Ауыл шаруашылығы

Еуразиялық омарташылар қауымдастығы құрылады

Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен V халықаралық бал фестивалі жаңалықтар мен тың бастамаларға толы болды. Сондай жаңалықтың бірі деп Еуразия құрлығының барлық мемлекеттері омарташыларының басын біріктіретін ара өсірушілер қауымдастығын құру туралы мәлімдеменің жасалуын айтуға болады.

Еуразиялық омарташылар қауымдастығы құрыладыЕжелден бері балдың отаны саналып келетін Шығыс Қазақстан облысында осымен бесінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальге Ресей, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан сияқты бірқатар мемлекеттің омарта шаруашылығы саласының өкілдері қатысты.

Фестиваль барысында Өскеменге алыс-жақыннан келген қонақтар дөңгелек үстел отырысын өткізіп, ара шаруашылығын дамытудағы тәжірибелерімен бөлісті. Басқосуда сондай-ақ, Еуразиялық омарташылар қауымдастығын құру жөнінде шешім қабылданды.

– Бүгінге дейін Армения және Өзбекстан елдерімен келісімшарт жасастық. Енді дәл осындай келісімшарттарды Қазақстанмен және Қырғызстанмен жасайтын боламыз. Жалпы, біздің Еуразиялық омарташылар қауымдастығын құрудағы мақсатымыз құрлықтағы ара шаруашылығына қатысты мәселелерді бірлесе шешу болып табылады. Қауымдастық құрамына енетін мемлекеттердің омарташылары ортақ технологиялық және құқықтық саясат негізінде жұмыс істейтін болмақ, – дейді Ресейдің омарташылар мен қайта өңдеушілер одағының вице-президенті Сергей Тастан.

Фестиваль қонақтары осы күндері облыс орталығындағы этноауылда өткізілген «Жасыл экономика – Қазақстанның тұрақты дамуының жаңа векторы» атты форумға қатысты. Аталмыш іс-шараның аясында Шығыс Қазақстандағы омарта шаруашылығының тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Көрме қонақтарының назарына сирек кездесетін экспонаттар ұсынылып, шығысқазақстандық бал өнімдері туралы жан-жақты ақпарат берілді.

– Шығыс Қазақстан ежелден еліміздегі омарта шаруашылығының отаны болып келеді. Ал балдың қадір-қасиеті, оның адам денсаулығына пайдасы туралы айтып жатудың қажеті шамалы. Сол себепті де алдымызға облыстағы бал шаруашылығын жаңғыртып, жаңа деңгейге көтеруді мақсат етіп қойдық. Бұған өңірімізде мүмкіндік мол. Облысымызда «Шығыс Қазақстанда омарташылықты өркендету» атты арнайы бағдарлама да қабылданған болатын. Осымен бес жыл бойы ара шаруашылығына облыстық бюджеттен субсидия бөліп, қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. Соның арқасында облысымызда бал өндірудің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда екі жарым есеге артты, – деп форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бал фестивалінің өткізілуіне «Бал Ара» омарташылардың ұлттық қауымдастығы ерекше көмек көрсеткенін атап өтті.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста жыл сайын бал жәрмеңкелері өткізіліп, омарташыларға жан-жақты ақпараттық, жарнамалық қолдау көрсетілуде. Бүгінде Шығыста өндірілетін балдың айтарлықтай бөлігі шетелге экспортталынуда. Әсіресе, біздің балға Қытай тарапы ерекше қызығушылық танытып отыр. Облыста жапон елінің тәжірибесін негізге ала отырып, мектеп оқушыларына күн сайын белгілі бір мөлшерде бал беріліп келетінін де атап өтуіміз керек. Бүгінде аймақтағы кәсіптік білім беретін бірқатар оқу орындарында омарташы мамандары даярлануда. Облыстық ғылыми-зерттеу институты ішінен омарта бөлімінің ашылуы да саланың ілгері басуына өз септігін тигізді.

Фестивальге қатысқан «Бал Ара» омарташылар ұлттық қауымдастығының вице-президенті Ғабит Нұрәділұлы аймақ басшылығының облыстағы тірек ауылдарда ара өсірумен айналысатын шаруашылықтар құру жөніндегі бастамасы құптарлық екенін айтып, бұл біріншіден, өз өніміміздің нарықтағы үлесін арттыруға, екіншіден, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Жалпы, Өскемендегі бал фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткеніміз абзал. Бұл сөзімізге іс-шараға келген шетелдік қонақтардың сөздері де дәлел бола алады.

– Фестивальде ұсынылған барлық балдың дәмін татып көрдім. Және де шығысқазақстандық өнімнің сапасы ерекше жоғары екенін жасыра алмаймын. Бұл сіздердің балдарыңыз негізінен таулы аймақтарда өндірілетіндіктен болса керек деп топшыладым. Қалай дегенмен де, Шығыс Қазақстан балының дәмін өзге балмен шатастырып алу мүмкін емес, – дейді Ресей омарташылар одағының президенті Альфир Манапов.

Ал Грузия еліндегі ара өсірушілер қауымдастығының президенті Теймураз Гогоберидзе Өскемендегі бал фестиваліне қатысушылар мен ұсынылған өнімнің алуан түрлілігіне таңданысын жасыра алмады. «Мұнда омарта шаруашылығының небір майталмандары бас қосыпты. Әрине, біз үшін бұл таптырмас тәжірибе алаңы болды. Сол себептен Шығыс Қазақстанда алдағы уақытта өткізілетін бал фестивальдерінен де қалмауға тырысамыз» дейді ол.

Фестиваль аясында отандық және шетелдік омарташылар ара тұқымын көбейту, омарта шаруашылығы саласына инновациялық технологияларды енгізу, ара ауруларымен күресу сияқты бірқатар өзекті мәселелерді талқыға салып, тәжірибе алмасты.

Екі күнге созылған халықаралық фестиваль облыс омарташыларының өнімдері ұсынылған бал жәрмеңкесімен аяқталды. Оған аймағымыздың түкпір-түкпірінен 70 мың келідей бал жеткізіліп, саудаланды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button