия, сондай-ақ, заманауи нанотехнология, компьютерлік бағдарлау пәндері бойынша. Студенттер орыс тіліндегі еңбектерді қазақшаға аударуға мәжбүр. Ал тарих, филология саласындағы еңбектер, сөздіктер қоры жеткілікті дәрежеде. Ана тілімізде жаңадан шығып жатқан кітаптардың бәрін алуға барынша тырысамыз.
– Кітапхана қорын қалай толтырасыздар? Бір жылда қанша кітап алынады?
– Бір жылдың ішінде он мыңнан астам кітап аламыз. Оның басым бөлігі – өз елімізде шыққан дүниелер. Соңғы екі-үш жылдың ішінде аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ кітапханамызға жіті көңіл бөліп, кітап қорын толтыруға көмек көрсетіп келеді. Бұрын баспаларға өтініш хат жазып, кітаптарды халықтан жинайтынбыз. Ал қазір тұрақты түрде түсіп жатады. Өкінішке қарай, біздің елде кітапхана саласына қатысты арнайы заң жоқ. Сол жұмысымызға қолбайлау болып отыр. Мәселен, жыл сайын кітап қоры 10 пайызға жаңарып отыруы қажет деген халықаралық норматив бар. Бізде де дәл сондай талап болса, кітап қоры молая түсер еді.
Кітапхананың негізгі міндеті – тек оқуға кітап беру ғана емес, сонымен бірге, халықты қосымша ақпаратпен қамту. Мәлімет алуға, білімін көтеруге келген әрбір адамға біз көмектесіп, іздегенін тез тауып беруіміз керек. Қазіргі заманда кітапхананың қызметі өзгерген, бүгінгі кітапхана – ақпараттық әрі мәдени орталық.
Біздің кітапхана қызмет көрсету сапасы жөнінен еліміз бойынша бірінші орында. Сондықтан біздің тәжірибені бәрі үйренуге ынталы. Бізде оқырмандар өздері еркін түрде сөрелерді аралап, кітапты таңдай алады. Мен 2000 жылы АҚШ-қа стажировкаға барып, ондағы кітапханалардың жұмысын көрген болатынмын. Сонда «қашан біздің кітапхана да осындай болады, біздің оқырмандар қай уақытта осылай сөрелер арасында жүріп, кітапты еркін таңдайды?» деп ойлағам. Бұрын сөрелер оқырмандар үшін жабық болатын, олар қандай кітаптар бар екенін білмейтін. Келушілер алдымен қажетті кітаптарын картотекадан іздейтін. Ал қазір кітапты қолымен ұстап, ішін ақтарып, керегін тез таба алады.
«Біздің Абай» электрондық жобасын жүзеге асырып жатырмыз
– Кітапхананың тарихы қай жылдан басталады?
– Бұл кітапхананы 1896 жылы орыстың осы жаққа саяси қуғындалған зиялы қауым өкілдері ашқан. Содан бері кітап қорымыз ұдайы толығып келеді.
– Мерзімді басылымдар да бар ғой?
– Бар, негізінен өз еліміздің газет-журналдары жинақталған.
– Мысалы, маған 1945 жылғы 9 мамырда шыққан «Алтай большевигі» газетінің нөмірі керек делік. Соны тауып бере аласыздар ма?
– Әрине, тауып береміз. Жалпы, облыстық «Дидар» газетінің барлық дерлік сандары сақтаулы. 1945 жылғы нөмірлері толық бар. Қазір сол газеттердің электронды нұсқаларын жасап жатырмыз. Ол үшін екі-үш үлкен сканер алғанбыз.
Бүгінгі таңда іске асырып жатқан айтулы жобамыз – «Біздің Абай» электрондық кітапханасы. Онда өзге елдердегі ұлттық кітапханалармен хабарласып, Абайдың барлық тілдерде шыққан кітаптарын жинап жатырмыз. Мәселен, Украинада Тарас Шевченконың, Ресейде Лев Толстойдың осындай кітапханалары бар. Ондағы мақсат – өз классигіміздің мұраларын баршаға қолжетімді ету. Ол кітапхананың тұсаукесері алдағы мамыр айында өтеді. Барша оқырмандарымызды сол шараға шақырамыз. Қазір мектептерде абайтану пәні оқытылып жатыр ғой. Сол себепті біз аталмыш кітапханаға Абай туралы жазылған зерттеу еңбектерін де енгізудеміз.
– Сіздер кітапхананың оқырманы кім, неше пайызы студент, тағы кімдер келеді деген секілді сараптама жасайсыздар ма?
– Оқырмандарымыздың 60 пайызы – жастар, яғни, оқушылар мен студенттер. Әрине, мұнымен қоса, бизнесмендер де, түрлі салада жүрген мамандар да, зейнеткерлер де бар. Тұрақты оқырмандар саны – 25 мың. Тәулігіне кем дегенде 500-600, ал енді демалыс күндері бір мың адам келеді. Десек те, бұрынғыдай сенбі-жексенбіде оқу залында орын жетпеу деген мәселе болмайды. Жастар қазір келіп, кітапты ашып, беттерін қалта телефонындағы камерасымен түсіріп алады да, кете береді. Тіпті, ксерокөшірме де жасамайды. Міне, заман осылай өзгеріп барады.
– Жуырда бір басылым «еліміздегі азаматтардың 80 пайызы өзі істеп жүрген жұмысын ұнатпайды» деген мәлімет таратты. Сіз қайсысына жатасыз? Жалпы, осы мамандық несімен қызықтырды?
– Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Айталық, ұстаз өзі оқытқан баланың білікті маман болғанын көргенде қуанады. Бізде де солай. Кітапхана ішінен тілдік және компьютерлік курстарды аштық. Халыққа тегін заңгерлік кеңес береміз. Қазір біздің көмегіміздің арқасында белгілі бір жетістіктерге жеткен жастар өте көп. Солар осында келіп, бізге рахметтерін айтып жатады. Осының өзіне бір марқайып қаласың.
Ал бұл қызметке кездейсоқ келдім. Мен негізі филологпын, орыс тілінің мұғалімімін. Мамандығым бойынша жұмыс таба алмай, кітапханаға орналастым. Кейіннен бұл мамандықты ұнатып, салада қалуды құп көрдім. 80-ші жылдардан бері осы облыстық Пушкин атындағы кітапханада жұмыс істеймін. Мұнда еңбек еткен жүз кісінің ішінде бес-ақ қазақ болдық. 1992 жылдың 5-наурызында осында директор болып тағайындалдым. Маған дейін бұл кітапхананы тек өзге ұлттың өкілдері басқарып келген екен, мен алғашқы қазақпын.
– Тілдік курстар дедіңіз. Қандай тілдер оқытылады кітапханада?
– Қазақ, француз, ағылшын және неміс тілдері. Бәрі тегін. Бір кездері бұл курстар ақылы түрде жұмыс істейтін. Кейін одан бас тарттық. Өйткені, мен шетелде көп болдым, Еуропада, Азияда, бір ай АҚШ-та жүрдім. Ол жақта кітапханалар зияткерлік қоғамды дамыту үшін жұмыс істейді, Үкімет оларды толық қаржыландырады. Бізде Интернет те тегін. Қазір адамдардың көбі Интернетке ақша төлей алмайды. Сондықтан осында келіп пайдаланады. Елімізде ешқандай кітапханада мұндай жоқ. Таяуда бізге АҚШ-тың елшісі келді. «Сіздерде қандай кітапхана болса, біздің де кітапхана дәл сондай» дедім. Олар бізде бәрі бұрынғысынша, кеңес кезіндегідей картотекалар тұрған шығар деп ойлаған ғой. Елші мырза келіп, көріп, өзінің таңданысын жасырмады. Биыл біз конференция өткізіп, еліміздің басқа облыстарындағы әріптестерімізге көп нәрсені үйретпекпіз, көрсетпекпіз. Біз барлық жұмыс жағынан алдыңғы қатардамыз. Ең бастысы – оқырман. Сол оқырманның айналасында жұмыс істейміз. Сөрелердегі кітаптардың орналасу ретіне дейін оқырманға қолайлы, ыңғайлы болуы тиіс.
Аптасына екі рет 8-ден 9-ға дейін біздің кітапханашылардың өздері сабақ оқиды, өз кәсіби біліктіліктерін арттырады. Ақпарат іздеуді арнайы оқытамыз. Қажетті мағлұматты қалайша тез табуға болатынын біздің мамандар жақсы біледі. Яғни, оқырманға керекті ақпаратты ұсынады, осылайша оның уақытын үнемдейді. Өйткені, оқырмандар мәлімет іздегенге көп уақытын кетіретінін білеміз.
Америкадағы кітапханашылардың жалақысы 2-3 мың доллар, ал бізде ше?
– Кітапханада қанша кітапханашы еңбек етеді? Халық арасында «кітапханашының жұмысы жеңіл, таңертеңнен кешке дейін жылы жерде отырып, келушілерге кітапты беріп отыру ғана» деген пікір қалыптасқан. Ол туралы не дейсіз?
– Алпыс бес маман жұмыс істейді. Иә, рас айтасыз, дәл сондай жағымсыз бір түсінік бар адамдарда. Мен, әрине, онымен мүлдем келіспеймін. Ақпаратпен жұмыс істеу – өте қиын. Өкінішке қарай, кітапханашы мамандығын қазір жастардың көбі таңдамайды. Өйткені, жалақылары аз. Одан кейін кітапханашы мамандығының мәртебесі, имиджі төмен.
– Кітапханашының жалақысы қанша?
– Жоғары емес. 30-40 мың алады айына. Әрине, өте аз.
– Сіз АҚШ-та болдыңыз ғой, онда кітапханашы қанша алады?
– Шамамен 2-3 мың доллар алады.
– Бірақ ол жақтың тұрмысы да қымбат қой.
– Енді бізде де сондай ғой. Дүкендерімізде сатылып жатқан азық-түліктің бағасы Еуропадағы, АҚШ-тағы бағалармен бірдей.
– Сіз кітапханамыз АҚШ-тағы кітапханалардан қызмет көрсету, ақпаратпен қамту жағынан кем емес дейсіз. Ал несі кем? Әлемдік деңгейге жету үшін не жетпейді?
– Айта алмаймын. Тек жалақымыз ғана аз. Болды. Содан кейін жаңағы сіз айтқан стереотипті өзгерте алмай жүрміз. Кітапханаға деген, кітапханашыға деген басқа көзқарас керек. Шетелде бәрі де, тіпті, эмигранттарға дейін кітапханаға келеді. Бізде ондай жоқ. Студенттер, оқушылар, басқалар қажет кезде ғана келеді. Батыс елдерінде эмигранттар ең алдымен кітапханаға келіп, қалай азаматтық алуға болады, қай жерден тілді үйренуге, қай жерде жұмыс табуға болады, соны біледі. Ал бізде кітапханада тек кітаптар ғана тұрады деп ойлайды. Шетелде кітапхана – кәдімгі ақпарат беру орталығы.
Біз қазір халықпен жұмыс істеп жатырмыз. Жарнама жасаудамыз. Мәселен, біз соңғы кездері электронды үкімет порталын қолдануды да үйрете бастадық. Бізге келсе мамандарымыз онымен қалай жұмыс істеу керек екенін көрсетіп, бағыт береді.
– Кітапхананың сайты қашан ашылды?
– 1997 жылы, еліміз бойынша ең бірінші болып ашылды. Мен барша оқырмандарға аталмыш Интернет ресурсымызды кеңінен пайдалануға кеңес беремін, онда электронды кітапхана қызметі бар, өте көп танымдық ақпарат шоғырланған. Сол жылдан бастап интернет курстарын өткізіп, қалай сайт жасау керектігін үйретіп келеміз.
– Бір үлкен мәселе бар, бүкіләлемдік проблема деуге де болады, ол – «жастар кітап оқымайды» деген мәселе. Оны шешу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мысалы, Германияда соңғы кездері жаңадан кітапханалар көптеп ашылып жатыр. Айталық, Штутгард қаласында үлкен кітапхана бар, ол кітапхананың бір ерекшелігі сол, күндіз ғана емес, түнде де жұмыс істейді, ашық. Кез келген адам түнде ұйықтай алмай жатса, сол жерге келеді. Міне, адамдарды кітап оқуға тарту үшін осындай да қадамдарға барып жатады.
Жалпы, жастарды кітап оқуға тарту үшін кітапханада не болуы керек? Ол жерде жастарды қызықтыратын дүниелер, яғни, Интернет болуы керек, ол жерде бағдарлау курстары болуы керек, ол жерде түрлі музыка, фильмдер, ойындар болуы керек, бірақ сол жерде кітап та болуы қажет. Тіпті, кейбір кітапханалар спорттық тренажерлерге дейін қойып қояды. Біз де қазір сондай жаңа бір орталық ашқалы жатырмыз. Онда да жоғарыда айтылғандардың бәрі болады.
– Әңгімеңізге рахмет, жұмысыңызға табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан – Ержан Әбіш