«Дидардың» қонағы

Хабдылманат Смағұлов: – Қаракөздеріміздің нашақорлыққа салынуы көңілге қаяу түсіреді

Хабдылманат Смағұлов: -	Қаракөздеріміздің нашақорлыққа салынуы көңілге қаяу түсіреді

Облыстық наркологиялық диспансердің бас дәрігері Хабдылманат Смағұлов кезінде медициналық жоғары оқу орнын тәмамдай сала туған ауылына оралып, бірден педиатр да, терапевт те, гинеколог та болып қызмет етті. Алайда, студент кезінен-ақ психиатрия мамандығына қызығушылық танытқан дәрігер маман 2001 жылдан бастап наркология саласында жемісті еңбек етіп келеді.

– Кезінде наркология психиатрия саласының құрамына кірген. Тек 1982 жылдан бастап наркология деген бағыт жеке бөлініп шықты. Өйткені, адамзат үшін нашақорлық атты үлкен қасірет белең ала бастады. Бүкіл әлемде есірткі сату пайда көзі жағынан қару-жарақ бизнесі, арақ-шарап сатудан кейін үшінші орында тұр. Күнделікті өмірде оның бет-бейнесі де өзгеріп барады. Қазіргі таңда есірткінің ауыр түрлерінің орнына жас ұрпақтың санасын түп-тамырымен улайтын спайс және басқа да синтетикалық құралдар шыға бастады, – деп бастады әңгімесін бас дәрігер.
– Ал сіздің осы мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?
– Семей медициналық институтында оқып жүрген кезімде психиатрия үйірмесіне барып жүрдім. Кейбір ауруларды емдегенде нәтижесі бірден көрінбейді, дерттің созылмалы түрге айналып кетуі жиі кездеседі, ал адам үшін жұмысының қорытындысын көру өте маңызды ғой. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң сол кездегі патриотизмнің бір көрінісі – туған жерім, Бородулиха ауданына оралып, бірнеше жыл жерлестеріме қызмет еттім. Кейін облыстың медицина саласында талай басшылық қызметте болған, бүгінде зейнеткер, өңірге танымал дәрігер Фазыл Игисиновпен ақылдаса келе, Катонқарағай ауданында психиатр болып істедім. Соңынан Глубокое ауданына бас дәрігер болып кеттім. 2001 жылдан осы салада жүрмін. Сот-сараптамалық наркологиялық қызметті де басқардым. 2011 жылдан осы жерде бас дәрігермін.

Білікті дәрігер әйелдің ащы судың шырмауында қалғанын көрдім

– Отыз жылдан астам уақыт қызметіңізде әртүрлі бағытта дәрігер болып жұмыс істеуге тура келіпті. Қай салада қиынырақ болды?
– Кеңес үкіметі кезінде заман тыныш болғанымен, психиатрия саласында да науқастар болды. Мысалы, шизофрения сияқты тұқым қуалайтын аурудың түрлері бар. Немесе органикалық патология дейміз, яғни, сыртқы жағымсыз әсерден пайда болған дерт. Ал наркологияда пациенттер ауруды өз ақшаларына сатып алып отыр ғой. Соңғы жылдары біз әсіресе, профилактикалық іс-шараларға ерекше мән беріп келеміз. Біздің мамандардың есебі бойынша, бүгінде өз еркімен емделушілер арасында әйел адамдардың үлес салмағы басым болып тұр. Бұрындары диспансерде төрт-бес қана әйел жататын болса, енді кем дегенде он қыз-келіншек емделеді. Олардың арасында нашақорлары да, араққа салынғандары да кездеседі. Жалпы қыз-келіншектердің ішкілікке тез салынып кететіні дәлелденген. Өз тәжірибемде жоғары категориялы дәрігер, тамаша маман, гинеколог әйелдің ащы судың шырмауынан шыға алмай қалғанын көрдім. Өмірінде бір қиын жағдай болып, соның кесірінен барлық адами бейнесінен айырылып қалды. Қазір психолог, психотерапевт сияқты мамандар жеткілікті. Тұрмыста не жеке басында проблемалар болып жатса, кез келген адам солардың көмегіне жүгінуден ұялмаулары керек. Мысалы, шетелде психиатр маманға көріну норма деп саналады. Дегенмен, мен тәрбиенің басы – жанұяда деп ойлаймын. Қиын-қыстау сәтте ең алдымен отбасы мүшелері жан-жақты қолдау көрсетулері керек. Кішкене кезімізде бүкіл әулетіміз бір қариямыздың айтқанымен жүргенін көріп, өскен едік. Бүгінде, өкінішке қарай, сол ұлттық қасиетімізді жоғалтып барамыз. Туыстарымыз жан-жақта, мереке-тойларда ғана бас қосамыз.

– Диспансерге өз еркімен келіп, емделуге жататындар кімдер?
– Ерікті емделушілерге арналған алпыс орын бар. Мысалы, айлап, апталап ішіп, дертке ұшырағандарды жедел жәрдеммен әкеледі. Бір палатада үш адам жатса, соларды бір санитар күні-түні күзетіп отырады. Өйткені, олар ес-түстерін де білмей жатуы мүмкін. Кейде жедел жәрдем қызметі азып-тозып кеткен, тұрғылықты жерлері жоқ жандарды да әкеліп тастайды. Кетеулері кетіп, тоз-тоздары шыққан маскүнемдерді біздің санитар қыз-келіншектер жуындырып, таза төсекке жатқызып, тамағын беріп, күтеді. Кіші медициналық қызметкерлердің еңбегі ересен екенін айтпай кетуге болмайды. Олардың істеген жұмысына кез келген әйел адам келісе бермейді. Жуықта тағы бір-екі санитар алмақшы болып едік, кісі таба алмай отырмыз. Келеді, келіседі, арыздарын да жазды, сосын істей алмаймыз деп кетіп қалды.
– Ерікті түрде емге келетін тағы бір категория – тәжірибелі нашақорлар. Есірткі алатын жерлері таусылғанда, денесінде ине шаншар жер қалмағанда жоспарлы түрде, дем алу үшін жатуға келеді. Өткен аптада Глубокоеден отызға да жетпеген бір жас жігітті әке-шешісі әкелді, өзі де «әбден шаршадым, жатайыншы» деп келіпті. Бұл жерде нарколог дәрігерлер ағзаларын уытты заттардан спецификалық препараттармен тазалап, дозаларын біртіндеп түсіреді. Қазір нашақорлардың арасында қаракөздеріміз де көп, негізінен Өскемен, Зырян, Риддер сияқты өндірістік қалалардың тұрғындары. Көп жылдар есірткімен, ішімдікпен әуестенген жандардың ағзаларында сау жерлері қалмайды. Асқазан, бүйрек, жүрек аурулары, қан қысымының көтерілуі сияқты дерттер қатар жүргендіктен, оларды білікті терапевт, невропатолог мамандар қарап, ем-домдарын жасайды. Беттері бері қараған соң олармен өткен жылы арнайы ашылған психосенсорлық кабинетте тәжірибелі психолог мамандар жұмыс істейді. Арнайы психотерапевтті оқыттық, психологымыз да өте тәжірибелі, «Психологтың кеңестері» атты кітаптың авторы. Сондай-ақ, ішімдікті қойғызуда гипнозды қолданатын дәрігеріміз бар, қажет еткендерге ұзақ мерзімге шыдайтын дәрісін де салып береміз. Бұл жерде бір түйткіл туындайды. Кодировкаға жүгінген пациент ай сайын, не екі айда бізге келіп, өз жағдайын айтуы керек, қажет болып жатса, дәрігер оған өз көмегін береді. Ал алыс ауданда тұратындардың қайта келуге жағдайы жоқ, содан ағзасы бір қолайсыздықты сезінсе, науқас шыдамай, қайтадан өз жолына түсіп кетуі ықтимал.

Мәжбүрлеп емделушілердің 80 пайызы түрмеде отырып келгендер

– 2012 жылдан бастап емдеу-еңбекпен түзеу мекемелерінің ( бұрынғы ЛТП) пациенттері сіздердің қарамақтарыңызға өткені белгілі. Соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеуге жататындармен жұмыс қалай жүргізіледі?
– Бұл бағытта біз облыстық ішкі істер департаментімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Мәжбүрлеп емдеуге жататындардың психикасы мүлде бөлек, олар емделуге осымен екі, үш, төрт қайтара түскендер.Туған-туыстары тіпті, шетелге де апарып, әулиелердің бастарына түнеп, талай ақша шығарып, ешқандай қайран болмағасын, шаршай-шаршай, соттың шешімімен бізге әкеледі. Басты проблема – орынның жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда 90-нан астам адамға қатысты мәжбүрлеп емдеу туралы соттың шешімі бар, алайда біз оларды қайда орналастыратынымызды білмейміз. Олар он-он бес күн жатып, шығып кететін жай науқастар емес, алты айдан екі жылға дейін емделулері мүмкін. Өткен жылы облыстық тұтынушылардың құқын қорғау департаменті біздің ғимаратты мамандандырылған қызмет көрсетуге жарамсыз деп тауып, соттың шешімімен 100 орынды қысқартып тастаған. Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы қысқарған орындарды басқа жаққа орналастырудың жолдарын қарастырып жатыр. Семейде 70 орындық мекеме, Жаңа Қанайда әйелдерге арналған 30 орындық емдеу орны бар. Дәл бүгінгі күнге ішкіліктен, нашақорлықтан сот шешімімен емделуге тиіс әйелдердің кезегі 2015 жылдың аяғына дейін жазылып қойған. Біздің қазіргі ғимаратымыз бұрынғы жатақхана, осындай күрделі жандармен жұмыс істеуге ешқандай бейімделмеген. Пациенттердің 80 пайызы түрмеде отырып келгендіктен, олармен жұмыс істеу оңай емес. Терезелерге тор орнатылған, бейнебақылау жүргізіледі, соған қарамастан былтыр нашақорлар бір санитарды жабылып, ұрып-соғып тастады. Қызметкеріміз бас-ми жарақатын алып, ауруханадан бір-ақ шықты.Тағы бір есірткіге тәуелді әйел әйнектен секіріп кете жаздады. Оларды тәулік бойы көзден таса қылмай, қадағалап отыру керек.

Оқушылардың насыбай атуы үлкен проблемаға айналды

– Жасөспірімдер арасында психобелсенді заттармен әуестенетіндер бар ма?
– Есепте тұрған жасөспірімдер жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығында Маликов деген кәмелет жасына толмаған нашақор болды. Сол бала он сегізге толғанда, той жасағандай қуанғанымыз бар. Диспансерде есірткі мен ішімдікке салынған 27 мыңнан астам адам есепте тұр. Олардың арасында жасөспірімдер тіркелмеген. Бұл ең алдымен жүргізіліп жатқан алдын алу шараларының нәтижесі дер едім. Жасөпірімдер кабинетінде өте тәжірибелі дәрігеріміз, екі медбике, психолог маман бар, олар барлық мектептермен тығыз байланыс орнатқан.

– Оқушыларды наркотестен өткізу тәжірибесі бізде қолданыла ма?
– Оқу жылы басталғанда біздің мамандар әр мектептің басшыларымен сөйлесіп, жұмыс кестесін жасайды. Заң бойынша мұндай шараны өткізу үшін міндетті түрде ата-ананың келісімі керек. Зәр арқылы жасалған сараптамада бала есірткі заттарын қолданған болса, нақты қандай түрі екені шыға келеді. Анаша бір айға дейін, героин бір апта көрсетеді. Бізде оқушыны есепке қойып, баланың соңына түсіп алайық деген ой жоқ, ата-аналар соны түсінулері керек. Баладан есірткінің бір түрі не насыбай анықталса, оның ата-анасын жасөспірімдер кабинетіне әңгімелесуге шақырамыз. Жасөспірімді дұрыс жолға салу үшін көмегімізді аямаймыз.
– Мектеп оқушылары арасында насыбай ату белең алып бара жатыр. Осы келеңсіздікті тоқтатуға бола ма?
– Насыбай ату бүгінгі таңда үлкен проблемаға айналып отыр. Өкінішке қарай, ол рұқсат етілмейтін заттардың қатарына жатпайды. Жуықта бір ата-ана «балам бір-ақ рет дәмін көрген шығар, сіздер соған бола байбалам салдыңыздар» деп қатты ренжіпті. Сосын дәрігер анасына оқушының ернінің ішкі жағын көрсетсе, ойық жара болып кеткен ғой, бір рет тартқаннан ондай болмайды. Оның үстіне насыбайға әртүрлі шөптер қосып сатылуы да мүмкін. Бұл мәселелер тек заң түрінде шешілу керек.

Сұхбаттасқан – Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button