Грантты тұрғындардың жекелеген санаттары ғана алады
Айна Ескенқызы
Алдағы екі жыл ішінде өңірде бірнеше жүздеген ұйымның ғимараттарын халықтың жүріп-тұруы қиын топтарына ыңғайлы етіп қайта жабдықтайды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Динара Қожанова өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте мәлімдеді.
– Қозғалысы шектеулі адамдар үшін кедергісіз ортаны құру мақсатында 2025 жылға қарай 720 нысанды жаңғырту жоспарлануда. 2021 жылы 198 нысан, өткен жылы 147 нысан қайта бейімделді. 2023 жылы 155-тен астам әлеуметтік инфрақұрылым нысанын (69,4%) бейімдеу жоспары бекітілді, – деді Динара Мұратбекқызы.
Динара Қожанова бизнес ашуға арналған мемлекеттік грант беру шарттарына да тоқталды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, осы жылдан бастап грантты тұрғындардың жекелеген санаттары ғана ала алады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында 2022 жылдан бастап бизнес-идеяларды жүзеге асыруға берілетін мемлекеттік грант мөлшері 2023 жылы 400 АЕК (МРП) немесе 1 380 000 теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты.
– Осы жылдан бастап грантқа тек халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдар ғана өтініш бере алады. Олар – атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға және (немесе) оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақыны алушылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыны алушылар, қоныс аударушылар, кандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар бала (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған адамдар және (немесе) оның жұбайы, – деді Динара Қожанова.
Халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген не грант беруге өтініш бергенге дейін кем дегенде үш жыл бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жұмыссыз адамдар ғана осы санаттағы үміткер бола алады. Грант алуға үміткерлердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өткені туралы сертификаттары болуы тиіс.
2023 жылы бизнес-идеяларды жүзеге асыруға облыста 323 млн теңге сомасында 234 грант бөлінді.
Еске сала кетейік, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау бойынша шаралар кешені – Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарының бір бөлігі.