Ауыл шаруашылығы

Ет пен сүт өндіру еселеп артады

Шошқалы көлінде абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Электр жарығы тартылып, жол жөнделеді. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев мәлім етті.

  • Биыл осы көлдің аумағын көркейту мақсатында «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының ұжымы бірқатар шаруа атқарды. Бүгінде мұнда демалушыларға арналған қонақүйлер салынуда. Сонымен қатар жағажайдағы волейбол алаңы заман талабына сай қайта жабдықталып, қолданысқа берілді, – деді Дәулет Батырбаев.

Ауданда кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестиция тарту және ішкі қорлардың көздерін табу секілді экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

– «Балке», «Бекарыс», «Қалиқанұлы» шаруа қожалықтарының базасындағы тауарлы-сүт фермалары қайта жарақтандырылды. Сөйтіп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ірі қара мал саны көбейді. Сондай-ақ биыл Қарабас, Ерназар және Кіші Владимировка ауылдық округтерінде үш сүт қабылдау пункті бой көтерді, – деді аудан әкімі.

Жетіжар ауылдық округінде 1200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы салынады. Бұдан бөлек, онда жұмысшыларға арналған жатақхана құрылысы да жүргізілуде. Мұндағы басты мақсат – ауыл шаруашылығы саласын дамыту.

  • Аудандағы 54 шаруа қожалығындаетті бағыттағы мал басы көбейтілуде, – деді Дәулет Батырбаев.

Брифинг барысында аудан басшысы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ жалғызбасты қарияларға үнемі көмек көрсетілетінін атап өтті. Бұл «Жақсылық жаса» акциясы аясында ұйымдастырылады.

– Ауданда 3 718 зейнеткер тұрады.Оның ішінде 500-ден астам адамға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Оған тиісті қаражат бөлінген.Сондай-ақ бұл санаттағы халыққа демеушілер тарапынан да қолдау бар, – деді аудан әкімі.

Алдағы уақытта Бесқарағай ауданындағы 15 ауылорталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Осылайша, халық сапалы ауызсуға кенеледі. Биыл ауданда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында сегіз жоба қаржыландырылды. Оның ішінде үш кәсіпкерге мемлекеттік грант тағайындалды.

– Ағымдағы жыл басынан бері кәсіпкерлер 188 миллион теңгеден астам салық төледі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары, – деді аудан басшысы.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button