Денсаулық сақтау

Герлок операциясын жасады

Айна Ескенқызы

 Облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығының мамандары өз тәжірибелерінде қатерлі ісіктің бірнеше түрін емдеудің заманауи жоғары технологиялық әдістерін меңгеріп, оны сәтті қолданып келеді.

Онкохирургтер сондай күрделі оталардың бірі – өңеш онкологиясын емдеу әдісі  – Герлок операциясын Өскемен  қаласының 53 жастағы тұрғынына жасады. Медициналық орталықта түсіндіргендей, бұл – асқазанның кардиальды бөлігіндегі қатерлі ісігіне лапаро, торако және диафрагмотомия жолдары арқылы жасалатын хирургиялық операция.

Бүгін науқас өзінің жағдайы жақсарғанын, үйге тезірек шығуды күтіп отырғанын айтты.

     – Онкологиялық орталықтың дәрігерлері – қарапайым адамдардың өмірін сақтап, салауатты болашаққа үміт беретін нағыз мамандар. Аурухананың барлық қызметкеріне көрсеткен сапалы қызметі мен жақсы қарым-қатынасы үшін алғыс айтамын. Айта кетейін, операция маған МӘМС аясында тегін жасалды, – деп бөлісті онкологиялық орталықтың пациенті.

Торакальды онколог-хирург Әділбек Баймұсанов тағы бір жағдай туралы айтып берді.

Облыс орталығының  тағы бір тұрғыны соңғы кездері өзін жайсыз сезініп жүрген. Ол өзі тіркелген емханаға барып, диагностикадан өткен кезде ол кісіде қатерлі ісіктің алғашқы сатысы анықталған. Онколог-хирургтің айтуынша, бұл пациентке де ота МӘМС есебінен тегін жасалды. Сәтті операциядан кейін әйел өзін жақсы сезінеді және қазір үйге қайтуға дайындалып жүр.

Өткен жылы облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығы онкохирургия бөлімшесінің дәрігерлері екі мыңға жуық жоғары технологиялық ота жасағанын айта кеткен жөн.

 

Осы айдарда

Back to top button