Гүлмира Ақүрпекова әнші: – Өнерге бет бұруыма Әкім Тарази ағамыз себепші болды
Тыңдарман қауымға «Шырқа, гитара», «Тамды аруы», «Әйел монологы» сияқты әндердің орындаушысы ретінде танылған Гүлмира Ақүрпековамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
«Шырқа, гитара» әні өнердегі екінші тынысымды ашты
– Соңғы жылдары сахнадан да, бұқаралық ақпарат құралдарынан да көрінбей кеттіңіз. Қайда жүрсіз?
– Орта жастан асқан соң, өскелең ұрпаққа жол беруді жөн деп шештім. Себебі өнер жолына алғаш қадам басқан жастарға орын беріп, шын таланттардың танылуына көмектесу керек. Негізі, отандық телеарналарда көрсетілетін шоу бағдарламаларға шақыртулар жиі келіп тұрады. Алайда оның көбісіне барудан бас тартып жатамын. Өйткені мен сценарийдің талабы бойынша басқа адамның кейпіне еніп, мыңдаған көрерменнің алдында дауласып отыра алмаймын. Бұл – менің табиғатыма жат дүние. Әйтеуір, халық осындай әншінің барын ұмытпасын деп, балаларымен шамалас жастармен сөз таластырып, телеарнадан көрінудің жолын ойлайтын әріптестерімді көргенде ұяламын. Сондықтан ток-шоуға шақырту алғанда, бағдарламаның қандай тәлім-тәрбиелік мәні бар деп сұрап аламын. Себебі халықтың алдына шығып, салиқалы сөз айту – басты міндет. Жаһандану дәуірінде өмір сүреміз деп, ұлттық менталитетімізді ұмытуға болмайды. Әйтпесе, тәрбиелік мәні жоқ шоуларға халықтың еті әбден үйреніп барады. Егер халыққа тигізер пайдасы бар бағдарламалар көбейсе, телеарналардан мен де жиі көрінер едім.
– Сіз телеэкраннан көрінуді былай қойғанда, қазіргі күні пиардың ошағына айналған әлеуметтік желілерде де белсенді емессіз. Басқа әріптестеріңіз сияқты неге жарнама жасауға көңіл бөлмейсіз? Тыңдарман қауым сізді ұмытып қалады деп ойламайсыз ба?
– Жарнама жасағанды ұнатпаймын. Көп болса, той мен концертке шақырусыз қалармын. Одан атағым аласарып қалмас. Қазақта «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген мақал бар. Сондықтан шақырған жерден қалмаймын. Енді өскелең ұрпақ танымайды демесеңіз, кезінде әндерімді тыңдап өскен тыңдармандарым мені ұмыта қойған жоқ. «Сіз қайда жүрсіз, неге көрінбей кеттіңіз?» деген сұрақтардың қойылуы да іздеушімнің барын, өнерімді бағалайтын қауымның қарасы көп екенін білдірсе керек. Артында іздеушісі, сұраушысы бар адам ұмытылмайды. Жарнаманың жөні осы екен деп, пиар жасап, ел алдындағы қадірімді кетіргім келмейді.
– Сіздің жеке репертуарыңыздағы барлық ән гитараның сүйемелдеуімен орындалады. Неліктен бұл аспапты таңдадыңыз?
– Гитараға деген қызығушылығым жетінші сынып оқып жүрген кезде оянды. Бірде Тараз қаласында оқитын ағам біздің үйге қонаққа келді. Қолында гитарасы бар екен. Содан анам дастархан жайғанша, ағам інім Нұрланға (белгілі бокс бапкері Нұрлан Ақүрпеков) аккордтарды үйрете бастады. Сол кезде оның айтқандарын қалт жібермей тыңдап отырып, аспаптың тілін меңгеріп алдым. Одан кейін бос уақытымда гитарамен ән айтуды үйрендім. Мектепте оқып жүрген кезімде тым ұялшақ болдым. Сондықтан болар, сыныптастарым менің гитарада ойнайтынымды білмеді. Кейін Абай атындағы педагогикалық институттың химия-биология факультетіне оқуға түскен соң, ән байқауларына қатыса бастадым. Сөйтіп жүріп, қалай гитарашы қыз атанғанымды білмей қалдым.
– Өнер жолына қалай келдіңіз? Ең алғаш рет үлкен сахнада орындаған әніңіз есіңізде ме?
– Ең алғаш рет үлкен сахнаға Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған Н.Нұрмақановтың «Нұрлы арман» атты әнімен шықтым. «Үздіксіз іздегенім менің, Үмітімді үзбегенім менің» деп жастар күні бүгінге дейін жарыса шырқайтын әсем әнді ең алғаш сахнаға алып шыққан – мен. Бірақ қазір бұл әннің орындаушысы көбейіп кетті ғой (күліп). Кейіннен Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Гүлнар Шәмшиеваның «Әйел монологы» деген әнін орындап, халыққа танылдым. Алайда тұрмыс құрғаннан кейін, бала күтіміне байланысты үш жылдай үйде отырдым. Кейін өнер жолына қайта келгенімде, Ержан Серікбаевтың «Шырқа, гитарасы» екінші тынысымды ашып, әрі қарай шыңдалуыма мүмкіндік сыйлады.
Бар білгенімді жастарға үйреткім келеді
– Бала күніңізден бері әнші болуды армандағаныңызбен, педагогикалық институтқа түсіп, кейіннен аспирантураны бітіріп, бес жыл ұстаздық қызмет атқардыңыз. Бүгінде кезінде бірден өнер жолына неге ат бұрмадым деп өкінбейсіз бе?
– Институтта оқып жүрген кезімде менің орындауымдағы әнді естіген сол кездегі Жазушылар одағының үшінші хатшысы болған Әкім Тарази ағамыз: «Қарындасым, пединститутта неге адасып жүрсің? Химия, биология пәндеріңе үш қайнасаң сорпаң қосылмайды. Консерваторияға түс, өнеріңді шыңда! Талантыңды тұншықтырма», деп кеңесін берді. Содан жоғарғы оқу орнын бітірген соң, консерваторияға барамын деген шешімге келдім. Бірақ аяқ астынан барлық жоспарым өзгеріп кетті. Ол кезде институтта ректордың басшылығымен арнайы комиссия құрылып, олар түлектердің қайда жұмыс істеуге баратынын шешетін еді. Содан группаластарымды еліміздің өзге аймақтарына еңбек етуге жіберді. Ал мен ректордың шешімімен аспирантураға оқуға қалдым. Сонау жылдары институтта қалу деген әркімге бұйыра бермейтін бақ болатын. Сөйтіп, педагогикалық институтта қалғаным дұрыс деп шештім. Кейін сол жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе мұғалімдік пен әншіліктің бірін таңдауға тура келді. Содан өнерге түбегейлі бет бұруға шешім қабылдадым. Негізі, ұстаз болып, шәкірт тәрбиелегеніме еш уақытта өкінген емеспін. Себебі мұғалімдіктің арқасында бала психологиясын меңгеріп, адамдармен қарым-қатынас орнатудың қыр-сырын үйрендім десем артық айтқандық емес.
– Бүгінде әншілердің көбісі продюсерлікпен айналысуды қолға алды. Тіпті сахна әлеміне енді ғана қадам басқан жастардың өзі шәкірт тәрбиелеумен айналысуда. Ал Гүлмира Ақүрпекованың шәкірттерін сахнадан қашан көреміз?
– Шәкірт тәрбиелеу жоспарда бар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Өскемен қаласында өткен «Шырқа, гитара» атты кештен кейін гитарамен ән салатын жастарды таңдап алып, топ құрып, продюсерлікпен айналысқым келген. Тіпті арнайы кастинг ұйымдастырып, оған келген қатысушылардың арасынан талантты қыздарды да іріктеп алғанмын. Бірақ барлық дүние қаржыға келіп тірелді. Жалпы, бұрын-соңды продюсерлікпен айналыспаған соң, бұл салада тәжірибем аз болды. Болашақта демеушілер табылып жатса, қазақ жастарынан құралған гитарашы қыздардың тобын құрып, бар білгенімді үйретсем деген ниетім бар.
– Отбасыңыз жөнінде айта кетсеңіз…
– Көпбалалы отбасында өстім. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте озды. Анам қиындық атаулыдан қаймықпай, бізді бағып-қақты. Кейде мамамның алдындағы перзенттік парызымды өтей алдым ба деп көп ойлаймын. Жалпы, қайда жүрсем де, ата-анамның атына кір келтірмеуге тырысамын. Ал жеке өміріме келсек, бір бала тәрбиелеп отырмын. Кезінде анамның маған берген тәлім-тәрбиесін қызымның бойына сіңіргім келеді.
– Әнді орындау мәнері мен оның мәтініне қаншалықты мән бересіз?
– Кез келген әнді орындамас бұрын, мәтініне ерекше назар аударамын. Біз ежелден сөздің түп төркініне қарайтын халықпыз ғой. Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынов «Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі» деп бекер айтып кетпесе керек.
– Өмірлік ұстанымыңыз қандай?
– «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді» деген нақыл сөз бар. Сол себептен жүректі таза ұстау керек.
– Адамның қандай қасиетін жоғары бағалайсыз?
– Сыйластық. Қазақ «Сыйласаң, сыйлы боларсың» дейді ғой. Сондықтан үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарап жүргенге не жетсін?!
– Қайырымдылық концерттеріне қаншалықты жиі қатысып тұрасыз?
– «Жақсылық жаса да, суға таста, халық көрмесе, балық көреді» деген мақал бар. Әрине, қолдан келгенше көмектескім келіп тұрады. Елімізда қарттар мен жетімдер үйі болмаса екен деп тілеймін. Бос болсам, мұндай кештерден қалмауға тырысамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова