Грузиялық доктордың тәжірибесін меңгерді

Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта Грузияның Гагуа клиникасының докторы, эндоскопиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Бека Метревели өңірдің акушер-гинекологтарына екі күн бойы бедеулік және жыныстық пластика операцияларының қыр-сырын үйретті. Енді біздің жергілікті дәрігерлер алған тәжірибелерін тіпті аудандық деңгейлерде де қолдана алатын болады.
Бұл – шетелдік маманның Шығысқа келген алғашқы сапары емес. Бұған дейін Бека Метревелидің озық тәжірибесін облыстық ана мен бала орталығының дәрігерлері меңгерген болатын.
– Мен сіздердің қонақжайлылықтарыңызға тәнті болдым. Әдетте, грузиндер өзімізді әлемдегі ең қонақжай халықпыз деп санайтынбыз. Бірақ сіздердің мейманды күтулеріңіз бізден де асып түседі. Қалаларыңызға да ғашық болғанымды жасырмаймын. Мамандарыңыздың біліктілігі мен клиниканың жалпы жабдықталуы қайран қалдырды, – деп бастады сөзін мәртебелі қонақ.
Бұдан кейін грузиялық маман роботты хирургия бөлімшесінің кереметтігіне тоқталып, егер біздің хирургтер қарсы болмаса, арнайы келіп, роботтың көмегімен ота жасауды меңгергісі келетінін жеткізді. Сөзіне қарағанда, Грузияда робот-хирург жоқ көрінеді.
Орталықтың директоры Юрий Старокожев алыстан келген қонаққа берген білімі мен тәжірибесі үшін алғысын білдірді.
–Клиникамыз, негізінен, хирургиялық болғандықтан, жаңа технологиялардың күнделікті жұмысымызда пайдасы тиеді деп ойлаймын. Бәсекелестікке қабілеттілігімізді арттырады. Егер бізден бір нәрсе үйренем деп талпынып жатсаңыз, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз. Ал мамандардан жұмыста жақсы нәтиже күтемін, – деп сабақтады сөзін Юрий Старокожев.
Бека Метревели осы жолы төрт әйелге елімізде енді-енді қолға алынып келе жатқан жыныстық пластика операцияларын жасап, бедеулікке шалдыққан бір әйелге сәби сүю бақытын сыйлады.
– Қынап қабырғаларының төмен түсуіне жасалған оталарды тек пластикалық операция деп қабылдамау керек, өйткені осындай проблемалар әйелдердің денсаулығында функционалды ауытқушылықтарға әкеп соғады, мысалы, зәр шығаруда, жалпы күнделікті өмірде көп қолайсыздық тудырады. Тағы бір ота бедеу келіншекке лапароскопиялық әдіспен жасалды. Науқастың жатыр түтіктеріндегі жабысулар ажыратылып, түтіктерінің өткізгіштігі қалпына келтірілді, бұл әйелдің болашақта ана атануына мүмкіндік береді, – деді доктор.
Айтысына қарағанда, біздің клиниканың гинекологиялық операция бөлмесі операцияларды жоғарғы деңгейде жасауға сай жабдықталған. Жоғары сапалы қондырғылар мен қажетті құралдар да жеткілікті. Дәрігерлердің біліктіліктері де қуантады.
Грузиялық дәрігердің шеберлік сабақтарына бірқатар аудан-қалалардың, мысалы, Шемонайха, Риддер, Меновное кенті, қалалық №4 ауруханасының мамандары қатысып, жаңа әдістемелер мен технологияларға қанықты.
– Бүгінгі таңда тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде жыныстық пластика – хирургияның қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Грузиялық доктор көрсеткен әдістер мен технологияларды өз тәжірибемізде қолданатын боламыз. Осындай шеберлік сабақтары тек білімімізді толықтырып қана қоймай, бізді қанаттандырады. Жалпы, акушер-гинекологтар – өз істеріне жан-тәнімен берілген мамандар. Келешекте де біліктілігімізді ұштай береміз, – дейді гинекология бөлімшесінің акушер-гинекологы Ирина Петроченко.
Риддер қаласынан келген акушер-гинеколог Мира Слямова да әріптестерінің атынан алғысын жеткізді.
– Бізге кәсіби деңгейімізді көтеруге осындай тамаша мүмкіндік берген орталық басшылығына, жаңа техникаларды үйреткен грузиялық доктордың өзіне тікелей рақметімді айтқым келеді. Біз біраз нәрсені меңгердік, енді аудандық деңгейде де жүзеге асыра алатынымызға сенімдімін, – деді Мира Слямова.
Соңынан білікті дәрігерден дәріс алған мамандарға сертификат тапсырылды.
Айна Ескенқызы