Тарих

ГЕНЕРАЛ ДӘЛЕЛХАННЫҢ САРДАРЫ БОЛҒАН ҚАСЫМБЕК АҚТАНҰЛЫ ЖАЙЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

Таным

Бұл материал қызыл империяның солақай саясатының салдарынан Тарбағайдың арғы бетіне ауып кетуге мәжбүр болған Төртуылдың төбе биі атанған Рақымжан Жолбарысұлы мен оның ұрпақтарының бастарынан кешірген тартысқа толы тағдырларына арналып отыр. Мақала бидің шөбересі Серік Ақтановтың әкесі Қасымбек, атасы Ақтан мен бабасы Рақымжан жайында тірнектеп жинаған деректері негізінде жазылды.

АҚТАННЫҢ АМАНАТЫ

«НКВД ұстап әкетіп, түрмеге жауып қойыпты, атып тастапты, итжеккенге айдатып жіберіпті» деген суық сөздің ел ішін кеулеп, жұртты үрейлендіріп тұрғанына бірталай болған. Осы жаманат сөз шыққаннан бері Рақымжан бидің ұлы Ақтанның да көңілі күпті еді. Кеңес өкіметінің мына сұрқия саясатынан секем алғандардың алды арғы бет асып кеткендерін де білмей, көрмей отырған жоқ. Ақтан да тәуекелге бел буып, әулетімен арғы бетке өтіп кетуді көптен бері ойлап жүр. Бірақ кеш қалыпты, әне-міне деп жүргенінде НКВД жендеттерінің қыл шылбыры мойнына сап ете түскен. «Жеті атасынан қаракөк, шынжыр балақ, шұбар төстің нақ өзі, әкесі Рақымжан ел билеген адам, өзі де би болған, зәузатымен кеңес өкіметіне қарсы» деген жаламен Зайсанның тас түрмесіне қамалған. Үш ай бойы тергеушілердің тепкісін көріп, өлермен халге жеткенде бір күні түрме қызметкерлері үйіне сүйреп әкеп тастаған. Ол келген бойда бар күшін жинап, әкесі Рақымжанға:

– Әке, менің күнім санаулы, ендігі жерде өз бастарыңыздың амандығын ойлаңыз. Менің сүйегімді қара жердің қойнауына тапсырысымен үдере көшуден басқа сізге жол қалған жоқ. Қытай жерінде де қалың найман ұйысып отыр, Төртуылдың төбе биі атыңыз бар, сізді шетке қақпас. Мен қапы қалдым, енді сізге кешеуілдеуге әсте болмайды, көшуге бүгіннен бастап қамдана бастаңыз. Ана екі ұлдың қызығын көру маған жазбапты. Екеуі сіздің соңыңыздан ерсе, жерде қалмасын білемін. Қос құлыным сізге аманат! – деген соңғы сөзін үзіп-жұлып әрең айтқан.

Екі күннен кейін Ақтан көз жұмды. Сол күннің ертеңінде Рақымжанның күйеу баласы Ысқақ болыстан суыт хабар жеткен. Осы жуық арада Рақымжан биді және оның қос немересі Мүрсәлім мен Қасымбекті ұстауға НКВД кісі жібермек екен. Ысқақ болыстың хабары жетісімен буынып, түйініп отырған Рақымжанның ауылы сол түні көш түзеген.
Осылайша алды жар, арты соқпақ бидің көші шекарадан аман-есен өтіп, Қытайдың Қаба ауданына іліккен. Рақымжан бидің ауылын Әбет залың (старшын) құшақ жая қарсы алып, кең қолтық адамның пейілін танытқан, өздеріне қоныс, малдарына өріс берген. Кейін кеңес жағы барша босқындарды қайтарып алуға әрекет жасағанда Рақымжан бидің қос немересін жергілікті өкіметтен жасырып қалған да осы Әбет залың екен. Ол соңынан совет жерінде гимназия бітірген білімді екі жасты Сарсүмбе қаласында қызметке орналастырады.

Жетпістің желкесіне шыққанда ұрпақ амандығы үшін бас сауғалай Қытай асып, көзінің ағы менен қарасындай болған қос немересін кеңестің қыл шылбырынан аман алып қалып, шет жерде ер жеткізген Рақымжан би 1935 жылы Сарсүмбе қаласында қайтыс болған. Ұлы Ақтанның аманатын орындап барып көз жұмған бидің сүйегі Сарсүмбенің маңындағы Дөңбазар қабырстанында жатқан көрінеді. Біз мұны Қытайдағы қазақ жазушысы Мағаз Сүлейменұлының аузынан естіген едік. Өткен жылы Ақтан шешеннің ұлы Қасымбектің туғанына 100 жыл толуына орай ұрпақтары Өскеменде ас берген болатын. Осы асқа арнайы шақыртумен Қытайдан Мағаз да келген. Сол күндерде қандас жазушымызбен азды-кем әңгімелесудің сәті түскен.

АЛТАЙДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІНІҢ БЕЛСЕНДІСІ

Сарсүмбеге бірінші болып келген Мүрсәлім Алтай аймағының дутыңы Шәріпхан Көгедаевтың әскери бөлімінде адъютанттық қызметке тұрады. Ал Қасымбек аймақтың мәдени жұмыстарына араласып, кеңес жерінен барған зиялылардан Сарсүмбеде тұңғыш қазақ театрын ұйымдастырушылардың бірі болады. Сөйтіп, отызыншы жылдардың ішінде ол Алтай аймағында мәдениет саласын өрістетуге зор үлсс қосқан адам ретінде танылады.
Алайда, Алтай аймағындағы мамыражай тыныштық ұзаққа бармады. Қытайдың гоминдандық жүйесінің озбыр саясатына шыдамаған қазақтар мен аз ұлт өкілдері бас көтеруге мәжбүр болды. Қырқыншы жылдардың орта шенінде Іле – Алтай – Тарбағатайды қамтыған халық толқуы «Үш аймақ көтерілісі» деген атпен тарихта қалғаны белгілі. Осы көтеріліске Қасымбек Ақтанұлы да қатысқан. Гоминдан үкіметін құлатуға қарсы көтеріліске шыққандарды генерал-губернатор Дәлелхан Сүгірбаев басқарған. Қасымбек 1945 жылдың жазында Дәлелханға қосылу үшін елін бастап, Алтайдың Өрмегейті жайлауы арқылы Моңғолия жеріне өтеді. Сөйтіп, ол ұлт-азаттық жолындағы көтерілісшілер сапына қосылып, Дәлелхан генералдың сенімді серіктерінің біріне айналады. Атты әскер полкінде батальонға басшылық жасайды. Сардар Қасымбектің омырауына «Бірінші дәрежелі алтын жұлдыз» ордені мен «Сенім» медалінің қадалуы осы тұста болса керек.

Әу баста Оспан Исламұлының қолынан жеңіліс тапқан Дәлелхан жасағы кейін Алтайға қайта оралып, Сарсүмбені Оспанның қолынан босатады. Генерал Дәлелхан Сүгірбайұлы Алтай аймақтық әкімшілік мекемесіне басшылыққа келгеннен кейін Қасымбектің белсенді үкіметтік қызметі басталады. Сол жылы ол баж (салық) мекемесінің бастығына тағайындалып, бұл қызметті 1956 жылға дейін атқарады. Бұдан кейін бірнеше жыл Буыршын ауданының әкімі болып істейді.

Ол шақта әкім ел аралау үшін атпен жүретін, мәшине атаулы әлі жоқ-тын. Тайлақ түйедей «Тобық торысына» мінген алпамсадай адамды анадайдан көргендер бірден танып, «Қасымбек әкім келе жатыр» деп жабыла шуласып, қарсы алып жататын» деп жазып алыпты Мағаз Сүлейменұлы Буыршында онымен қызметтес болған көнекөздерден естігенін.

Мағаз ағамыздың Алтай аймағында Қасекеңді көзі көрген, кезінде онымен қызметтес болған қариялардан жазып алған естеліктерінен оның тегіне тартқан ақпа тілді шешендігі, бірер шумақ өлеңді табанда суырып айтып тастайтын ақындығы меи әншілігі, жақсы ат мініп, сәнімен киініп жүретін серілігі де барын көреміз. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат айтыс өнерінен де құралақан болмаған сияқты. Оған қолымыздағы Алтай аймағына сол кезде аты мәшһүр болған Мәдіхан Жақсыбайқызымен айтысы дәлел боларлықтай. Қасекең бірде қызмет бабымен қасында Кәсіпбай деген жолдасы бар Шіңгілдегі Жақсыбай жайлауына келе қалыпты. Қасымбектің сырын білетіндер Мәдіханды шақыртып алып, айтысқа қосыпты. Ақын келіншек кіріп келген бойда:
– Өлеңге өз ортаңда бар екенсің,
Өзіңше жеңемін деп дәметесің.
Мен сені келіншек деп естуші едім,
Торсиған тошаладай бала екенсің, – деп Қасекең айтысты бірінші бастап жіберіпті. Мәдіхан да бөгелместен:
– Кәсіпбай ертіп кепті Қасекесін,
Білмеймін қанша елге бас екенсің,
Атамдай кәрі қой деп ойлаушы едім,
Қырқылжың қырқадағы жас екенсің, – деп айтысты табанда кыздырып әкетіпті. Біздің қолымыздағы оншақты шумақ өлең жолдары айтыстың толық нұсқасы емес екендігі даусыз. Бірақ осының өзінен екі ақын да айтыс өнерін толық меңгерген деген ой түйіндеуімізге болатындай.

«ШЕТЕЛГЕ БАЙЛАНҒАН ЭЛЕМЕНТ»
Қытай Компартиясының мың құбылған солақай саясаты Қасымбек сияқты ел тізгінін ұстаған жандарға да оңай тимеді. Ойламаған жерден Буыршын ауданының әкіміне «шетелге байланған элемент», «ұлтшыл элемент» деген айыптар тағылды. Қасымбекке бұдан басқа «атқұмар әкім», «етқұмар әкім» деген сияқты күлкілі мін тағылады. Бұған Қасекең: «Ер қанты – ат» деген нақыл бар, сондықтан атқұмармын, ал қазақ болғаным үшін етқұмар болғаным рас» деп жауап берген екен. Ол осындай қисынсыз айыптармен мансабынан айырылып, 1959 жылы еңбекпен түзету лагеріне айдалады.
Бір кезде генарал-губернатор Дәлелхан Сүгірбаевтың адъютанты секілді айбынды қызметте болған ағасы Мүрсәлім бұл айдауға түскен жылы Қазақстанға көшіп кеткен-тұғын. Ол ендігі кезек өзінікі деп ой түйеді. Осы байлау мен айдаудан құтылса, бұл жақта бір күн де тұрмасқа іштей бекінеді.

Қарап отырса, осы өмірінің аттай отыз екі жылын Қытайдың Алтай аймағында өткізген екен. Осы жылдардың ішінде не көрмеді дерсің. Әу деп келгенде күнкөріс қамымен ағасы екеуі Буыршынның Ақтүбек жерінде алтын қазумен айналысатын бір дүңгенге жалданып, жан баққан. Сарсүмбеге алғаш барғанда осындағы орыс мамандарынан мал дәрігерлік кәсібінен білім алып, біраз уақыт зоотехник болып жүрді. Әйтеуір, бақытына орай Әбет залың, Шәріпхан дутың, генерал Дәлелхан сияқты ұлтжанды азаматтардың арқасында қатарға қосылды. Азды-көпті сіңірген еңбегінің арқасында Алтай атырабына сардар Қасымбек, әкім Қасымбек деген аты шықты.

Сөйтіп, арада қаншама жыл өткеннен кейін қуанышты күн туған. 1961 жылдың қоңыр күзінде атасы Рақымжан би мен әкесі Ақтан шешеннің сәйгүліктерінің іздері қалған Сауыр-Сайқанның баурайындағы қасиетті өңірге көшіп келіп, Тортуылдың Есенғұлынан тарайтын алыс, жақын тумаларымен табысқан. Келген бойда Марқакөл ауданының «Боран» кеңшарына тұрақтаған. Ана жақта үлкен мансаптың иесі болып едім деп бұлданған жоқ, келе жұмысқа кірісіп кеткен. Бірнеше жыл құрығы құтты жылқышы атанды.

Кезінде облыстық «Коммунизм туы» газетінде қызметте болған Қыдырханұлы Уақап ағамыз өзінің бір очеркінде: «…Айырплан Боранға апарып тастады. Сол жерде Қасымбек ағаны сұрастырып едім, жылқыға шығып кетіпті. Аялдамай Ақжонға тарттық. Қалың жылқыны жыңғылдыға жайып салып, қоңыр бестіні қаңтарып қойып, дүзгенді жотада отыр екен. Етектен еңбектеп мен өрмелеп, жотадан төмен ол кісі құлап, жуан төбенің орта белінде қауыштық. Журналист пен жылқышы емес, ак тілек аға мен ынтызар інінің табысуы болды» деп жазыпты.
Иә, ағасының өз Отанына келіп, қарапайым тіршілік кешіп жатқан күйін журналист осылайша суреттепті. Қасекең туған жерге оралғаннан кейін небәрі он жеті жыл ғұмыр кешті. Ол осы жылдар ішінде өзінің ойға түйгендерін қағаз бетіне түсірумен болыпты. Әдебиеттен де, тарихтан да мол хабары бар Қасекеңмен Алматыдағы қаламгерлердің қайсыбірі хабарласып, Шыңжандағы керей мен найманның белгілі адамдары жайында мағлұматтар алып тұрған сыңайлы.

Бұл күндерде Ақтан шешеннен өрбіген ұрпақтар тәуелсіз еліміздің әр шалғайында жемісті еңбек етуде. Тегіне тартып туған текті ұрпақтардың арасында осалы жоқ десем, асыра мақтағаным болмас. Жоғарыда біз сөз еткен Серік Ақтанов Көлік және коммуникация министрлігі «Қазақавтожол» РМК Шығыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің директоры. Ал оның иемере інісі Ербол Ақтановты 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты екі жылын Павлодар, Ақмола, Қарағанды меи Новосібір түрмелерінде өткізіп келген ұлтжанды азамат ретінде білеміз.
Балғын жігіт шағында атасы Рақымжанның жетегінде тағдырдың тәлкегімен Қытай асқан, толысқан шағында атамекеніне қайта оралған Қасекең 1979 жылдың жазында Зайсанда қайтыс болды.
– Өмір бір шапқан ат екен,
Жазылған қысқа хат екен.
Алпыс тоғыз жасында,
Өмірден өтті Қасекем, – деп жоқтау айтқан асыл затты әз ана Бикамал ұл-қыздарын жеткізіп барып, дүниеден озды…

Мұрат Әміренов

Осы айдарда

Back to top button