Тарих

Фотосуреттегі қыз жерлесіміз екен

Фотосуреттегі қыз жерлесіміз екен


Желтоқсан оқиғасы кезінде түсірілген фотосуреттердің ішінде мұздай қаруланған әскерилердің қыз баланы қаумалап алып келе жатқан бір сурет бар. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде де тарай бастады. Жас мөлшері жиырмаға да толмаған уыздай жас қыздың үстінде шақпақ пальто, каре үлгісінде қиғызған толқынды шашы дудырап, басын төмен салып келеді. Анықтағанымыздай, бойжеткеннің аты-жөні Анар Төлегенқызы Рахымжанова болып шықты. Анардың өзі де бұл фотосуретті сан көріп жүрсе де, аса мән бермегенін айтады. Қызылорда жақта тұратын құрбысы Гүлшат Төпенова айтқанда ғана барып, мән бере қарайды. Біз де Алматыда тұратын Анармен телефон арқылы хабарласқан едік.

-Анар, мен сені желтоқсанда түсірілген осы фотосуретіңе қарап, «қайда жүр екен» деп үнемі ойлаушы едім. Маңайымдағыларға көрсетіп, мақтанып та қоятынмын. Өзіңді таныдың ба? – деп сұрайды ол Анардан көп жыл өткен соң кездескенде.

Анар Рахымжанова – Катонқарағай ауданы, «Еңбек» ауылының тумасы. Еңбек сегізжылдық мектебінен соң онжылдықты Топқайыңнан тәмамдаған ол қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу арманына бір табан жақындай түседі. Алайда Өскеменнен ондай оқу орнын таба алмаған жас қыз еріксіз көршілес Семей қаласына кетеді. Алаш арыстары мен Абай, Мұхтардай алыптардың табанының ізі қалған шаһардың да білім ордаларының есіктері арман қуған қызға жабық болып шықты. Семей пединститутына құжат тапсыру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты ол мәуіті-шұға комбинатына жұмысқа орналасып, еңбек озаты да атанады. Суреті «Құрмет тақтасына» ілінеді. Дегенмен, көп ұзамай армандай болған Алматы қол бұлғайды. Ондағы құрбыларының шақыруымен еліміздің сол кездегі астанасына келген Анар СМУ-ге сылақшы болып орналасады.

-1986 жылдың қараша айында еңбек демалысымды алып, ауылға барып қайттым. Желтоқсанның 15-і күні Алматыға тұмауратып оралдым. Сонда да уәделесіп қойғандықтан, екі күннен соң бүгінгі жан жарым Марат екеуіміз кездесіп, «Целинный» кинотеатрына үнді фильмін көруге бардық. Кинодан шығып, Гоголь көшесіндегі кәуапханаға кіріп шықтық. Ары-бері қыдырыстаған соң, үй жаққа қарай такси ұстадық. Бізді машина ішінде саңқылдап тұрған радио даусы елең еткізді. Онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қызметтен кеткендігі, оның орнына Геннадий Колбинның тағайындалғаны туралы айтылып жатты. Жолдасым екеуіміз «бұл қалай?» дегендей бір-бірімізге қараппыз. Алаңға таяп келе жатырмыз. Қаптаған, шулаған жастар…Такси бізді сол жерге түсіріп кетті. Ары қарай өзіміз «Таугүл» шағын ауданындағы СМУ-дің «Восход» жатақханасына келсек, кіре0берісте әскери адамдар тұр. Іштен ешкімді шығармайды. Сырттан бет-ауыздары қан-қан қыздар қашып, келіп жатыр. Бізді кіреберістегілер қайтып сыртқа шығармады.

Фотосуреттегі қыз жерлесіміз екен

Таңертең бір жағы қызығушылығым бар, екінші жағынан суық тигендігімді сылтауратып, № 4 емханаға бардым. Қасымда құрбым бар, ары қарай 98-автобусқа мініп, Жандосов-Алтынсарин көшелерінің қиылысынан 66-шы автобусқа отырдық. Автобус ішінде бір жігіт: «жастар, мен комсомол комитетіненмін, комсоргпін. Босқа арандап қаласыңдар. Ары қарай бармаңдар!» деп ақылын айтып жатыр. Автобус та орталық стадионнан ары бармай, бәрімізді түсіріп кетті. Алаңға бардық. Ығы-жығы халық. Шулаған, ысқырған, айқайлаған жастар. Көпшілік бір толқығанда бізді де итеріп, жұрттың алдыңғы жағына шығарып тастады. Жапатармағай, сығылыса артқа қарай қаштық. Қарбаласта жанымдағы құрбымнан айырылып қалыппын. Тура алдымдағы бір жігіт омақасқанда, соған шалынып, мен де құладым. Осы кезде мені де әскерилер ұстап алды. Қолтығымнан ұстап дырылдатып келеді. Құрбым Гүлшат осы кезде телефон будкасынан мені байқап қалыпты (ол телефон будкасына кіріп жансауғалаған ғой). Қыздарды шаштарынан сүйреп әкеліп, «Пазик» автобусының ішіне тоғытып жатыр. Аузы-мұрнына шығып толған соң, автобус жүріп кетті. Көп жүрген сияқтымыз, Қаскелеңнің ішкі істер бөліміне әкеліп, подвалға тықты. Сосын бәрімізді тергеп, алдыдан, қырымыздан тұрғызып фотоға түсірді. Тергеуші жігітті қазақ екен десем, ұйғыр жігіт екен, менен: «ақшаң бар ма?» деп сұрады. Ақша қайдан болсын, аласапыранда сөмкеден де айырылғанбыз. «Жоқ» дедім. Ол қалтасына қолын салып, бір сом берді. Қалаға дейін 15, ары қарай 5 тиын ғой. Бір топ қызға жетті. Сол ұйғыр жігітінің адамгершілігіне әлі күнге дейін тәнтімін.

-Гүлшат құрбыңыздың жағдайы не болыпты?

-Оның жағдайы тіпті ауыр болды. Күйеуін алдымен Боралдай жақтағы сайға апарып тастаған. Аяқ киімдерін алып, жалаңаяқ, жалаңбас жіберіпті. Өзін Фрунзе ауданының ішкі істер бөлімінде тергеген екен. Ол жерде біршама таяқ жегенге ұқсайды. Үсті-басы қан болып жетті. Кейін ұжымдағы жиналыс қорытындысы бойынша оны жұмыстан шығарды. Мені бригадирім Анна Петровна Конина шыр-пыр болып қорғап қалды. Маған 5 жылға дейін жоғары оқу орнына түсуге тыйым салынды.

Анар Төлегенқызының айтуы бойынша, құрбысы Гүлшат Төпенова сол бір күндердің зардабын әлі тартып келеді, науқас. Ал өзінің тіл маманы боламын деген арманының күл-талқаны шыққан. Жасы 50-ге таяған ол күні бүгінге дейін саудамен айналысады. Тек, тағдыр талқысы арман отын өшіре алмады. Жан жары Марат екеуі бір ұл, бір қыздан немере сүйді.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button