Абай - 175

Этнос жастары ақын шығармаларын насихаттады

Өскеменде Абайдың 175  жылдық  мерейтойына орайластырылған этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Өзге ұлт өкілдері арасында ұйымдастырылып келе жатқан іс-шараға биыл қатысушылар алыстан ат артып келмегенімен, үміткерлер саны өткен жылдардан артық болмаса кеміген жоқ.

Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орайластырылған этнос жастары арасындағы республикалық «Абай оқулары» биыл әдеттен тыс форматта өтті. Иә, бұл жолы қатысушылары еліміздің әр өңірінен жиналатын іс-шара әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды.

– Облыс әкімдігі ұлы Абайдың 175 жылдығына орай республикалық «Абай оқулары» байқауын ұйымдастырып, өткізіп отыр, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Роза Төлемісова. – Бұл байқаудың ерекшелігі – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай қор сөзін Абай шығармашылығы арқылы халыққа насихаттау. Ал іс-шараның мақсаты – ақынның шығармашылығын насихаттай отырып, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру.

Биылғы байқауға республикамыздың үш қаласы мен 14 облысынан көркем сөз оқу және ән айту шеберлігін қатар игерген 18 бен 29 жас аралығындағы 17 этнос өкілі онлайн режимде қатысты.

– Әлемді жайлаған коронавирустық пандемияға байланысты енгізілген карантиндік шектеулер болмағанда,  біз бұл байқауды Семей өңірінде, ақынның туған жері Абай ауданында өткізетін едік. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жастарға облыс әкімдігінің дипломдары, грамоталары мен бағалы сыйлықтар табысталады, – деді Роза Төлемісова.

Басқарма басшысының айтуынша, бұған дейін еліміздің өзге өңірлерінде өткізіліп келген республикалық деңгейдегі аталмыш байқау биыл алғаш рет Шығыс Қазақстанда ұйымдастырылып отырған көрінеді. Белгілі мәдениет, өнер қайраткерлері, филолог ғалымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері төрелік еткен іс-шара екі кезеңде өткізілді. Бірінші кезеңінде үміткерлер Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармаларынан немесе қара сөздерінен үзінділерді жатқа айтып, мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындады. Байқаудың екінші кезеңінде Абайдың және халық әндерін орындау арқылы әншілік қабілеттерін танытты.

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, аталмыш іс-шара осы екі кезеңмен ғана аяқталып қоймай, сонымен қатар қазылар алқасы қатысушылардың алдын ала басқармаға жолдаған «Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы» атты үй тапсырмаларын да саралап, өз бағаларын берген. 1-1,5 минуттық роликтер арқылы олардың өздерін таныстыруы, ұстауы және киім кию үлгілері де назарға алынған.

Бұл жолғы республикалық байқауға ел аймақтарынан бес орыс, үш ұйғыр, екі белорус, екі неміс, екі татар, екі кәріс және бір тәжік ұлтының жастары қатысып, өз өнерлерін паш етті. Жалпы, биылғы конкурс бір кездері ұмыт бола бастаған хакім Абайдың қалдырған ғибратты сөздері жыл өткен сайын жас ұрпақтың санасында қайта жаңғырып келе жатқанын көрсетті. Жоғары деңгейде өткізілген іс- шараның әр қатысушысы қазақы оюлармен өрнектелген ұлттық киімдерін киіп, кейбірі ұлттық музыкалық аспаптардан құрылған кіші-гірім оркестрлерді де жандарына алып, өздерінің көрсеткен әр өнерін музыкамен сүйемелдеп отырды. Өзге ұлт өкілдері болғандарына қарамастан қазылардың назарынан олардың конкурс шарттарын орындаудағы орфоэпиялық дағдылары да тыс қалған жоқ.

Бірнеше сағатқа созылған байқау қорытындысы бойынша Абайдың аудармалары мен «Абай жолы» романынан үзінді оқып, ақынның «Сегізаяқ» әнін шырқаған шымкенттік кәріс жігіті Темур Пак жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, бас жүлдені иеленсе, жамбылдық ұйғыр қызы Мухаббат Алеханова бірінші орынды қанжығасына байлады. Ол Абайдың «Білектей арқасында өрген бұрым» шығармасын мәнерлеп оқып, «Көзіңнің мөлдірін-ай» халық әнін нақышына келтіріп орындады. Екінші орынды Ақтөбе облысының атынан шыққан татар қызы Розалия Исхакова алса, үшінші орын жерлесіміз, белорус қызы Диана Богуцкаяға бұйырды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан қатысқан Денис Яковлев пен алматылық ұйғыр қызы Дильназ Шарипова «Әнді сүйсең, менше сүй», атыраулық белорус қызы Райгуль Стомма «Қара сөздің қас шебері», Солтүстік Қазақстанның атынан қатысқан орыс жігіті Сергей Воронцов «Өлең сөздің патшасы», ал павлодарлық неміс қызы Ксения Жұмабекова «Абайдың тілі – адамзаттың рухани қазынасы» номинациялары бойынша жүлдегер атанып, облыс әкімдігінің дипломдары мен грамоталарына ие болды.

Іс-шара соңында бас жүлде иегеріне «iPhone 7+» ұялы телефоны табысталса, бірінші, екінші және үшінші орын иегерлеріне сәйкесінше «Samsung» смартфоны, ноутбук пен «Apple Watch»  смарт сағаты табысталды.

Азамат Темірбеков

/Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді/.

Осы айдарда

Back to top button