Ауыл шаруашылығы

Гульвираның тауықтары әтешсіз жұмыртқалайды

Өскеменнен алпыс шақырым жерде тұрған Северное ауылында жеке кәсіпкер Гульвира Дүйсекинаның құс фермасы бар. Өткен жылы құрылған шаруашылықта қазір немістің «Ломанн-Браун» деп аталатын асыл тұқымды 9 мыңнан астам тауық өсірілуде. Бұлардың бір ерекшелігі, әтешсіз-ақ жұмыртқалай береді.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы алған 12 млн. теңгеге өзінің 3 млн. теңге меншік қаржысын қосып, үлкен іске бел шешіп кіріскен кәсіпкер алдымен Северноедағы тоз-тозы шыққан қора-жайларды жөндеуді қолға алды. Төбесін жапты, электр жарығын жүргізіп, іші-сыртын түгел жылылады. Сосын Талдықорғандағы фабрикадан балапандар сатып әкелді. Бүгінгі күні фермада 15 адам жұмыс істейді. Айлық жалақылары – 30 мың теңге.
– Бір жылдай болып қалды ғой осы шаруамен табандап айналыса бастағаныма. Нәтижесі жаман емес. Жұмыртқаны Өскемендегі әлеуметтік мекемелерге, оның ішінде мектептер мен балабақшаларға, ауруханаларға мемлекеттік сатып алу бойынша өткіземіз. Оның сыртында тапсырыс беріп, сатып алушылар да көп. Өйткені, бағасы қолжетімді. Сапасы да жақсы, көпшілік жұрт кәдімгі қолдың жұмыртқасы деп таласып алады, – дейді «Тандем-Север» несие серіктестігінің басшысы Гульвира Дүйсекина.

Құстарға арналған құрама жемнің қоспалары жергілікті шаруашылықтардан сатып алынса, дәрумендер қаладан жеткізіледі екен. Жемшөпті тамақтану мөлшеріне (рационына) қарай зоотехник маман әзірлейді.

Кез келген іске икемді, қолға алған дүниесін ұршықша иіріп әкететін қабілетке ие кәсіпкер әйел мұнымен тоқтап қалмақ емес. Болашақта құс өсірумен қатар ата кәсібіміз мал шаруашылығын өркендетуге үлес қоссам дейді. Талайды табысқа жеткізген «Сыбаға» бағдарламасынан ол да өзінің сыбағасын еншілеп, асыл тұқымды сүтті ірі қараның 150 басын сатып алып, ақтан бұлақ ағызуды армандайды. Армандап қана қоймай, оны іске асыру үшін бағдарламаға қажетті құжаттарды қазірден қамдауға көшкен. Бұйыртса, келесі жылдан Зырян ауданында тағы бір асыл тұқымды сүтті ірі қара өсіретін шаруашылық қатарға қосылады. Бастапқыда сүт сатуды мықтап жолға қойып алсам деген Гульвира шаруасы дөңгеленіп кетсе, ары қарай өңдеу мәселесіне ден қойып, тұтынушыларға әртүрлі ақ өнімдерін ұсынуды көздеп отыр.

Айта кетейік, «Тандем-Север» несие серіктестігінің қазіргі құс фермасы да, келешектің еншісіндегі сүтті сиырлар ұстайтын шаруашылығы да біздің өңір үшін маңызын жоғалтпайтын жобалар. Себебі, облыс елді мекендерін, оның ішінде Өскеменнің өзін жұмыртқамен және сүтпен қамтамасыз етудегі жергілікті өндірушілердің үлес салмағы төмен. Мәселен, жақында ғана ел аумағында жұмыртқаның бағасы күрт шарықтап шыға келді. Бұл құбылыс республиканың өзге қалаларымен бірге Өскеменде де көрініс берді. Неге? Мамандардың айтуынша, бағаның бұлайша аспандауына ең әуелі қазақстандық нарықтың біраз бөлігін қамтып отырған ресейлік тауар өндірушілердің ықпалы тиген. Яғни, Ресейде тауыққа беретін жемшөптің қымбаттауынан. Ресми дерекке жүгінсек, облыс орталығына тұрғындар тұтынатын жұмыртқаның 90 пайызға жуығы Алтай өлкесінен жеткізіледі. Олардың он данасының құны қазір 216-дан 242 теңгеге дейін жетеді. Ал «Тандем-Север» серіктестігінің жұмыртқалары бұдан әлдеқайда арзан.
Сол сияқты бүгінгі күні облыс халқын сүтпен қамтамасыз етуде де өңірдегі фермерлердің әлеуеті жеткіліксіз. Демек қалаға жақын жерден тағы бір сауын орны ашылып жатса, оның еш артықтығы жоқ.

– Северное ауылында үш жылдан астам уақыт тұрамын. Былтырдан бері фермада істеймін. Жұмыс жақсы, еңбегіме қарай жалақыны дұрыс төлейді. Біздің міндетімізге тауықтардың жем-шөбін, суын уақтылы беру, жұмыртқаларды жинап алып, жәшіктерге іріктеп салу секілді жұмыстар кіреді. Басында мұрынды жарған иістен әрең жүруші едік, енді үйреніп алдық, – дейді құс өсіруші Бақытгүл Болатова.

«Ломанн-Браунның» сыртқы түр-түсіне қарасаңыз, кәдімгі ауылдағы кез келген үйдің ауласында жер шоқып жүретін қызғылт қоңыр тауықтардан аумайды. Жұмыртқа тапқыш қасиетімен ерекшеленетін бұл құстар біздің өңірдің табиғи климаттық жағдайына бейім келеді. Бір қызығы, балапандардың әтеш немесе тауық екенін бір тәулік толғанда түсіне қарап анықтауға болады. Мәселен, тауықтардың түсі қызғылт қоңыр болса, әтештері ақшыл келеді. Үлкен құстың тірі салмағы екі келіге дейін жетеді.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button