«Дидардың» қонағы

Гүлшат Тутова, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы: Менің Қарагөзім, Еңлігім мен Баяным – балаларым

Таяуда Өскеменге гастрольдік сапармен Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы келген болатын. Театр актерлерінің ішінде көрерменге жақсы таныс есімдер де көп болды. Солардың бірі – Гүлшат Тұтова. Төменде өнер адамымен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

 – Гүлшат, Шығысқа бұрын келіп пе едіңіз?

– Иә, келгенмін. Театрмен гастрольдік сапармен де, отбасымызбен қыдырып та келгенбіз. Катонқарағайдың көркем табиғатына тамсанып, талай тәнті болғанбыз.

– Сіз негізінен театр актрисасысыз, бірақ өңірдегі көрермен қауым өзіңізді Еркін Рақышевтің «Жетімдеріндегі» Сандуғаш, Досқан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильміндегі Әпіш, соңғы шыққан «47 баланың анасындағы» Динара рөлдері арқылы жақсы таниды. Жалпы, өнер жолыңыз туралы айтып беріңізші.

– Оныңыз рас, кейде көшеде келе жатқанымда кейбір адамдар мені кинодағы рөлдерім арқылы  танып жатады. «Сіз «Жетімдерде» ойнаған Сандуғашсыз ғой» дегенде, риза боласың. Негізі театр актрисасымын. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында 1993 жылдан бері қызмет істеп келемін. Театр қабырғасында қаншама рөл сомдадым. Бірақ театрдағы рөлдерімнің ішінде жаныма жақыны Немат Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейдідегі» Қарлығаштың образы.  Бәлкім, Немат Келімбетовтің тағдырын өз аузынан естігеннен соң да болар.  Ұзақ жыл  тек  қабырғаға қарап жату оңай емес қой. Ал мүгедек жанды бағып-қағу жарына тіпті оңай болмағаны анық. Өкініштісі, күйеуінің бетін бері қаратып, мүгедек арбасына енді отырғызған кезде өзі  қайтыс болып кетеді. Сүйген жары қайтыс болып кеткеннен кейін ғана бұл дүние жарыққа шықты. Немат ағаның өзін көрдім, талай тілдесіп, әңгімелестік.  Немат аға әр спектакльден  қалмайтын.  Бірінші қатарда отырып тамашалайтын еді. Қойылым біткеннен кейін де әрқайсымызбен тілдесетін. Қазіргі күні бұл спектакльді балалары тамашалап жүр. Өткен жылы Астанаға гастрольдік сапармен барғанымызда  ұлы  Қайрат бізді үйіне шақырып, оразада ауыз аштырды. Сонда «Менің әкем спектакль болған сайын сіздерді үйге шақырып, дастарқаннан дәм ауыз тигізетін еді ғой. Менің де солай істегім келіп отыр» деді.

Ал кино өнерінде бағымды ашып, жұлдызымды жарқыратқан   Еркін Рақышевтың «Жетімдері» болды.

– Кәсіби актрисаның әуесқой режиссердің киносына түскенін әріптестеріңіз қалай қабылдады?

– Жақсы қабылдады деп айта алмаймын. «Сен қандай киноға түскенсің?» деп, менсінбей қарағандар болды. «Кинода сен ғана ойнап жүрсің, қалғандары ойнап жүрген жоқ» деген секілді  әңгімелерді де айтты. Иә, Еркін Рақышев кәсіби режиссер емес.  Бірақ ол қарапайым халықтың ойындағы дүниені дөп басты.  Көрермендерге  бұл кино өтті. Кәсіби маман ретінде әріптестерім қанша сынаса да, мен бұл киноның сәтті шығуы үшін көп тер төктім, қаншама еңбек еттім, жыладым. Тіпті осы киноға түсу менің психикама аздап әсер етті. Күнделікті, әрбір дубльде жылай беру оңай  емес. Мен бұл киноға жән-тәнімнің барын салдым. «Кино дұрыс шықсыншы» дедім. Шынымды айтсам, әріптестерімнің пікірі мені қатты қынжылтты.  Осы кинодан кейін көп ұзамай артынша «Біржан сал» киносы экранға шықты.

Рас, екі киноның сапасын салыстыруға мүлдем келмейді. «Біржан салға» қарағанда «Жетімдерді» әуесқой режиссер түсіргені көрініп тұрады. Бірақ әріптестерім ол жерде қаншама еңбек бар екенін  ұмытып кетеді.

Әпіш рөліне алты ай дайындалдым

– Иә, «Біржал салдағы» Әпіш рөлі өте сәтті шыққан. Бұл рөлге қалай тап болдыңыз?  

– Бірде театрымыздың бір актері қайтыс болып, қоштасуға Досқан аға да келген екен. Қарама-қарсы кездесіп қалдық.  Қолымнан ұстай алды. «Сен актриса емессің бе?» деп сұрады. Ол кезде мені ешкім танымайды, білмейді.  «Иә, мен осы театрда актрисамын» деп жатырмын. Досқан аға «Сен ертең осындай уақытта «Қазақфильмге» келші» деп өтінді. Бардым. Сценарийді қолыма беріп,  видеопробаға түсірді.  Кейін осы рөлге бекітілдім. Негізі Әпіш рөліне алты ай дайындалдым. Асқар Сүлейменовтің «Адасқақ» повесін оқып шықтым. Психологиялық тұрғыдан да өзімді көп дайындадым. Оның үстіне бұл рөл менің оң жамбасыма келген рөл болды. Соны Досқан аға да сезген болуы керек. Бірде «Маған ұнағаны сенің көзіңде мұң бар екен. Осындай актриса іздеп жүр едім» деді.

– «Жетімдердегі» болсын, «Біржан салдағы» болсын ойнаған  рөлдеріңіз ауыр  рөлдер ғой. Ойнап шығу оңай болмаған шығар

– Рас, «Жетімдер» киносына түскеннен  кейін аздап ауырыңқырап қалдым. Ал «Біржан салға» түсіп жүрген кезде маған аяғың ауыр деген диагноз қойды. Содан «ұл тусам атын Біржан  қоямын» деп ырымдадым.  Сөйтіп, фильм біткен соң, мазам кете бастады. Іштей «Осы баланы түсіріп алмасам болар еді» деп дәрігерге барып көрініп едім, «сіздің аяғыңыз ауыр емес, сіз онкологиялық аурумен ауырып тұрсыз,  бұл бастамасы» дейді. Қорыққаннан зәре-құтым қалмады. «Жетімдердегі» ауыртпалықты  көтере алмай жүрген маған мынау тағы да соққы болып тиді. Бірде «Біржан салды» дубляж жасайтын болып, «Қазақфильмге» бардым.  Досқан ағаға «Мен қатты ауырып тұрмын, осы фильмнен кейін басымды тіптен көтере алмай қалдым» деп айттым. «Сенің аяғың ауыр еді ғой» деп жатыр ол кісі. Түсіндіріп жатуға ыңғайсызданып, «Түсіп қалды» дей салдым. Сөйтіп, бір жылдай дәрігердің бақылауында болдым. Сол уақытта бүкіл тәнімді, жанымды тазалауға тырыстым. Әпішке, Асқар ағаның, ата-бабаларымыздың аруақтарына  кұран бағыштап отырдым. Құдайдың құдіреті деген керемет қой, ауруды жеңіп шықтым. Дәрігерлер сізге бала көтеруге болмайды деп айтса да, өмірге бір Біржан келуі керек секілді болды да тұрды. Бәрі бір құдайдың қолында ғой деп ойладым. Бір күні  денсаулығым қайтадан нашарлай бастағандай болып, дәрігерге бардым.  Узиге жіберді. Сонда аяғым ауыр екені белгілі болды. Содан бірден жолдасым Нұржанға звондадым. Ол да не қуанарын, не қуанбасын білмей: «Саған болмайды ғой» деп айтып жатыр. Болса да, болмаса да тәуекелге бел бууды жөн көрдім. Бірақ сегіз айдай  ауруханада жаттым. Баланы аман-есен өмірге  әкелу үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Спектакльдерде де ойнаған жоқпын, фильмдерге де көп түспедім. Бір-ақ фильмге түстім, ол осы Сәбит Әбдіхалықовтың «Любовь в кредит» деген фильмі болатын. ҚазірТәңірбергеніміз тоғыз жаста.

Асықты ұл тапсам деп жинадым

– Жаңа Досқан аға «көзіңде мұң бар» деп айтты деп жатырсыз ғой. Бір қарағанда, бақытты әйел секілдісіз, бірақ көзіңіздегі мұң қайдағы мұң?

– Соған  өзім де таңғаламын. Құдайға шүкір, өмірде бәрі бар. Отбасым да, ұлым да, қызым да, жарым да, рөлдерім де бар.  Не ішемін, не жеймін демеймін. Даңғарадай үйім де, астымда көлігім де бар. Бірақ көзімде  мұң бар. «Неге менің жанарым мұңды» деп өзім де ойлаймын.  Бұл сауалдың жауабын өткен жылы тапқандай болдым. Жиырма жыл өткеннен кейін нағашымның үйіне бардым. Нағашымды көрмегелі көп болып еді, сондай жақсы адам. Сөйтіп,  кіріп барған кезде мен  сол кісіден өз көзімді көрдім ғой. Сөйтсем, менің көзім нағашымның көзі екен. Оның да өмірі өте жақсы, бірақ көзінде бір ойлы мұң бар. Осыдан жиырма жыл бұрын мен оны байқамаған екенмін.  Менің көзімдегі мұң нағашыларымнан берілген екен.

– Асық жинайды екенсіз. Қазір асығыңыз қанша болды?

– Шынымды айтсам, асықты жинайын деп жинаған жоқпын, дүниеге  ұл бала алып келсем деп ырымдадым. Арманым орындалды. Тәңірбергенім өмірге келді. Бірақ сол асықтарды ұлым үйге келген  Нұржанның досының баласына сыйлап жіберіпті.  Бір қап асықты беріп жіберіп, «Мама, я подарил» деп тұр ғой көзі бақырайып. Сөйтіп бір қап асығымызды қонағымызға сыйлап жібердік.  Қазір қайтадан жинап жүрмін. Енді бұл асықтармен баламның баласы ойнаса деп ырымдап жүрмін.

Отбасын бірінші орынға қойдым

– Қызыңыз Әйгерімнің де жағдайын сұрайын деп едім. Әйгерім қалай?

– Біз құдай қаласа қараша айында Әйгерім екеуіміз Жапонияға концерт беруге  барамыз. Осы маусым айында Санкт-Петербургта Әйгерімнің жеке шығармашылық концерті болды. Санкт-Петербургтің бір компаниясы шақырып, өздері бәрін ұйымдастырды.  Сол кезде Жапонияның джаз жанрында ән жазатын бір сазгері келіп, Әйгерімге арнап бір ән шығарып, сол әннің презентациясы болды. Сөйтіп, сол әнменен Жапонияға шақырып жатыр.

– Көп жылдар бойы Әйгерімнің құлағының естімейтінін  жасырып келіпсіз. Сіз үшін бұл да сынақ болған шығар?

– Үлкен сынақ болды. Осы қыздың құлағы естімейтінін ешкім білмей-ақ қойса екен дейтін едім. Қызымды да жасытып, басып тастайтынмын. Әйгерімнің ән салғысы келеді. Мен болсам «Айтпайсың. Сенің құлағың естімейді. Ертең нотаға түсе алмайсың. Ұят болады» дейтінмін. 17 жасқа толғанда 5-ші ауруханада кохлеарлы  имплантация жасатты.  Қазір біз бәрін жеңдік. Әйгерімді анда сүйреген, мында сүйреген еңбегім еш кеткен жоқ. Ақталды. Кейде ата-аналар хат жазып, көмек сұрап жатады. Мен «Сіздер жазылып кетесіздер, сіздер сөйлейсіздер» деп мотивация беруге тырысамын.  Бірақ кейде  бәрі  баланың диагнозына да байланысты. Қазір Әйгерім сол салада жүр.  Әйгерімге келіп жүрген 80 бала бар. Ал Қазақстанның  түкпір-түкпірінде ондай балалар өте көп. Тағы бір айтарым, аналар мықты болуы керек.  Мен  Әйгерімді  емдетіп, сөйлеткеннен кейін ғана өнеріме қосылдым.  Өз қатарымнан сәл де болсын қалып  жатсам, оның себебі осында. Қазір менің қатарластарымның, курстастарымның  атақтары жер жарады. Ал менде бірде- бір атақ жоқ. Өйткені мен отбасын, Әйгерімді бірінші орынға қойдым. Рас,  мен Қарагөзді ойнаған жоқпын, мен Баянды, Еңлікті сомдаған жоқпын. Қазір менің Қарагөзім де, Баяным да, Еңлігім де – балаларым. Өзіме-өзім ризамын.

– Жолдасыңыз жаныңызды түсіне ме?

– Түсінеді. Міне, он жеті күндей болды,  үй бетін көрмей, гастрольдік сапарда жүрмін. Ал ол үйде балалардың қасында қалды. Жұмысына барады, келеді, кішкентай баланы сабаққа апарады, алып қайтады.  Осындай жігітті маған жар еткеніне Аллаға алғысым шексіз.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button