«Дидардың» қонағы

Гоча Хвичиа, грузин режиссері: – Жұмысымнан ләззат аламын

Гоча Хвичиа, грузин режиссері: - Жұмысымнан ләззат аламын


Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры таяу күндері У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» мюзиклін көрермен назарына ұсынбақ. Әзірбайжандық драматургтің классикаға айналған комедиясын сахналау үшін Грузиядан арнайы режиссер де шақыртылған екен. Әуезді ән мен әдемі биге құрылған спектакльдің көрермен көңілінен шығатынына шетелдік режиссердің өзі де, актерлер де сенімді. Осы орайда біз грузин режиссері Гоча Хвичиамен сұхбаттасқан болатынбыз. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Қарағанды қаласында дүниеге келгенмін

– Гоча, ең алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз. Кімсіз? Қайдан келдіңіз? Бұл сіздің Қазақстанға бірінші рет келуіңіз бе?

– Мен негізі осы қазақ жерінде, Қарағанды қаласында дүниеге келгенмін. Алты айлығымда ата-анам қайтадан Грузияға оралыпты. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, менің туған жерім – Қарағанды қаласы. Мен Батуми мемлекеттік университетінің актерлер дайындайтын факультетін тәмамдадым. Сөйтіп, біраз уақыт Батуми драма театрында актер болып еңбек еттім. Содан режиссер мамандығы бойынша магистратура мен актер мамандарын даярлайтын факультетті бітірдім. Сөйтіп, 2010 жылдан бастап режиссерлікпен кәсіби түрде айналысып келемін.

Әрине, кез келген мамандықтың өзіндік қиындығы бар ғой. Сол секілді режиссер болу да әсте оңай емес. Десе де өзіңнің айналысқан кәсібіңнен жан ләззатын ала білсең, жұмысың саған қуаныш сыйлайтын болса, ол сенікі. Мен үшін режиссерлік – сондай мамандық.

Мен бұған дейін Алматыда болдым. 2014 жылдың кыркүйек айында осы қалада ТМД елдерінің қуыршақ театрларының фестивалі өтті. Сол шараға Тбилисидің «Мульти-пульти» атты қуыршақ театры қатысып, «Цикара» атты грузин халық ертегісін сахналаған болатын. Ал бұл жолы мені Өскеменге Жастар театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева шақырды. Қоңырау шалып, «бірлесе жұмыс істесек қайтеді?» дегенде, менің қойған сауалым «команда қандай?» деген болды. Ылғи жастар екенін айтқанда, қуана келістім.

– Таңдаудың әзірбайжандық автордың кеңестік заманнан сахналанып жүрген туындысына түсуінің себебі неде? Неге тың дүниені сахналамадыңыздар? Әлде бұл сіздің шешіміңіз бе?

– Жоқ, бұл – Жастар театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Ұлпан Тоқаева екеуіміздің шешіміміз. Өйткені бізге театр актерлерінің қабілетін жан-жақты ашатын, би, эстрада, опера, драма секілді жанрлардың басын біріктірген қойылым қажет болды. Ал әзірбайжан драматургі У.Гаджибековтің «Аршын мал аланы» сондай қойылым. Бұл – мюзиклге сұранып тұрған дүние. Жалпы, мюзиклді көріп қана қоймайсың, жаның рахаттанады, демаласың. Сосын «Аршын мал алан» әзірбайжан драматургінің дүниесі болғанымен, көптеген халықтарға ортақ тұстары да көп. Әрі бұл мюзикл арқылы жас актерлердің талантының қырлары жан-жақты ашыла түседі.

– Құрылғанына әлі көп бола қоймаған Жастар театрының актерлері бұл мюзиклді сіз ойлаған деңгейде алып шығады деп ойлайсыз ба? Жалпы, олардың актерлік шеберліктеріне көңіліңіз тола ма?

– Әрине, олардың ойыны көңілімнен шығады. Үйренсем, білсем деген ынталары, талаптары керемет. Десе де әлі де актерлік шеберліктерін жетілдіре түсуі керек деп ойлаймын. Негізінде кәсібилік, шеберлік деген уақытпен, тәжірибемен келетін нәрсе ғой. Жастар театры актерлерінің бірінің сахнада жүргеніне екі-үш жыл болса, екіншілері енді ғана бұл өнердің қыр-сырын танып жатыр. Ең бастысы, олардың әлеуеті өте жоғары. Мен олардың болашағына сенемін.
Шығарманы шынайы жеткізгім келеді

Гоча Хвичиа, грузин режиссері: - Жұмысымнан ләззат аламын

– Негізінде, өзіңіз қандай спектакльдерді сахналағанды ұнатасыз? Қалауыңыз драма ма, әлде комедиялық қойылымдар ма?

– Шынымды айтсам, мен үшін бұл жағы аса маңызды емес. Қолыма қайсысы түседі, қоя беремін. Мынау драмалық, мынау комедиялық спектакль деп бөлмеймін. Мәселе қандай шығарма екендігінде. Айтар ойы бар, көрерменнің қалауын дөп басатын шығармаларды көрерменге шынайы жеткізгім келеді.

– «Сырт көз сыншы» дегендей, режиссер ретінде Қазақстанның театр өнеріне қандай баға берер едіңіз?

– Ең алдымен байқағаным, Қазақстанда шығармашылыққа көзқарас өзгеше екен. Бұл жақта кешкі сағат алтыда театрдың жұмысы аяқталады. Сағат алты болды ма, жастар үйлеріне қайтуға асығып тұрады. Осы жағы маған біртүрлі көрінеді. Ал біздің Грузияда театрлар тәулік бойы жұмыс істейді деуге болады. Репетиция кезінде біз тіпті уақытпен санаспаймыз. Дайындық кейде түнгі сағат бірде немесе таң ата аяқталуы әбден мүмкін. Ешкім бізге келіп, «жұмыс уақыты бітті, қайтыңыздар» демейді. Шығармашылық жұмыс болған соң болар, белгілі бір белгіленген жұмыс уақыты жоқ. Сосын грузиялық жастардың шығармашылыққа деген көзқарастары да басқаша. Олар үнемі өздігінен бірдеңе оқып, үйреніп жүреді. Әлемдік театр өнеріндегі жаңалықтарды мұқият қадағалап, бақылап отырады. Сосын олардың тіл үйренуге деген құштарлықтары да ерекше. Өте ізденімпаз. Театрлар шетелдік режиссерлермен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Ал мұндағы театр өмірі өзгешелеу. Кейде маған тек өз қазанында ғана қайнап жатқан сияқты көрінеді. Әлемдік театр өнерінде не болып жатқаны тіпті көп актерлерді қызықтырмайтындай.

– Грузия театрларында репертуар тапшылығы жоқ па?

– Бізде репертуар мәселесі деген мүлдем жоқ. Иә, Қазақстан да, Грузия да бұрынғы кеңестік заманды көрген, куә болған мемлекеттер ғой. Бірақ қазір Грузия театрларында баяғы Кеңес одағы кезінде жазылған пьесалар мүлдем қойылмайды. Олар сол заманмен бірге тарих қойнауында қалып қойды деуге де болады. Грузия театрлары қазір еуропалық бағытта дамуда деп айтар едім. Кез келген театрға барсаңыз, Еуропа театрларына тән жұмыс стилін байқайсыз.

– Театр – өнер ордасы деп жатамыз. Бірақ осы театр өнері арқылы бизнес жасауға бола ма?

– Әрине, болады. Тек көзін таба білу керек. Меніңше, театрды осы уақытқа дейін бизнес көзіне айналдыра алмай отыруымыздың себебі тағы да сол кеңестік заманның кесірі деп ойлаймын. Сол кезде қалыптасқан сананың сарқыншағы әлі де бар. Бізге театрды мемлекет қаржыландыруы керек сияқты көрінеді де тұрады. Мемлекетке қол жаю әдетімізге айналған. Бірақ ақша табу мүмкіндігі болса, театр одан бас тартпауы керек. Бір жақсысы, біздің Грузияда қазір бизнесмендердің театрға деген көзқарасы түзеле бастады. Әсіресе олар Тбилисидегі театрларға көп қаржылай қолдау көрсетеді. Дегенмен бизнесмендер аймақтағы театрларға үнемі қолдау көрсетеді деп айта алмаймын.

– Өзіңіз драматургиялық шығармалар жазбайсыз ба?

– Жоқ, жазбаймын.

– Жалпы, өзіңіз қандай адамсыз? Шығармашылық адамы болған соң, жаныңыз нәзік шығар.

– Кейде нәзікпін, кейде қаталмын. Бәрі өмірдегі жағдайларға байланысты.

– Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

– Саяхаттағанды, ел көріп, жер көргенді жақсы көремін. Осы уақытқа дейін әлемдегі қырықтан астам елді аралаппын. Грузияда өзімнің шағын ғана туристік фирмам бар. Жалпы, саяхаттаған адамның таным көкжиегі кеңейеді. Әсіресе Италияға барғанды ерекше жақсы көремін.

– Өскемен қаласы ұнады ма?

– Қаланы әлі жақсылап аралауға қолым тимей жатыр. Бірақ қысы өте қатты екен.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан –Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button