«Дидардың» қонағы

Гүлнар ДӘУКЕНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші, сазгер:Батыстың келіні болсам да, «Шығыстың шынары» атанып жүрмін

Гүлнар ДӘУКЕНОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші, сазгер:Батыстың келіні болсам да, «Шығыстың шынары» атанып жүрмін

Жақында үржарлықтар Еркеғали Рахмадиев атындағы музыка мектебінің 40 жылдық мерейтойын атап өтті. Соған орай аталған қара шаңырақта білім, өнер нәрімен сусындаған түлектер келіп, қуаныштарымен бөліскен болатын. Сол сыйлы қонақтардың бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, білім беру саласының құрметті қызметкері, күйші, әнші, сазгер, Үржар ауданының Құрметті азаматы Гүлнар Дәукенова. Осы шара барысында әншімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Қадыр ағаға Үржарды бір көрсетсем деуші едім

– Гүлнар апай, сәл шегініс жасап, әңгімемізді сіздің өнер жолына келуіңізден бастасақ.

– Мен бала жасымнан өнерге жақын болып өстім, мектепті де өте жақсы оқып, бар жағынан үздіктер қатарында болдым. Олай дейтінім, музыка мектебінде оқып жүргенімде, үш-ақ жылдың ішінде аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы атандым. Бүгінде 40 жылдығын тойлап отырған музыка мектебінде, Алматыдағы Чайковский атындағы музыка училищесінде, сосын Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда оқып, тәмамдадым. Нәтижесінде Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде 25 жыл домбырашы, әнші болып қызмет атқардым.

– Сонда сіздің өнердегі жолыңыздың қалыптасып, үлкен тәжірибе жинақтаған ортаңыз осы оркестр болғаны ғой?

– Дәл солай. Бір сөзбен айтқанда, бұл оркестр менің академиям болды дей аламын. Әйтсе де, осы жылдар ішінде Үржардағы мектептен қол үзіп кеткен емеспін. Үнемі қолдап, түрлі іс-шараларына қатысып жүрдім. Бұдан 15 жыл бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие болғаннан кейін араға бір жыл салып, мені жерлестерім елге арнайы шақырып, қуанышыммен бөліскен еді. Бір апта бойы небір кездесулер өткізіп, концерттер бердім. Сол жолы өзіммен бірге ұстазым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы оркестрінің сол кездегі бас дирижері Айтқали Жайымовты ерте келген едім. Ол аудандағы «Көңіл толқыны» оркестріне дирижерлік етті. Бұл аудан оркестрі үшін үлкен, мәні терең тарихи шара еді. Елден қайтар жолда ұстазымнан біздің жақтан қандай көңіл күймен қайтып бара жатқаны туралы сұрағанымда ол: «Сендей шәкіртім бар мен бақыттымын» – деген-ді.

– Одан соң елге келмедіңіз бе?

– Одан кейін 2000 жылы елге күміс көмей әнші, Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов ағамен келгенім бар. Ол да керемет оқиға болды. Ел ағаның әсем әндерімен сусындап, ерекше әсер алды. Жалпы, Нұрғали аға менің «Жаным-ау, не білдің?», «Астана-байтақ» деген екі әнімді орындайды. Екі ретте де бізді ауданымыздың белгілі азаматы, дәрігер, өнер жанашыры Елшат Тілекеев бастап келген болатын. Тағы бір жолы елге қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза-Әліні алып келсем деп жүретінмін. Ол кісіден қапияда айырылып қалдық қой.
Сонымен қатар ауданымыздың 80 жылдық тойына құрметті қонақ ретінде шақырылып, мерекелік шараларда өз өнерімізді көрсеткеніміз бар. Тағы бірде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымовпен келгенімде де кездесулер мен концерттер ұйымдастырылған. Сол жолы бір қызық оқиға болған еді. Концерт үстінде жарық өшіп қалып, Донеділ қараңғылыққа қарамай, әнін ары қарай жалғастыра берді. Мен: «Біздің ел күйеу балаларын осылай сынап қояды» – деп жатырмын. Әйтсе де, «қазіргілер тек фонограммамен айтады» деп, әншілерге сенімсіздеу қарап жүрген көрермен сонда бір дән риза болғаны бар.

«Мен!» деп айтудан қорқамын

– Білуімізше, сіз мектептің 35 жылдығына кітап арнаған екенсіз.

– Иә, «Бастау бұлағым» деген кітап арнағанмын. Онда мектеп мұғалімдерінің өмірі мен жеткен жетістіктері туралы баяндалады. Орайы келгенде осы мектептің директорына Ы.Алтынсарин атындағы медаль, ал 7-8 мұғалімге Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасын алып беруге атсалысқанымды айта кетсем артық болмас.

– Сізді Донеділ ағамызбен табыстырған да осы өнер екенін мойындайсыз ба?

– Қара домбыраның арқасында талай жердің дәмін татып, суын іштік. Өмірде ешнәрсе кездейсоқ болмайды ғой, өнерім де, өмірім де Құрманғазымен байланысты болғандықтан, сол ұлы күйші туған өңірге кіндік қаны тамған Донеділді жолықтырғаным да бекер емес сияқты. Дегенмен, батыстың келіні болсам да, «Шығыстың шынары» атанып жүрмін.

– Қазір жеке шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Биылғы қыркүйекте Алматыдағы Республика сарайында жеке шығармашылық кешім өтті. Оған белгілі әртістер Нүсіпжанов, Рымбаева, Қосанова, Түсіпбаева, Оразымбетова, Қаденова, «Жігіттер», «Кешью» топтары және басқа да белгілі тұлғалар қатысты. Мен бұл концертке үлкен жауапкершілікпен дайындалдым. Соныма орай, еңбегім зая кетпеген сияқты. Концерттен кейін Қазақстан Композиторлар одағының басшылары келіп: «Егер Шәмші аға қазақ әнінің королі болса, сіз королевасысыз» деп айтқаны мені ерекше шабыттандырды.

– Ерсілеу болса да, сұрағым келіп отыр. Сіз неден қорқасыз?

– «Мен!» деп айтудан қорқамын. Халқымызда «Мен деген – шөл, біз деген – көл» деген дана сөз бар емес пе?! Содан ба екен, әрбір адамды өте жоғары бағалаймын.

40-қа жуық әнім мен 5-6 күйім бар

– Қазір репертуарыңызда қанша ән бар?

– Шамамен 40-қа жуық әнім мен 5-6 күйім бар. Және бір айта кетерім, мен жылына бір немесе екі ән ғана жазамын. Әндерімді жақсылап сараптаймын, жүрегімнің түбінен өткіземін. Менің ең ұзақ жазған әнім «Анашым» болды. Оны алты ай жазыппын. Ал тырнақалды туындым – «Жасай бер, Қазақстан». Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары жылап отырып жазған алғашқы күйім еді. Оны жазғаныма биыл 20 жыл толыпты. Ол осы уақыт ішінде сахнадан түскен емес және де Қазақ радиосының беташарына айналған. Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі оны елімізбен қатар шетелдерде де орындап жүр. Шетелдегі отандастарымыздың бұл күйді өздерінің әнұранындай қабылдайтындықтарынан хабардармын. Менің бүгінгідей жетістіктерге жеткенім қара домбырамның арқасы деп ойлаймын. Ал маған домбыра үйреткен – Үржар музыка мектебіндегі ұстазым Қайыр Бекболатов.

– Көпшілік сіз «Үржарым» деген ән жазыпты десіп жүр…

– Бұдан біраз уақыт бұрын Үржар ауданының Құрметті азаматы Жабайыл Бейсенов ақсақал маған өзінің «Үржарым» деген өлеңін ұсынған еді. Мен ол өлеңге ән жаздым. Бұйырса, алдағы уақытта тыңдап қаларсыздар.

Өнердегі жол сілтеушім – Донеділ

– Өмірдегі және өнердегі ақылшыңыз кім?

– Өмірдегі ең бірінші ақылшым анам Рысқан болған. Ол кісі қара сөздің шебері, әнші, өте қасиетті адам еді. Негізі, көп нәрсе тәрбиеге байланысты ғой. Анам мені «аққуым» деп еркелететін. Ал әкем Жұмай татарша әндерді жақсы шырқайтын. Сірә, маған өнер ата-анамнан дарыған шығар. Өнердегі жол сілтеушім – жолдасым Донеділ. Өнер үнемі ізденуді, қозғалыста болуды қалайды. Өмірдегі бар мақсатың өнер болған соң, тек қана алға жылжу керек сияқты. Жаратқанға мың да бір шүкір, бір ән жазсам да, ең алдымен, тыңдатып, таразылайтын, түсінуге тырысатын азаматым бар. Біз қай-қашанда бір-біріміздің көңілімізге қаяу түспесе екен деп тұрамыз. Дәм-тұзымызды жарастырған тек қана өнердің құдіреті деп пайымдаймын. Бұрын жалғызілікті өмір сүріп жүргенде қиын еді. Қазір қайда барсақ та қол ұстасып, бірге жүреміз, әнімізді айтамыз, музыкамызды жазамыз. Продюсерім де, директорым да, қорғаушым да, жүргізушім де, жалпы жетелеушім де – Дөкең. Донеділ Қадыр Мырза-Әлі атындағы қордың директоры, қор Қадыр ағамыз қайтыс болғаннан кейін 25 адамнан құрылған-ды. Құрылтайшыларының бірі – өзіммін. Оның құрамында Мереке Құлкенов, Ғалым Жайлыбай, Есенғали Раушанов, Ақұштап Бақтыгереева, Ескендір Хасанғалиев, Ілья Жақанов және басқа да белгілі қаламгерлер мен өнер адамдары, сонымен қатар Астанадан, Оралдан, Қызылордадан өкілдер бар.

– Салмақты дерек көздерінен сіздің бір авторлық қоғамның мүшесі екендігіңізді біліп жатырмыз. Сол туралы нақтылай айта кетсеңіз.

– Ол рас. Авторлық қоғамның кеңес мүшесімін. Жақында осы авторлық қоғамның лауреаты атандым. Жалпы, менің осынау киелі өнер жолында жүргеніме 30 жылдан асыпты. Талай жерге, сонау мұхиттың арғы бетіндегі Америкаға дейін барып, қазақтың күйі мен әнін төгілттік. Кезінде Құрманғазы атындағы консерваторияда жүргенімде қоғамдық жұмыстардың барлығын атқаратынмын. Тіпті, Құрманғазы оркестрінің концертін таза түрік тілінде жүргізгенім де бар. Мен көп сапарда жүрген кезде асыл анамның үнемі айтатын: «Бәсең болсаң, қосыларсың бәйгеге, асқақтасаң, асыларсың аспаға» дейтін сөзі есіме жиі оралады. Өз басым өмір бойы сол қағиданы ұстанумен келемін.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Жақсы ән-күйіңізбен туған халқыңызды қуанта бергейсіз.

Сұхбаттасқан – Зухра Нұржанқызы
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button