«Дидардың» қонағы

Фархат Маратұлы, айтыскер ақын: – Орта қалыптастыратын орталық керек

– Айтыс сахнасына қашан, қалай қадам бастыңыз?

– Мен Жарма ауданына қарасты Сұлусары ауылындағы мектепте оқыдым. Сол ауылда оқып жүргенде алғаш рет жетінші сыныпта аудандық айтысқа қатыстым. Ол кезде енді ғана домбыра үйреніп, өлең өрнегін түсіне бастаған кезім еді. Сөйтіп, өзімнің аздаған дайындығыма ұстазымның жазып берген шумақтарын қосып айтып, алғашқы айналымдардан өтіп кеттім. Соңғы айналымда қарсыластың сөзі сүйектен өтіп, жүрекке жетті. Сөзі жаныма батқаны соншалық, суырып салып жауап бердім. Сол сәттен бастап менде айтыса алады екенмін деген сенім пайда болды. Айтысқа алғаш осылай қадам бастым.

Ал ары қарай мені ақын етіп тәрбиелеген рухани орта болды. Кейіннен Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің «Наркескен» ақындар мектебіндегі ақындардың қатарына қосылдым. Ол ортада Ринат Зайытов, Сиязбек Сүлейменов ағаларымыздың ақылын тыңдап, Қарлығаш Әубәкіровамен қатар жүріп, үлкен айтыс сахнасына шықтық.

– Жүрсіннің жүйріктерінің қатарынан көп көре бермейміз, неге?

– Иә, қазір Жүрсіннің жүйріктерінің қатарынан көрінбейтінім рас. Мен 2010 жылы Алматыда жұмысқа орналасып, кішігірім ақындар мектебін аштым. Ақындар мектебінің аясында «Арда жас ақындар» деген газет шығардық. Сол уақытта үш-төрт жыл баспа жұмысының төңірегінде жүргенде үлкен айтыстың толқынынан шығып қалдым. Ал айтыстан үш-төрт жыл қалып барып қайтадан қатарға қосылу деген өте қиын екен. Қазір Алматыдан шығысқа оралып, шығыстан айтысқа оралуға қамданып жатқан жайым бар. Облыстық айтыстарға жиі қатысып жүрмін. Жүрсін аға да «айтысқа қатыс» деп бірнеше рет ескерту жасады, айтты. Қазіргі сөз майданының мазмұны артып, мәйектеніп алған. Айтыстың да деңгейі өсіп кетті. Айтыс сахнасынан түспеу үшін айтыспен бірге өмір сүру керек. Сені отбасылық, тұрмыстық жағдайың алаңдатпайтындай болуы керек екен.

– Алматыдан ауылға келгенде не өзгерді?

– Алматыдан ауылға келгенде ақындық шабытым артты. Соған қарағанда жер, су, ауа, топырақ адамның жан дүниесіне әсер ететін болса керек. Көкпектіге келгелі табанымның астында жердің бар екенін сезініп, серпіліп алға жылжыдым. Алматыда қарсыз қарсы алған Жаңа жылдарды сезіне алмадым. Алтайдың күртік қарын, ақ боранын аңсадым. Алматы денсаулығыма да жақпап еді, қазір денсаулығым да жақсарды.

– Қазіргі айтыс қай қырынан озып, қай қырынан тозды?

– Айтыс халықпен бірге өсіп-өніп келеді. Халық қалай бет бұрса, айтыс та солай бағыт алады. Қазіргі  айтысқа нарықтық экономика көп әсер етіп жатыр. Қалталы азаматтардың қолдауымен өтетін айтыстардың қатары көп. Бұл бастама айтысты мадақтауға, шоуға, театрға қарай тартып барады. Ақындардың әдіс-тәсілі де осы бағытқа бейімделіп алды да, айтыстың табиғи қалпы бұзыла бастады. Суырып салып айтысу жеткіліксіз болып қалатындай жағдайға жетті. Дайындықпен бармасаң, басқаның көңілінен шығу қиынға соғады. Қазіргі айтыстың күрделенгені соншалық, поэзиялық деңгейге көтерілді. Тістескен ұйқас, тастай түйін, салмақты ой. Қабылдауға ауыр, айтуға қиын. Дәл осы критерийлерді сақтай отырып айтысу үшін 24 сағат айтысқа дайындалуыңа тура келеді. Шындығында, поэзия, шоу, театр сияқты өнер өрістерінің айтыста элементтері ғана болса жеткілікті еді.

 

Айтыс шоуға жақындаса, соңы шуға айналады

 – Айтыс шоуға жақын болса, көрермені көйбейе ме?

– Көрермені көбейетін шығар. Алайда айтысты шоуға жақындата берсек, әлеуметтік маңыздылығын жоғалтып алады. Айтыста қоғамдық, әлеуметтік мәселелер көбірек айтылып, талқылануы керек. Шоудың элементтерін ғана аздап пайдалану керек шығар. Айтыс шоуға айналса, соңы лаң-шуға айналады. Сүбелі сөздің құны түсіп, қадірі кетеді.

– Айтыскер ақындар әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарды қозғай алып жүр ме?

– Әлеуметтік мәселені қозғап жүрген ақындар да, айтпай жүрген ақындар да бар. Бәрінің атқан оғы нысанаға дөп тие бермейді. Өйткені ақындардың да деңгейі әртүрлі. Олар қозғаған қоғамдағы қордалы мәселелер шешіліп те жатыр. Оны санамалап айта берсек, мысалдар жеткілікті. Мысалы, менің өткен жылы әзіл ретінде айтқан бір шумақ өлеңім әлеуметтік қолдау тауып, көшелердің қарын күреп тастады. Сол сөзден кейін ауданда көше тазалауға, жол тазалауға көңіл бөле бастады. Жалпы, ақындар сөзді орнымен қолдана білсе, ол – үлкен қару. Ақын айтқан ойды түртіп алып, іске асырушы механизмді іске қосатын әкімдер де, естісе де, елең қылмайтын әкімдер де бар. Әр мәселенің шешілуі әкімнің санасына байланысты.

– Кейбір өңірлерде айтыстың қолдау таппауына әкімдер кінәлі ме, ақындар кінәлі ме?

– Халық кінәлі. Әсіресе біздің шығыста. Әкім де – адам баласы. Ал оған ата-анасы бала кезінен ұлттық тәрбие, қазақы тағылым бермесе, қалай айтысты түсініп, қолдау көрсетсін. Бұл жерде тал бесіктегі тәрбиені жөндеу керек дегім келеді. Бізде балабақшада да көп дүние орыс тілінде, ділінде үйретіледі. Кейбір қазақтардың өздері орыстілді ортаға, мәдениетке үйірсек. Халықтың өзінде қазақ тіліне деген құрмет аз. Қазақы менталитетті ұрпақ қалыптасқан кезде ғана айта алатын ақын, айтысты қолдайтын әкім шығатын шығар. Сол кезде ешкімнен кінә іздемей-ақ, айтыс өнер ретінде қолдау табады деп ойлаймын.

Жалпы, біз болмысымызды қазақыландыруымыз керек. Есік алдына орыстың жазғы үйін салмай, қазақтың киіз үйін тігу керек. Сол үйдің төрінде дөңгелек үстелдің үстіне бауырсақ қойып, шай ішу керек. Ұлттық болмысымыз қалпына келсе, рухымыз асқақтап, руханиятымыз дамиды.

– Айтыскерлер ауылға ат басын бұрмай кеткен жоқ па?

– Айтыстың көрермендерінің көбі қалада. Ауылдың сөз түсінер түсінігі, парасаты мен пайымы бар жастарының көбі қалаға ағылып жатыр. Ал айтысқа қолдау көрсетсем дейтін қалталы кәсіпкерлер де қалада тұрады. Ауылдағы шағын кәсіппен айналысатын кәсіпкерлердің айтыс өткізуге шамасы келе бермейді. Өткізіп жүргендері де жоқ емес, бірақ өте сирек. Ал ауылды аралап, айтыс өткізу үшін қаржы керек, оған әкімдіктер қаражат бөле алмайды.

– Ауылдағы өнерпаздар қалай жан бағып жүр?

– Әркім әрқалай өмір сүріп жатыр. Мен өзім Көкпекті мәдениет үйінде жұмыс істеймін. Қосымша шаруашылық ашуды жоспарлап жүрмін. Ит жүгіртіп, құс салып, өзімді жаңа қырымнан дамытсам деймін. Ақын болу үшін отбасылық, экономикалық мәселең шешілген болу керек. Той жүргізіп, асабалық қызмет атқарамын.

 

Халық қанағатшылдыққа үйреніпті

– Асаба, ақын ретінде тойға жиі барасыз. Карантин халыққа, асабаларға қалай әсер етіп жатыр?

– Карантин біреуге пайда болып, біреуге найза болып тиіп жатыр. Екі күн бұрын ғана Зайсан ауданында өткен тойға барып қайттым. Сол тойда бас-аяғы 30 ғана адам болды. Оның ішінде он адам құда жақтан. Той иесі екі жасқа Өскеменнен үй алып беріпті. Егер сол адам бұрынғыдай 300 адамға той өткізсе, үй алып беретін ақшаны далаға шашар еді. Қолдағы бар нәрсенің құнын түсініп, қадірін ұқты. Бір байқағаным, халық қанағатшылдыққа үйреніпті.

Тойда ән айтып, би билеп пайда тауып жүрген жастар әр салаға бет бұрды. Шоумендердің көбі жұмыссыз қалып жатыр. Асабалар саннан сапаға көшті. Тойдан табыс тауып жүрген маған да әсер етті. Десе де бұл үрдіс өте дұрыс болды деп ойлаймын.

– Жолда қалған жоспар, алға қойған қандай мақсат, ой бар?

– Менің әуелгі жоспарымның 10 пайызы ғана орындалды деп ойлаймын. Ойын мен тойдың дырдуымен жүріп, көп дүниеден кешігіп қалдым. Алға қойған мақсат – айтыс сахнасында өзімді биіктен көрсету. Бізде бір кемшілік бар. Ол – рухани орта қалыптастыратын орталықтың жоқтығы. Басқа өңірлердегідей бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, руханият жүгін жұмыла көтеретін рухани орта болса деймін. Ол жерде айтыс ақыны, жазба ақыны, әнші, жыршы, термеші – барлығы бас қосса, бір-бірін толықтырып тұрар еді. Сонда ғана өнер өрге жүзіп, өнерлі биіктен көрінер еді. Сонда ғана танымал әнші шығып, толғақты терме туар ма еді?!

– Газет-журнал, кітап оқып тұрасыз ба?

– Мен – осы «Дидар» газетінің және басқа газеттердің тұрақты оқырманымын. Жалпы, жаңалықты газет-журналдан оқығанды ұнатамын. Интернеттен бес-алты жаңалық жыпырлап шығып алады да, ойды адастырады. Қайсысынан не оқығаныңды ұмытып қаласың. Ой тоқтатып, ештеңе іліп ала алмайсың. Ал газетте анализ жасалған, жан-жақты талданған дүние жазылады.

 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button