Өзекті

Фермерлер «Фреш маркетке» кіре алмай жүр

Күршімдік диқан Сағатбек Мұхаметжановтың өсірген қарбызы облыс орталығында өткен «Арбуз-фест» байқауында үздік деп танылып, бас жүлдеге ие болды. Кәнігі бақшашы мұндай атақты жыл сайын алып жүрсе де, бұл жолғы жеңісіне дән риза. Оның әкелген өнімі облыс көлеміндегі ең үлкен қарбыз атанып, топ жарып отыр.

– Менің қарбызым бұл жолы 21,1 келі салмақ көрсетіп, үздік атанды, – дейді Сағатбек Әбілханұлы. – Бәрінен бұрын атағы балығы мен қарбызы арқылы шыққан ауданымыздың брендіне айналған өнімімнің алдыңғы орыннан көрінгені қуантады. «Қандай тәсіліңіз бар, мұндай жетістікке қалай қол жеткіздіңіз?» деп сұрап жатады жұрт. Мен айтқан болар едім: мұнда ешқандай құпия жоқ, ең бастысы – ерінбей еткен еңбек, аянбай төккен тер» деп. Өзіңнің еккен дәніңнің жақсы шығып, көңілдегідей өнім беруі үшін оған бар ынта-ықыласың мен ниетіңді жұмсап, жас баладай аялағанда ғана табысқа қол жеткізесің. Әйтпесе, қарбыз еккеннің қаншалықты михнат, ауыр еңбек екенін көзбен көріп жүргендер жақсы біледі.

Сағатбектің өнімі жүлдеден кенде қалып көрген емес. Өткен 2018 жылы оның «Ең дәмді қарбыз» деген аталымға ие болған қарбызы 2017 жылы 22 келі, ал 2016 жылы 27 келі тартып, үздік шыққанына бәріміз де куә болғанбыз. Сол себепті «Мұхаметжанов» шаруа қожалығының өнімдеріне сұраныс қашанда мол.

Бұрын электрмен дәнекерлеуші, кейіннен таксиші болып тірлік кешкен С.Мұхаметжанов осынау бейнеті шаш етектен, ыңғайын тапсаң, нәсіптен де құр қалдырмайтын шаруаға 2000 жылдан бастап ден қойған болатын. Еңбекқор да ізденімпаз азамат табыстың көзін таба білді. Сондықтан да жыл сайын салатын қарбызы бала-шағасының нәпақасына айналып, бүгінде тоқ тірлікке қол жеткізіп отыр.

– Топтерек ауылы маңындағы Жіңішке учаскесінде 50 гектар жерім бар, – дейді Сағатбек. – Сол алқапты күтіп-баптай жүріп, бұйырғанын теріп келе жатырмын. Қарбыз бен қауын, аздаған қызанақ егемін. Биыл 6 гектар жерге қарбыз салған болатынмын, құдайға тәубе, жаман шыққан жоқ. Жұмысқа кісі жалдаймын, жаз бойы 4-5 адамға тұрақты жұмыс беріп отырамын. Қазір қарбызымыз бітті, енді қалаға қауын тасудамын. Өзімнің жапон өндірісі шығарған үш тонналық жүк көлігім бар, сонымен амалдап жеткізіп келемін. Сұраныс жақсы, қалаған шамада өтіп жатыр.

Бұдан соң диқан өзін толғандырған ойларды ортаға салып өтті. Базарлардағы аттаған сайын салынатын салықтың адым аштырмайтынын, басында фермерлер үшін деп салынған «Фреш маркет» сауда орталығына ол жердегі жең ұшынан жалғасып, «өз адамдарын» түгендеп алған басшылардың ауылдан келген Сағатбек сияқты жер емген шаруаларды кіргізбейтінін ашына айтып өткен ол сөзін:

– Халық жаппай тұтынатын арзан өнім әкеліп отырған біз сияқты бейнетқорларға аз да болса жеңілдік, қолайлы мүмкіндік туғызылса, ең алдымен, қарапайым тұрғындар ұтпай ма? Бірақ оны ойлап отырған ешкім жоқ. Әркім өз қамын күйттеген заман ғой. Келешекте осының барлығын есепке алып, сарапқа салатын жан табылса, диқан қауымына да, халыққа да шынайы жанашырлық болмас па еді, – деген арманды пікірмен аяқтады.

«Ауылда жұмыссыздық деген болмайды», «Жер алып, егін сал!», «Сиыр сатып ал да, байлыққа кенел!» деп ұрандағанша, сол бейнетті белуардан кешіп жүрген азаматтарға сәл ғана жеңілдік, қарапайым жағдай жасалса, әлдеқайда тиімді жақсылық, сонымен бірге молшылық та болмас па еді. Тек әлгі сөздердің барлығының ұран күйінде қалып жататыны өкінішті. Дегенмен, Сағатбек сияқты өзінің екі қолына сенген шаруа адамдары әлдекімнен көмек күтіп, қол қусырып отырмақ емес, олар қашанда шыжыған күннің астында, ысқырған желдің өтінде жүріп, несібелерін адал еңбектерімен табуда.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button