«Дидардың» қонағы

Гүлжан ИСАНОВА, дзюдошы: – Қазақтың күйін тыңдамай кілемге шықпаймын

Жақында Ташкентте өткен дүбірлі додаға қатысқан Зайсан ауданының тумасы Гүлжан Исанова күміс медальды жеңіп алып, Лондон Олимпиадасына берілетін жолдамаға ие болды.

Гүлжан ИСАНОВА, дзюдошы: – Қазақтың күйін тыңдамай кілемге шықпаймынГүлжан Семейдегі аң терісі-мех колледжінің бірінші курсында оқып жүргенде бапкері Тұрмыс Халеловтің жаттықтыруымен күрес өнерінің қыр-сырын меңгерген болатын. 2008 жылғы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысты. 2009 жылы қазақ қыздарының ішінен тұңғыш рет Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Варшавада дзюдодан өткен әлем кубогының кезекті кезеңінде Гүлжан күміс жүлдеге қол жеткізді.

Биыл Алматыда дзюдодан әлем шеберлерінің басын қосқан бәсекеде ең ауыр салмақта белдескен қыздар арасынан суырылып шыққан Гүлжан Исанова үшінші орынды иеленді.

Гүлжан Исанова Халықаралық дзюдо федерациясының рейтингі бойынша 16 үздіктің қатарына енген. Мұның өзі Лондон Олимпиадасына баруға тамаша мүмкіндік еді. Гүлжан мұны пайдалана білді.

Дзюдодан Азия чемпионатында күміске қол жеткізген Гүлжан Исановадан жанкүйерлердің алтын күткені рас. Алайда, дәл қазір барлық спортшылардың басты мақсаты Олимпиада емес пе?! Оның үстіне, дзюдошылар лицензия жеңіп алу үшін бір жыл көлеміндегі бәсекелерде босаңсымай, жүлделі орыннан көрініп, ұпай жинауы тиіс. Гүлжан Исанова өзіне қойылған басты міндетті орындап, Азия чемпионатында үздік үштікке кірді. Ташкенттегі додадан соң спортшымен аз-кем сұхбаттасып едік.

– Негізі, Азия чемпионаты жаман өткен жоқ. Алғашқы айналымда қырғызстандық спортшыны жеңдім. Екінші кезеңде кәріс қызымен жолықтым. Аталған кәріс қызы рейтингте менен біршама жоғары тұр. Төртінші ме, әлде алтыншы ма?! Нақты есіме түспей тұрғаны… Ол да жақсы дзюдошы болатын. Ақтық сынға шығып тұрып, ұтылып қалғаным кішкене көңіліме кірбің салды. Финалда физикалық және техникалық тұрғыдан кішкене шеберлік жетіспей қалды деп ойлаймын. Бұл маған әлі де тер төгіп, дайындала түсу керек деген сөз… Ең бастысы, енді Олимпиада ойындарында қателік жібермеуге тырысу керек.

Олимпиадаға дайындық барысы қалай?

– Дайындық жаман емес. Дәл қазіргі мақсатым – Олимпиадаға қатысып, жүлдегер атану. Спортшы қыздар ана атанар алдында қиналады дегенмен келіспеймін. Оған дәлел ретінде дзюдомен шұғылдана жүріп, келін, ана болуға үлгерген құрбыларымды айтар едім. Айтпақшы, дзюдошы қыздар өте тату тұрамыз. Қуаныш пен қиындықты қатар бөлісіп, бір үйдің баласындай болып кеткенбіз. Қазақстанның намысын қорғап жүрген барлық спортшылармен сәлемім түзу. Алмат Кебіспаевпен қазақтың спорт және туризм академиясында бір топта оқыдым. Үнемі балуандар мен боксшылардың жеңісін тілеп жүремін. Бос уақытымыз бола бермейді. Қолым қалт етсе, қазақтың әншілерін тыңдағанды қатты ұнатамын. Қазақ әншілерінің концертіне бару – ең сүйікті істерімнің бірі. Ал күй дегенде шығар жаным бөлек. Кілемге шығар алдында қазақтың төкпе күйлерін бір тыңдап алғанның пайдасы керемет екенін білесіз бе?! Қаныңды қыздырып, арқаңды қоздырып, рухыңды аспандатып жібереді. Жақында Құрманғазының күйлері жазылған диск сатып алдым. Осыдан бұрын бас бапкер болған Жанат Нұртазина – орыстілді болғанымен, ұлттық мәселеге келгенде есебі түгел жан. Үнемі жолға шығар алдында «Күй жазылған, қазақ әншілерінің тамаша туындылары бар дискілерді сатып ал» деп ақша беретін. Кейде тек қазақша әндерді насихаттайтын арналардың жоқтығына налимын. Мойындаймын, қазақты өте жақсы көремін. Өте ұлтшыл екенім де рас.

Гүлжан, жалпы ұлттық құраманың Азия чемпионатындағы Қазақстан құрамасының көрсеткішін қалай бағалайсың?

– Нәтиже жаман емес. Енді Олимпиада ойындарында алысқа барса, қуанамын!

Әңгімелескен – Әлімжан Қадылбекұлы

Осы айдарда

Back to top button