Денсаулық сақтау

Героин таратушыларды қалай тез табуға болады?

Героин таратушыларды қалай тез табуға болады?

Облыста есірткінің ауыр түрлерін қолдану мен тарату бұрынғы жылдармен салыстырғанда көп азайғаны – ең алдымен, облыстық ішкі істер департаменті облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасы қызметкерлерінің демалыс, мейрам күндеріне қарамастан жұмыс істеген тынымсыз еңбегінің жемісі. Ел болып Тұңғыш Президент күні мерекесін тойлап жатқанда, олар кезекті қылмыстың жолын кесуге аттанды. Ал өткен жазда есірткі бизнесімен күресушілер героин таратқан екі өскемендік жігітті олардың өміріндегі ең қуанышты сәттерінде құрықтапты.

Болмай қалған той

Облыс орталығында аса көп мөлшерде героин сатып, таратқан Януш есімді өскемендік тұрғынды полиция қызметкерлері үйленуге бір күн қалғанда тұтқындайды. Басқарма қызметкерлері күдіктінің үйіне келгенде тойға қызу дайындықтың үстінен түскен. Алынған жәшік-жәшік арақ-шарап, жеміс-жидек, басқа да азық-түлік қоры осы жақта бір тойдың болатынын білдіргендей еді. Салтанатқа арнайы келген болашақ енесі полицейлердің не мақсатпен келгенін түсінгенде, не істерін білмей, үйден қаша жөнеліпті. Ал есірткі сатушының қалыңдығы бастауыш сыныптардың мұғалімі екен. Қалыңдығы «ештеңеден хабарсызбын» десе де, олардың күнделікті ұсақ-түйекті алуға деп ақша жиған қораптан тек бес, он мыңдық купюралар шығыпты.
Қызметкерлердің айтысына қарағанда, Януштың ізіне түсуге бір тұрғынның көмегі тиген. Жаз ортасында оларға орта жастағы бір азамат келіп, жұмыстарына қолдау көрсеткісі келетінін білдірген.
– Ол азамат Бажов көшесінің бойында орналасқан «Автоколесо» көліктерді жуатын жерде бір жігіттің, оны Андрей деп атайық, героиннің 5 грамын 15 мың теңгеден сатып жүргенін айтты, – деп әңгімелейді басқарма қызметкері Ренат Икласов. – Өзі зиянды затты Андрейден шартты түрде сатып алушы болуға келісті. Көмекшіміз алдымен одан 1,4 грамм героин сатып алды. Алынған затқа жүргізілген сараптаманың нәтижесінде оның есірткі екеніне көзіміз жеткеннен кейін, ертеңінде қылмыскерді тұратын үйінің маңында қолға түсірдік. Оның жанынан тағы 1,3 грамм есірткі зат табылды.
Осылайша, қылмысы ашылған Андрей өзінің бұл заңға томпақ іс-әрекетке науқас анасын емдеуге қаражат жинау үшін барғанын айтып, ақталмақ болыпты. Алайда, заңсыз заттарды Януш есімді тұрғыннан алатынын мойындаған.
-Жаңа Қылмыстық-процессуалды кодекстің 618-бабына сәйкес, қылмысын мойындап, құқық қорғаушылармен бірлесе жұмыс істеуге келіскен қылмыскерлердің жазасы жеңілдетіледі. Егер заң бойынша мұндай қылмыстары үшін 10-15 жылға бас бостандығынан айырылатын болса, тергеу амалдарына қолдау көрсеткендердің, есірткі заттарын тасымалдайтын арналарды әшкерелегендердің жазасы 5 жыл болуы мүмкін. Сол себепті, қылмыстары дәлелденетінін анық ұққандар бізбен бірлесе жұмыс істеуге келіседі, – деп түсіндірді басқарма қызметкерлері. Оның үстіне темір тордың арғы жағындағы өмір де қазір қиындап кетіпті. Наркобарондардың бұрынғыдай жеке ұялы телефон ұстауы, басқа да жеңілдіктері жойылған көрінеді.
Ал Янушқа келетін болсақ, қылмысын әшкерелеу үшін оны күндіз-түні бақылауға тура келген. Өйткені ол бір мекенжайда тұрғанымен, есірткі заттарын жалға алған басқа пәтерде сақтап жүреді. Соған қарамастан, мамандардың жүргізген сауатты жедел-тергеу амалдарының нәтижесінде аса көп мөлшерде героин заттарын сатушы қолға түсіп, оның қалтасынан 10,5128 грамм героин алынады. Ал пәтерін тінткен кезде оның баспанасынан 501,46 грамм героин және 1 килограмм 131,8 грамм кепкен анаша табылған. Есірткі бизнесімен күресушілер 1 килограмм анашадан 200 доза шығатынын, ал оның бір дозасы 800-1200 теңге шамасында саудаланатынын айтады. Алынған барлық заңсыз заттардың құны 1,5 миллион теңгеден асып кетеді. Оқырманға алғашқы қылмыскерді қолға түсірсе болды, жіптің ұшы ары қарай басты қылмыскерге өзі-ақ әкелетін сияқты болып көрінуі мүмкін. Бәрі біз ойлағандай оп-оңай емес екен. Аса үлкен мөлшермен қолға түскен Януш та бірлесе қызмет істеуге келіскенімен, оған есірткі заттарын сатып жүрген Е. есімді күдікті кінәсін мойындамапты. Оның ірі мөлшердегі зиянды заттарды қайдан жеткізетіні құқық қорғаушылар үшін әлі жұмбақ. Белгілісі, оның есірткі саудалайтын арнасының жұмысы жақсы жолға қойылған. Алматы қаласының тумасы. Қолға түскенге дейін облыс орталығында тұрып жатқан. Бұрын сотталмаған. Еш жерде жұмыс істемейтін жігіт Ресейден аса қымбат джип көлігін айдап әкеліпті, тұрмысы да бақуатты болған. Януштың көмегімен оны қолға түсірген сәтте көлігінен 1 килограмм 135,88 грамм марихуана табылыпты. Осы күні Е.-мен қарым-қатынасы бар Н. есімді келіншектің Мирный кентіндегі жер үйін тінткен кезде, 531,86 грамм марихуана алынды. Ал күдіктінің өзінің жалдап тұрып жатқан пәтерінде 4,11 грамм марихуана мен 74,02 грамм анашаның қоры анықталған . Осындай сөзсіз айғақпен қолға түскеніне қарамастан ол өз кінәсін мойындамай отыр. Қазір осы үш азаматқа да қатысты істер сот орындарына жіберіліпті.

Нәрестесімен қолға түскен нашақор

Келесі кейіпкеріміздің тағдыры тіпті адам нанғысыз. Кәсіби спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып жүрген жігіт аяқастынан көзге, мұрынға тамызатын, есірткі қоспалары бар тамшыларды басында жасырын, соңынан, ашықтан-ашық қолдана бастайды. Осылайша, зиянды заттарға қалай тәуелді болғанын өзі де байқамай қалған. Бұл азаматтың да тұрмысы басқалар қызығатындай еді. Келіншегі әдемі өзбек қызы, өздерінің гүл сататын дүкендері бар, бұрын істі болмаған. Қылмысымен ұсталардан екі ай бұрын ғана сәбилі болып, шалқып жүрген кезі екен.
-Бұл жолы да тұрғындардың бірі сақтық танытып, есірткі бизнесімен күрес басқармасына Мага атты азаматтың героин заттарының аса үлкен мөлшерін сақтап, саудалап жүргені туралы жедел хабарлады, -дейді бөлім бастығы Асхат Рамазанов. – Сондай-ақ, хабарлаушы 5 грамм есірткіні 8-10 мың теңгеге сатып алуға болатынын жеткізді.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде Маганың кім екені, оның отбасы, тұрмысы, араласатын ортасы туралы толық мәлімет жиналады. Оның есірткі заттарын ғаламтор арқылы киви-әмиянның көмегімен сататыны анықталған. Маганың таныстарының бірімен байланыс орнатылады. Ол адам Маганың шынымен де заңсыз есірткі саудалаумен айналысатынын, Өскеменде 5 грамм героинді 8-10 теңгеге сататынын, оған есірткіні сатып алуға болатын киви-әмиянның нөмірі де белгілі екенін жайып салған. Осылайша, облыс прокурорының берген санкциясының шеңберінде Маганың жаңағы танысына 9,18 грамм героинді 20 мың теңгеге сатып жатқан факті құжатталады. Дәл сол күні тағы бір мекенжайда басқа бір нашақор қолға түседі. Оның қалтасынан 39,5988 грамм героин шыққан. Бұл күдікті де өзінің есірткіні белгісіз адамнан киви-әмиянның көмегімен сатып алғанын айтқан. Ал белгісіз адамды Маганың үйінің ауласында кездестіргенін көрсетеді. Осындай айғақтардан кейін есірткімен күресушілерде ешқандай күмән қалмай, олар Маганы үйінің ауласында ұстайды. Тұтқындалған кезде ол қолына екі айлық нәрестесін ұстап келе жатыпты. Оның қалтасында 114,1508 грамм героин бары белгілі болған. Қазіргі уақытта нашақор әке темір торға қамалып, оның есірткі заттарын тарататын арналары, таныстары анықталуда. Айтпақшы, оның әкесі де есірткі заттарын саудалағаны үшін он жыл түрмеде отырған көрінеді, екі жыл бұрын жазасын өтеп шыққан.

Заңсыз дәрі-дәрмекті саудалау азаймай тұр

Облыс тұрғындарының нашақорлық деген кеселге ымырашылық танытпауы үшін басқарма қызметкерлері әртүрлі акциялар мен басқа да шараларды үнемі ұйымдастырып тұрады. Жуықта осы тақырыпқа арналған интернет-конференция өткен болатын. Оның қорытындылары туралы облыстық есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Эдеш Рахымжанов былай деді:
-Тұрғындардан келіп түскен сауалдардың басым бөлігі басқарма қызметкерлерінің нашақорлық атты тажалмен қалай күресіп жатқаны туралы болды. Бұл жерде біздің мамандардың күшімен нашақорлықтың алдын алу мақсатында үстіміздегі жылы 25 акция өткізілгенін айта кеткен жөн. Оның ішінде «Туризм нашақорлыққа қарсы» шарасы, нашақорлықпен күрестің халықаралық күні қарсаңында облыс орталығындағы «Металлургтер» саябағында қала тұрғындары арасында әртүрлі спорттық жарыстар мен викториналық ойындар ұйымдастырылды. Осындай акцияларға әсіресе жас жеткіншектердің қызыға қатысатыны қуантады. Осы сынды шаралар барлық аудандарда да қолға алынған болатын.
Полиция полковнигі тұрғындарды есірткімен күресте қандай қиындықтар кездесетіні де қызықтыратынын айтады. Басты қиындық – есірткіге тәуелділердің зиянды заттардың қоспасын тұрмыс жағдайында өз беттерімен дайындап алуы екен. Мұндай улы қоспаларды әзірлеуге болатын барлық ингриденттер қолжетімді, оның жасалу тәсілдерін жеткіншектер ғаламтордан-ақ көріп алады. Осындай қолдан жасалған заттарға сараптама жасағанда, коспалардың ешқандай да есірткі заттары емес екені, тұтынушылардың оған аз мөлшерде қосылған апиыннан масаятыны анықталған. Ал басқа қосындылардың денсаулыққа тигізер залалы сол апиыннан да артып кететінін, өкінішке қарай, нашақорлар жете түсінбейді. Сол сияқты «дәріханалық» нашақорлыққа да әзірге сөзсіз тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Бұл жерде Эдеш Рахымжанов рецепсіз саудалауға болмайтын дәрі-дәрмекті кедергісіз сата беретін жүгенсіз провизорлар мен дәріхана қызметкерлері азаймай, бұл проблемадан құтылу мүмкін еместігін жасырмайды. Басқарма қызметкерлері құрамында есірткі заттары бар көзге, мұрынға тамызатын кейбір дәрілерді рұқсатсыз сатқан дәріханаларды анықтап, жауапқа тартумен үнемі айналысып келеді. Ағымдағы жылы осындай 15 факті әшкереленіпті.
Облыстың есірткі бизнесімен бас күрескері тұрғындардан подъездерінен ацетон, мүсәтір сияқты улы заттардың иісі шықса, бірден «102» телефонына хабарласуға кеңес береді. Сонымен қатар, есірткі заттарын тұтынушылар туралы немесе есірткінің заңсыз айналымы жайындағы фактілерді білетін азаматтар басқарманың 26-42-76 сенім телефонына хабарласуына болады екен. Мәлімет берушінің есімі құпия сақталатынына кепілдік беріледі.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button