Денсаулық сақтау

Гибридті ота залы әлемдегі озық қондырғымен қамтылады

Гибридті ота залы әлемдегі озық қондырғымен қамтылады


Облыс басшылығы денсаулық сақтау саласына ұдайы көңіл бөліп келеді. Семейге келген әр сапарында Даниал Ахметов жергілікті ауруханаларға соқпай кетпейтіні рас. Бұл жолы да облыс әкімі жедел медициналық жәрдем ауруханасына барып, жүктелген міндеттердің қаншалықты орындалып жатқанын көріп қайтты.

Бұған дейін айтқанымыздай, Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасында гибридті ота залын ашу көзделген. Онда барлық жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлері жүзеге асатын болады. Атап айтқанда, жедел коронарлы синдром, яғни инсультті алдын алуға, сондай-ақ кардиохирургиялық күрделі оталар жүргізілмек. Бұл өз кезегінде сапалы медициналық қызметке жол ашады. Гибридті ота залы әлемдегі ең үздік құрал-жабдықтармен қамтылады деп сендірді облыс басшысы. Сол сияқты осы аурухананың негізінде политравма және ортопедия орталығының ашылуы жоспарда бар.

– Біз елімізде алғашқылардың бірі болып, Өскеменде роботтандырылған хирургия орталығын аштық. Дәл солай бұл ауруханада тұңғыш рет гибридті ота залы іске қосылады. Гибридті ота залы әлемдегі ең озық қондырғымен қамтылады. Осы арқылы Өскемен секілді Семей шаһары да алдыңғы қатарлы медицинаның орталығына айналады. Бұл жай ғана айтылған сөз емес. Біз жыл сайын 60-80 адамды Еуропаға біліктілігін арттыруға жібереміз. Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығы мен келесі жылдың алғашқы ширегінде барлық бас дәрігерлер Еуропаның, оның ішінде Англия, Польша және Францияның клиникаларында білімдерін жетілдіретін болады. Осылайша, біз адами капиталды дамытуды мақсатты түрде іске асырамыз. Бұдан өзге жылма-жыл 2400-дей дәрігер мен медбике медицина университетінен қайта даярлау курстарынан өтуде, – деген Даниал Ахметов білікті кадрларды даярлау мәселесіне әрдайым басымдық берілетінін атап көрсетті.

Аймақ басшысы облыстағы ауруханаларды қажетті жаңа қондырғылармен қамтуға 17 млрд. теңге жұмсалғанын нақтылады. Тағы 6 млрд. теңгені келер жылы аудару көзделуде. Әйтсе де озық ойлы, білгір мамандарды әзірлеу саясаты басты ұстаным болып қала бермек. Сол сияқты Даниал Ахметовке науқастарды қабылдау мен қызмет көрсетудің әлемдік талаптарға негізделген үлгілері көрсетілді.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button