Тарих

ЭВЕРЕСТІ БАҒЫНДЫРҒАН АРУ – КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

 ЭВЕРЕСТІ  БАҒЫНДЫРҒАН АРУ - КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ


Арнасынан аса аққан Күршімнің жағасын қиялай Үшбұлаққа, Сарытауға қарай өрлеп келеміз. Алтайдың қарлы шыңдарынан селдете келіп қосылып жатқан сансыз бұлақ арынды Күршімнің күркірін тіптен күшейтіп жіберіпті. Жарқабақтың етегіндегі қос дөңгелек әрең сиятын соқпақты жолмен көлігіміз жазда, ашық күнде әрең жүріп келеді, көктайғақта, қыста, жаңбырда қалай қатынайды екен ел бұл тар жолмен?! Бағанадан бері артта қалып жатқан жақпар тасты жоталардың тағы бірінен асып түскенде, ұшар биігін ақ қар басқан көгілдір таулар көрінді манаурап. Бізді бастап әкеле жатқан Маралды ауылдық округінің бас маманы Бауыржан Сейілханов : «Әне, Сарытау, ана-а-ау әр жағында ала қарланып жатқан Құзғынды» деген. Алдыға қарай ұмсына түсіп, асқаралы шыңдарға көз тіктік. 1990 жылы Эвересті алғаш бағындырған ару Екатерина Дорофееваның дүниеге келген жері сол айбарлы Сарытаудың етегі- Сарытау ( Платова) ауылы.

САРЫТАУДА ТУҒАН САРЫ ҚЫЗ

 ЭВЕРЕСТІ  БАҒЫНДЫРҒАН АРУ - КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

Сарытаудың етегіндегі Сарытау ауылында бүгінде тірі пенде тұрмайды. Марал бағатын жалғыз шаруашылық қана ен жайлап жатыр бұл жерді. Бұрын Платова, бертінде атауы өзгеріп Сарытаудың атын алған шағын ауыл қазір мүлде жоқ, сонау 2007 жылы таратылып кеткен екен. Сарытауға тиіп тұрған Үшбұлақ ауылы да жоғалудың аз-ақ алдында екенін көрдік.

Бүгінде қияндағы бұл өңірде бәрі өзгерген, бәрінен бұрын жолдың азабы бұрынғыдан бетер көбейген. Жұрт қопарыла көшіп жатыр. Урбанизация ма бұл, жоқ әлде лажсыздықтан ба? Ұялы байланыс деген болған емес.

Өзгермей, азбай, тозбай, сол қалпында тұрған тәкаппар Сарытау ғана мынау. Қаршадай Катяны шыңына құмар қылып, құзына өрмелеткен, шыңылтыр аязымен шыңдаған, қар кетпес биігімен арбаған Сарытау! Күршімнен шыққан атақты альпинист Екатерина Дорофеева 1962 жылдың 1 сәуірі күні осы ауылда колхозда ағаш ұстасы болып істейтін шаруаның отбасында дүниеге келеді. 1972 жылы олардың отбасы Күршім ауылына қоныс аударады. Осында білім алып, бойжеткен Катя1979 жылы Күршімдегі Ю.Гагарин атындағы №1 орта мектепті бітіріп, сол жылы Иркутскідегі политехникалық институттың геология-барлау факультетіне оқуға аттанады. Таулы аймақта өскен қыз Иркутскіде институтта оқи жүріп, студент кезінен-ақ альпинизм, тау туризмі, шаңғы спортымен шындап шұғылдана бастайды. Бірте-бірте құзға шығудың шебері атанып, жарыстарға қатысып, небәрі үш-төрт жылдай уақыттың ішінде тау-тасқа өрлеуден талай мәрте көзге түсіп үлгереді.

1983 жылы құзға шығудан спорт шеберлігіне кандидат атағын алып, шаңғы жарысынан І спорттық дәрежеге жетеді. Бұл оның студенттік кезі болатын. (Катя институтты 1984 жылы бітірген.) Студенттік кезден бастап сегіз жылдың ішінде жерлесіміз барлық жетімыңдық таулардың шыңдарын бағындырып «Даңқты Дорофеева» атанады.

1990 жылы «Әлем шыңына шығу 1990» атты Эверест (Джомолунгма) шыңын бағындыруға арналған бірлескен қытай-кеңес-америка экспедициясына іріктеу өткенде, қыздар арасынан таңдау бірден Күршімнен шыққан Екатерина Дорефееваға түседі. Осылайша, 1990 жылдың көктемінде экспедиция буынып-түйініп Эверест шыңына аттанады. 91 күннен соң 1990 жылы 10 мамыр күні Екатерина (8848м) Кеңес Одағындағы ең бірінші альпинист әйел – тұңғыш альпинист ару болып әлемдегі ең биік шыңға жетіп, Эвересті бағындырады. Көп ұзамай 1991 жылы қызы Ульяна өмірге келіп, Катяның отбасының қуанышы, шаттығы еселене түседі. Эверест шыңын бағындыруда көрсеткен жоғары спорттық шеберлігі, ерлігі мен қаһармандығы үшін жерлесіміз Екатерина «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталып, оған «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріледі. Бірақ құзар шыңды Сарытаудың қайратты қызы мұны місе тұтпақ емес еді. Екатеринаның ендігі басты мақсаты – әлемнің барлық сегізмыңдық шыңдарын бағындыру болады. Әлемнің 14 сегізмыңдық шыңдарын бағындыру альпинизмде үлкен жетістік болып саналады. Е.Дорофеева өзі оралмай қалған Канченджанга шыңы сапарына дейін үш сегізмыңдық шыңды бағындырған. Олар – Шиша-Пангму (8027м -1992 ж), Манаслу (8156 м -1993ж), Эверест (8848м-1990ж).

1994 жылы Беларусь экспедициясының жетекшілігімен Екатерина Дорофеева нар тәуекелге барып өзінің төртінші сегізмыңдық шыңы – Канченджангаға қарай бет алады. Алайда альпинист жерлесіміз үшін бұл сапар сәтсіз аяқталып, 1994 жылдың 10 қазаны күні Катя түнде мұздықта болған қар көшкіні кезінде қаза табады. Екатерина альпинист Сергей Жвирблеймен бірге мұздықтың 6700 метр биіктігіндегі нүктесінде мәңгілікке мұз құрсауында қалды. Олардың денелері табылмаған.

Ғаламтордағы деректерден білгеніміздей, 2012 жылы Иркутск қаласында кеңестік экспедицияның 30 жылдығы мен Екатерина Дорофееваның туғанына 50 жыл толуына орай «Университетский» ықшам ауданында Екатерина тұрған үйге мемориал тақта орнатылыпты. Онда «В этих стенах получила профессию геолог, выдающиеся альпинист- «Снежный барс», покоритель всех семитысячников, в том числе высочайшей вершины планеты –Эвереста, студентка группы РМ-79-1, кавалер ордена «За личное мужество», заслуженный мастер спорта Екатерина Иванова (Дорофеева). Погибла при восхождении на вершину Канченджанга (Гималаи) в октябре 1994 г» – деп жазылған. Сол жолы альпинистер федерациясы Иркутскіде Екатерина тұрған көшені оның атымен атауды да ұсыныпты. Иркутскіде жыл сайын шыңға шығудан Екатерина Дорофееваның (Иванованың) жүлдесіне турнирлер өткізіп келеді.

ЕКАТЕРИНА МЕКТЕПТЕ КОМСОМОЛ ҰЙЫМЫН БАСҚАРҒАН ЕДІ

Екатеринаның студенттік өмірі өткен Иркутск қаласындағы Радищев зиратында шың басындағы қар барысының ескерткіші тұр. Мұңға батқан барыстың тас бейнесін иркутскілік альпинистер Гималайдың шыңдарында қалған Екатерина Дорофеева мен Павел Бонадысенкоға арнап қойған екен.
Сарытауда туып, Күршімде мектеп бітіріп, осы ауылдан арманына-ақ шыңға қанат қаққан Катя қыз өз жерлестерінің есінде ме?! Өкінішке қарай, Екатерина Дорофеевадай даңқты жерлесіміздің бар екендігінен аудан, ауыл тұрғындарының барлығы дерлік бейхабар болып шықты. Ауылдың орталық көшесінен жолыққан бір топ жас, үлкен кісілер жағы да альпинист жерлесіміздің ерлігі, өмірі туралы ештеңе білмейтіндерін айтып, қайыра сұрақ қойып, таңғалып жатты. Күршімдегі тарихи өлкетану мұражайынан Екатерина Дорофееваның төрт-бес суреттерін көріп, отбасына соңғы сапар алдында жазған хатын таптық. Альпинистің аудан орталығында тұрып жатқан немересі, мектеп оқушысы Даша Дорофеева да апасының бірнеше суреттерін флешкамызға салып берді.
Екатерина Дорофееваның Күршімде ата-анасымен бірге тұрған үйі қазір де бар екен. Ағаш шебері болған әкесінің қолынан келмейтіні жоқ болыпты. Өздері өмірден өткенше тұрған Береговая көшесіндегі аппақ еңселі үйді әкесі өз қолымен салып, тұрғызғанын айтты көршілері. Сарытаудан Күршімге көшіп келе салып үй тұрғызып, төрт баласымен бірге осы үйде ел қатарлы қоңыр тірлік кешкен көрінеді. Катяның әке-шешесі қыздары өмірден өткен соң бертінде дүние салған. Қазір үйде басқа отбасы тұрып жатқанымен ешқандай жері өзгермепті, ауласы, қора-қопсысы сол қалпында. Бүгінде сол үйде тұрып жатқан ауыл тұрғыны, ұстаз Гүлнар Баймұхамбетова былтыр Екатеринаның ағасы мен апайы Света Ресейден Күршімге арнайы келіп, өздерінің туған үйін көріп, ауласын аралап, суретке түсіріп әкеткенін жеткізді.

 ЭВЕРЕСТІ  БАҒЫНДЫРҒАН АРУ - КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

– Осы Барақ батыр (бұрынғы Береговая) көшесінде Екатеринаның әке-шешесімен, өзімен өмір бойы көрші болдық. Әкесі Николай өте қарапайым, шаруақор адам еді, совхоздың шеберханасында істеді. Олар Катяның алғашқы альпинист қыз болып Эверестке шыққаны туралы жаңалықты да қатардағы хабардың біріндей қабылдады, асқан да, тасқан да жоқ. Катя менен кіші болатын. Ағасы Николай былтыр апайы Светамен бірге келіп, әке-шешелерінің бастарына барып қайтты. Ол Күршімге жыл сайын дерлік келіп кететін. Эверестке шыққан соң, 1992- 1993 жылдары да ауылға келді. Күйеуі Дмитриймен, қызымен бірге келіп, Күршімге суға түсіп, аунап-қунап қайтты. Анадайдан келе жатып, сәлем беретін бәрімізге. Бір-бірімізді көріп, ол да, біз де шұрқырасып, қуанып қалатынбыз. Әке-шешесімен бірге шай ішіп, талай дастарқандас та болдық бір-біріміздің үйімізде. Катя өте қарапайым, өжет еді. Екі ағасы, апайы да қазір Ресейде тұрады, -деп еске алады Эвересті бағындырған жерлесімізді көршісі Владимир Петров.

Альпинист қыздың тағы бір көршісі ауданға белгілі ұстаз, зейнеткер Тамара Искакова Катяның сабақты өте жақсы оқығанын ерекше атап айтты.

-Әлі күнге дейін есімде. Катяның анасы Елена аудандық аурухананың балалар бөлімінде тазалықшы болып істеді. Катяның апайы Света №3 мектепте менен оқыды. Өзім неміс тілінен сабақ бердім. Катя №1 мектепте оқыды. Ол спортшы ғана емес, сабақты да өте жақсы оқыды. Катя өте елгезек, елпілдеп тұратын еді, шешесіне тартқан болатын. Шешесі өте жұмыскер, мал да ұстайтын, бақша да салатын жайнатып. Катя сол кезде мектептің комсомол ұйымының хатшысы болды. Бұл оның спортты ғана серік етпей, сабақты да өте жақсы оқығандығын білдіреді. Мұндай ұйымды басқаруға тек сабақ үлгерімі жақсы, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары оқушылар тағайындалатынын өзің де білесің. Катя қызымыз ұл мінезді болатын, баскетбол, волейболды да жақсы ойнады. Ұйымдастыру қабілеті өте күшті болды. Иркутскіде альпинист жігітке тұрмысқа шыққанын білеміз, кейін осында да келді отбасымен. Соңғы келгенде қызының қолынан жетектеп күйеуі үшеуі есіктің алдынан өтіп барады екен, бетінен сүйіп, амандық-саулық сұрасқан едім, сонда соңғы рет көрген екенмін, -дейді Тамара апай.

Эверест -( екінші атауы-Джомолунгма) Гималай тау сілемдерінің ең биік шыңы, әлемнің де ең жоғары нүктесі болып саналады. Ол теңіз деңгейінен (ғаламшардағы табиғи нысандар биіктігі теңіз деңгейімен өлшенеді) 8848 метр биіктікте тұр. Эверестің оңтүстік шыңы Непал мен Тибет автономды аудандары жерінде, батыс, солтүстік шыңдары Қытай аумағында орналасқан. Тибеттің байырғы халқы Эвересті Джомолунгма -«Чомолангма» -«Жердің әмірші анасы, иесі», «Чомогангкар»-«Ақ қардай қасиетті ана» деп атайды .

«БҰЛ ЕҢ БАҚЫТТЫ АДАМНЫҢ ДАУЫСЫ БОЛАТЫН!»

Екатеринаны сол соңғы келіп кеткен 1993 жылы жерлестері ғана емес, әке-шешесі, туғандары да соңғы рет көрген екен.

Ресейлік «Труд» газетіне 2014-жылы жариялаған мақаласында иркутскілік спорт журналисі Павел Кушкин: «… 1994 жылдың шуақты 31 тамызы күні көппен бірге Катяны соңғы экспедициясына шығарып салғандардың бірі мен едім. Ұшаққа отырғанға дейін ол күйеуі Дмитрий екеуі қол ұстаса жүріп, үнемі өзара бір-біріне әлдене айтумен болды. Ұшаққа отырғызу басталғандығы хабарланды. Бір кезде ол маған үнсіз, жымия тақап келіп, кінәлі адамдай кейіпте: «Міне, қашан да осылай. Жанымда шуақ та, уайым да бар. Алдымда дегбірімді алып тағы да шың тұр. Сол деп күйеуімді, қызым Уляны тастап барамын. Білсеңіздер ғой, менің оларды қалай сағынатынымды!»-деді мейірімді жанары жасаурай қарап. Ол осы сөздерді айтты да ұшып кетті, мәңгілікке кетіпті»- деп еске алады альпинист жерлесімізбен соңғы жүздесуін.

Басты мақсаты – жер дүниедегі барлық 14 сегізмыңдық шыңдарды бағындару болған Катядан «олардың бәріне қашан шығып үлгіресің, уақытың, өмірің жете ме тіпті оған?» деп сұраған әріптестеріне ол: «Әрине, жетеді, небары жеті жыл, әрқайсына жарты жылдан кетеді» деп жауап берген екен. Альпинизм спорты тарихында әлемде 14 сегізмыңдыққа шығып, мұндай абсолютті көрсеткішке жеткен отыздан астам ғана спортшы бар және олардың бәрі ерлер екен.
Кеңестер одағы бойынша үш бірдей сегізмыңдық шыңға шығып дараланған Дорофеева (Иванова) соңғы сапары Канченджангаға (Непал мен Индия елінің шекарасындағы Гималай тауының шыңы, әлемдегі үшінші ең биік сегізмыңдық шың) оттегі баллонынсыз көтеріледі. Мұз құрсанып, сірескен қар басқан сегіз мың метрден астам шыңға шығу, онымен қоймай оған оттегі баллонынсыз көтерілу ажалға өз аяғымен барумен тең екенін ол жақсы түсінген. Алдыңғы экспедициялары туралы естеліктерінде айтқандай, шыңға шығып бара жатқан бір сапарында мұздықтардың бірінде қиналып, жолда шипасы бітіп, өлім аузында жатқан шетелдік альпинистердің де аянышты халін көрген. Өзі де Гималайдың Манаслу шыңына шығу кезінде 8 мың метрлік шың биігінен төмен қарай құлап кетіп, 100 метрден астам құлдилай домалап келіп, қар төбешігіне түсіп, кездейсоқ аман қалады. Алайда альпинист Катя өз көзімен көрген, өзінің басынан өткен ол қорқыныштардың бәрін ысырып қойып, дегенінен қайтпайды. Канченджанганың биігін бағындырар жолдағы 6 700 метрлік биіктік нүктесіне орнатылған лагерьге (шыңға барар жолдың бойына 6300, 6700, 7300, 7800 биіктікте төрт лагерь орнатылған) түнеген Катя мен оның серігін басып қалған қар көшкіні түнде, тас қараңғыда болған. Көшкін күндіз болғанда, алыстан аласұрып гуілдеп келе жатқан апаттан аман қалған болар ма еді дейсің. Өздерін өкшелей өрмелеп келе жатқан экспедиция мүшелері ертеңінде картада белгіленген лагерь маңына келіп жеткенде, лагерь орны түгілі, ондағы тау бөктерін де таппай қалған. 12 адамнан тұратын Беларусь экспедициясының Канченджанга сапарынан сол жолы үш бірдей альпинист оралмаған. 1994 жылғы қиын-қыстау кезеңде альпинистердің бұл экспедициясы шығынының басым бөлігін беларусьтік компаниялардың бірі қаржыландырыпты.

Катяның отбасында өзінің Эверестке шыққан кездегі әсерін жазған күнделік дәптері қалыпты. Онда ол альпинистер туралы, әсіресе экспедицияға барып, қайтпай қалған альпинистер туралы «Не үшін, не іздеп барады сол тауларға?» деген сияқты айтылып жатқан, кейіп, сөгіп жатқан көп сөздерге, сауалдарға да нақты жауап бере кеткендей. Мамандығы инженер-геолог Катя Эверестке шыққандағы қиындық пен қуанышты, сезімді сөзбен суреттей келе: «Өрмелеудің соңғы кезеңі. Гималайдың панорамасы ақырындап айқындалып келе жатқандай. Мен мұндай нәрсені қайдан көрдім. Әрине, Рерихтің картинкаларынан. Қайталанбас дүние. Кішкентай сәбидің қуанышы сияқты ма деймін. Рациямен бірдеңе айтқым келді, бірақ қайда онда! Кейін шың басында жазылған магнитофондағы дауысымды естіп, өз дауысымды өзім танымай қалдым. Бұл – ең бақытты адамның дауысы болатын! Москвада мені туғандарым, достарым қарсы алды. Таусылмайтын әңгіме басталды. Эверест естелік болып қана қалды енді маған. Сағыныш деген сол кезде басталды. Ол менің жанымның әр нүктесіне, жасушасына дейін жаншып, басып алды. Тіпті жақын адамдардың ортасында да өзімді жалғыз сезіндім. Мен бақыттымын ба? Жоқ деймін! Бақыт деген бар-жоғы өткінші сәт қана, шың басында тұрған шағым ғана екен, қалғанының бәрі арман»- деп түйеді дәптердің бір бетіне өз ойын.

«Сәуір келгенімен, Ронгбук жазығы өзгерген жоқ, бұл шақ үйде–үлкен көлшіктер, бусанған жердің ерекше иісі, бұлт үстіндегі күн. Мұнда бәрі басқаша. Күндіз–күн, жылы, өмір. Есесіне түнде ғарыштық ызғар, ышқынған жел тыным таппай, жолындағы жаны бардың бәрін сыпырып әкетіп жатады. Бұл жел де емес, азынаған ауаның зілдей ауыр көшкіні. Құлаққа гүрілдеген экспресс сияқты үні келіп тұр. Жоғары шығуға жасаған адымдарым нәтиже берер емес, «бір жерде маған қызығатын біреу бар ма екен, расымен? Бұл тозақ қой нағыз! Бүкіл өмірден оңашаланып қалғаның қайғыға батырып жібереді.
Тағы да биікке өрмелеу. 7800 метрлік нүктеде түнедік. Қиын. Палаткада төртеуміз, тар, қозғалыс шектеулі. Ұйқым келмейді. Уақыттың бәрі жөпшеңкі нәрсеге: бәтіңкені кигенге, су қайнатқанға, палаткадан шығуға кетеді. Эверест әлі алда»- деп жазады күнделігінің келесі бетінде Эверестің бауырында төртаяқтап төрткүл дүниенің төбесіне шығып бара жатып.

АТАҚТЫ АЛЬПИНИСТІҢ ЕРЛІГІ ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАСЫН

Катя қайғылы жағдайда қаза болғанда, қызы Ульяна үш жастан ғана асқан. Екатеринаның күйеуі Дмитрийдің қазіргі екінші жары, шыңға шығудан жаттықтырушы Марина Иванова Екатеринаның қызы Ульяна жайында (жоғарыдағы «Труд» газетінен (2014 ж) алынып отыр):

— Қайғылы оқиға болған сәтте мен тоғызыншы класта оқып жүргенмін, Дмитриймен арада көп жылдар өткен соң барып таныстым. Біздің ұлымыз Тимофей алты жаста, Ульяна екеуі өте тату-тәтті. Дмитрий–кәсіпкер, қамқор әке, күйеу. Отбасымыз берік. Бір-бірімізді айтқызбай-ақ ұғамыз. Ульяна шет тілдерін меңгеруге қызығушылық танытқанда, оның талабын шыңдап, жоғары білім алуына қолдау көрсетіп, көмектестік. Қазір Уля ағылшын, қытай тілін өте жақсы, жетік меңгерген. Бүгінде Уля Қытайда Гонконгтың жанында аудармашы болып еңбек етуде. Фотографиямен, журналистикамен де тиянақты түрде шұғылданады. Оның болашақта қол жеткізуді көздеген үлкен жоспарлары бар. Мен ол арманына жетеді деп сенемін. Уля мақсатына талпынған, жауапкершілігі мол жан. Тегіне тартқаны көрініп тұр»- дейді.

Мектепте сабақты жақсы оқу, белсенді болу, спортпен айналысу ғана емес, Катяның өзіне тән, оны дараландырып тұратын, ешкімге ұқсамайтын мінез- құлқы, болмысы да бар болыпты.

Ғалия Ынтабаева, Екатеринамен бір мектепте оқыған қатарласы:

 ЭВЕРЕСТІ  БАҒЫНДЫРҒАН АРУ - КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

-Ол орта бойлы, тығыршықтай қыз болатын. Мен одан бір класс төмен оқыдым. Әрі екеуіміз көршілес болдық. Мектепке де көбінесе бірге баратынбыз. Ол кезде Күршім ауылында орыс ұлты өте көп еді. Біздің класта 26 баланың ішінде төрт-бес-ақ қазақ болсақ, Катялардың класында ылғи орыс балалары оқыды. Ол кезде оныншы класты бітірер алдында директорлық бақылау жұмысы-шығарма жазылады. Сонда Катя қос беттің басынан аяғына дейін «мен альпинист болғым келеді, мен альпинист боламын» деп толтырып, жазып беріпті. Ол кезде №1 мектептің директоры Веряскина Зоя Леонидовна еді. Қатал кісі. Мектепте сол күндері оның шығармасы біраз шу болып, осы тосын қылығы, мінезі талқыға түскені есімде. Біз күршімдіктер ғана емес, бүкіл шығысқазақстандықтар дүние жүзінің халқы кітаптан ғана оқып, теледидардан ғана көріп келе жатқан әлемнің ең биік шыңы – Эверестке алғаш шыққан ержүрек қыз, батыл да әйгілі альпинист жерлесімізбен мақтана алуымыз керек. Оның батылдығын, қарапайымдылығын, қайраттылығын бүгінгі жастар, оның өзі оқыған мектептің оқушылары есте сақтап, спортты сүйіп, еңбекқорлығына, қайраттылығына еліктеп өссе, атын ардақтап өссе деймін.
Ерікті тақырыпта шығарма жазу кезінде бұған дейін көрсетпеген тосын әрекетке барып, талап, қалыпты бұзып, бір бетті түгел асау арманына толтырып тастаған Екатерина Дорофееваның бұнысынан бойындағы 14 сегізмыңдық шыңға шықпай қоймаймын деген тас түйін табандылық, қайсарлық та оған сонау бала кезінен, туған жерінен бойына дарығандығын түйсініп, таңғаласың.

 ЭВЕРЕСТІ  БАҒЫНДЫРҒАН АРУ - КҮРШІМНІҢ ҚЫЗЫ

Күршімінің тумасы даңқты Дорофееваның есімі әлемдік альпинизм тарихына мәңгілікке алтын әріптермен жазылып, енді. Бүгінде атақты альпинисті ресейліктер, альпинистер еске алып, ескерткіш орнатып, көшеге есімін берді, жыл сайын оның атында турнирлер өткізіп жатыр. Ал ауданда, аймақта альпинист жерлесіміздің есімін есте сақтағандар сирек. Оның тасыған қайрат, жігері, талабы -өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнеге, үлгі. Әлемдегі ең биік шыңды бағындырып кеткендігі – ел есінде, жерлестерінің жадында қаларлық нағыз ерлік! Осы орайда мектепке болмаса да көшеге, спорт мектебіне оның есімін берсе немесе өзі оқыған №1 мектептен мұражай бөлмесін ашса, аудан орталығындағы Сарытау стадионының алдынан немесе орталық бақта оған құлпытас, тас мүсін қойса, оның атында жүлделер тағайындап, жарыстар ұйымдастырса, оқушылар да, спортшылар да, аудан жұрты да батыр қызын ұлықтаудан ұтылмасы анық қой.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button