Мәдениет

Этнографиялық экспедиция Шығыстан қанаттанып қайтты

Этнографиялық экспедиция Шығыстан қанаттанып қайтты

«Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» деп аталған этнографиялық экспедициясының мүшелері облысымызға келді. Жол талғамайтын отандық бес көлікке мінген, құрамында журналистер, фототілшілер, блоггерлер, ғалымдар, этнографтар бар жиырма адамнан құралған топ Шығыс Қазақстанға жеткенге дейін алдын ала дайындалған бағыт бойынша еліміздің Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар секілді ірі қалаларын артқа тастаған.
Естеріңізде болса, аталмыш экспедиция Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ 1-қазанда Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтау қаласында, Каспий теңізінің жағасында өңір жастарымен болған кездесуден соң бастау алған болатын. Екі айға созылмақ шараның басты мақсаты – қазақстандық жастарды еліміздің таңғажайып табиғатымен таныстыруды, туризмді дамытуды, отансүйгіштік қасиеттерді арттыруды және өңірлер арасындағы мәдени құндылықтармен алмасуларға үлес қосуды көздейді.
Экспедиция мүшелері Шығыстағы сапарларын Семей жерінен бастап, алғашқы күні Абайдың мұражайында болып, қазақтың бас ақынының жеке тұрмыстық заттарымен, шығармашылығымен тереңірек танысса, одан соң отандық автобустар мен ауылшаруашылық тракторларын шығаратын «Семаз» машинақұрастыру кәсіпорнында болып, өндіріс жайына қанықты, жоғары оқу орнының студенттерімен кездесті.
Ал Өскеменде қаланың көрікті, тарихи-мәдени орындарын аралады. Алдымен қаланың сол жағалау бөлігінде орналасқан этноауылда болып, онда орналасқан түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерімен, ерекшеліктерімен танысса, келесі кезекте Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығының базасында жас спортшылармен кездесті. Аталмыш орталықтың бүгінгі таңдағы жұмысы турасында меймандарға орталық директоры Денис Рыпаков баяндап берді. Мұнан соң саяхатшылар тобы қаланың Стрелка ықшамауданындағы Даңқ мемориалында, «Азия Авто» АҚ-да, қаланың басқа да белгілі орындарында болды.
Экспедиция мүшелерінің облыс орталығындағы сапары Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттерімен болған кездесумен қорытындыланды. Бұл шараға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қонақтарды өңіріміздің бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, алдағы шаруаларына сәттілік тіледі.
– Бүгін өңірімізге келіп отырған бұл экспедицияның алдына қойған міндеті өте салмақты. Ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын, Маңғыстау мен Алтайдың арасына созылған қазақтың кең даласын аралап, бірлік пен тұтастықты паш етіп, жастарды соған біріктіріп келесіздер. Шығысқазақстандық жастар да өте белсенді. Оралхан Бөкейдей, Қасым Қайсеновтей көптеген қайталанбас тұлғаларды тудырған, таңғажайып табиғаты бар Шығыс жерінен де мол әсерге бөленіп, мол мағлұматтар алып қайтасыздар деген ойдамын, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
– Шығыс Қазақстаннан алған әсеріміз өте жоғары. Көптеген құнды материалдар жинақтадық. Әсіресе, этноауыл бізге қатты ұнады. Мақсатымыз «Каспийден – Алтайға» дейін деп аталғандықтан, Өскемен қаласы саяхатымыздың жарты жолы болып саналады. Сапар соңында оған қатысушылармен еліміз бойынша арнайы деректі фильм дайындалады және фотокітап шығарылады. Желтоқсан айының бірінде Астана қаласында экспедициямызды қорытындылайтын боламыз, – деді аталмыш этнографиялық экспедицияның жетекшісі Евгений Рибалко.
Экспедиция мүшелері Риддер қаласында да болды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button