Еспе бойындағы ертегідей салбұрын
Салбұрын қыркүйек айының баюымен дәл келген. Еспе бойындағы Қарабұлақта қара қос тігіліп, абылайшалар орнатылды. Тіпті аппақ отау да құрылыпты. Жадағай желбір жапқан емес, ақ киізбен әспеттелген екен. Осы жерде шаруа қожалығының басшысы Қанат Тілебалдин шонжардың бақташыларының екі бөлмелі тамдары бар екен.
Салбұрын – аңға шыққан серілердің ерлігі мен ептілігін, мәрттігі мен жомарттығын көрсететін ежелгі дәстүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қайта жаңғырған салбұрынға Нұр-Сұлтан қаласынан, Алматы мен Семейден, Аягөз, Жарма, Үржар Тарбағатайдан, Көкпекті ауданының Үлкенбөкен, Үлгілімалшы, Тассай ауылдарынан қасқыр, түлкі алып жүрген тазыларын ертіп 70-ке жуық аңшы қатысты.
– Салбұрынға жақсы ат, қыран бүркіт, берен мылтық сайланады. Әбжіл аңшылар, құсбегілер, саңлақ саятшылар, аңқұмар қағушылар, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Олардың саны шектелмейді. Бір топта он-он бес тазы, жиырма-отыз адам болуы да мүмкін. Ал ең аз дегенде атшы-қосшы, былайша айтқанда, үш-төрт адамнан кем болмайды. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос, абылайша тігіп, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бөліне бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Бір жағында түлкі, қарсақ, қасқырдың терісіне шөп, сабан тығылып жатса, екінші жағында қоңыр аңдар сойылып, табақ-табақ қара қуырдақ, ет тартылып жатады. Құрт, сүзбе қатылған қарсақ жон сорпаны аяқ-аяғымен сіміріседі. Ат-көлік отқа қойылады. Қай тазыны қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбұрынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, әзіл-сықақ айтысып, тәжірибелерімен бөліседі, – дейді Тассай ауылындағы атақты аңшы Шапат Дүкембеков.
Шежірені тарқатып, әңгімені өрбітті
Салбұрынның салтанатты ашылуы өнерпаздардың тамаша өнерімен басталды. Ауыл мен Отан туралы әндер әуелеп, аңшы серілер қосыла шырқады. Еспе өзені жағалауының қамысы да ызғымай, аспанға үйірілген қорғасын бұлттар да тамшысын іркіп қалды.
Сауық тазы көрмесіне жалғасып, Өскеменнен келген ханымдар – Елена Пуха мен Елена Хардинаға сөз берілді. Бұлар республикалық деңгейдегі сарапшылар тазы тұқымының тазалығын бағалап, әрқайсына тиісті төлқұжат беріп, таңба басты. Бұл күні құжаты ресімделген 59 иттің 41-і таза тұқымды қазақи тазы деп танылды.
Кешкілік қонақасында ақсақалдар аңшылық пен саятшылықтың қызығын еске түсіріп, жақсы дәстүрді әңгіме қылды. Шыңғыстаудан келген тобықты елінің ақсақалдары Шыңғысбай Түсіпов пен Жүнісбек Слямов, тассайлық Шапат Көбейұлы мен Кабдыкәрім Капсалямұлы, Ғалым Слямов, үржарлық ақын, саятшы Ерзат Шойтабан шежірені тарқатып, әңгімені өрбітті. Жүнісбек атаның салбұрынның тарихы туралы Мұхтар Әуезов жазған «Абай жолындағы» суреттерін қызықты әңгімелеп берді.
Осы отырыста Тана мырзаның да Алтайда, Қалбада жасаған саятшылығы туралы, жүйрік аты Ақтанау мен құмай тазысы Сыпайының да жөн-жосығы баяндалды. Осы орайда аймағымыздағы атақты аңшы Мейрам Ораловтың көк тазысының қызығы еске алынып, Қалихан Алтынбаевтың Мейрам Ораловқа айтқан көңілі жыр болды. Аягөзден келген Арыстанның әрбір аңның үнін салып, арқар боп азынап, жылқыдай кісінеп, қасқыр боп ұлуы мен түлкідей қыңсылауы, тіпті тағы қыранның шаңқылын салғаны көпшілікті таң-тамаша етті.
Ас үстінде Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаиловтың, Тассай ауылы азаматтарының сый-сияпаты жасалды.
Тікұшақпен қуатын аяусыз қырғын емес
Таң біліне тұрған саятшы көп тайдың суыған етімен, қымызбен ауқаттанып алып, атқа отырды. Жүніс аға сәттілік тілеп, бата берді. «Уазға» мінген Алижан Артықбаев бастаған түсіру тобы дронын ұшырып, суретке түсіріп жатты.
Еспе суының қалың қамысты жағасына бір топ, Мысықұясы тауының қырқасына бір топ, алыстағы Арқарлы тауын көздей бір топ аттанды. Топтар шұбалаңқы шашырау емес, ықшам сергек екен.
Тазылар иіс алып, желге тұмсықтарын тосып жосыла сырғитындай. Артық дыбыс, дауыс жоқ, әредік ысқырық естіледі. Салбұрында бірінші қанжығасы майланған Алмас Ержақыпов, Айдос Айқынбаев, Мақсат Көбеновтей «мақаншылық үш қоңыр» болды. Олардың «Лашын» деген тазысы сұр қоянның атасын сәндеп басқан екен.
Мұнан кейінгі Шыңғыстау шерілері – Жүнісбек Слямов бастаған абайлық саятшылар салбұрынның қандай болатынын дәлелдеп, қанжығаларын майлады. Бұл аңшылықта аягөздік «Бозойлық бес төре» аңды қуып, қайырады. Сол кезде Абай ауданындағы атағы жер жарған «Құрманбай» шаруа қожалығының бас жылқышысы Ерсін Назарбаевтың «Желтабаны» өзінен екі есе үлкен қоңыр аңды үш-ақ тартып қылжитады. Салбұрын – тікұшақпен қуып, автоматпен қыратын аяусыз қырғын емес, аңды да, алушыны да еркіне қойып, «қай жеңгенің» дейтін әділетті майдан. Аталарымыз аңды үркітіп, өзін көрсетіп, «мен сені аламын» деп ұстайды екен.
Тассайдағы аңшы жігіттер саятшылықты қайдан үйренді дегенде, есімізге Меделбек, Тойбалат ағалар түседі. Олардың мергендігі, жүректілігі аңыз болып айтылады. Тарбағатай тауының аюын алып, қасқырын соғып жүрген аталарымыз тазы ұстауды балаларына ермек үшін үйретеді екен. «Бала-шағаны асырамай, машинасына ит салып жүргені несі?» дегендей, кезінде ит асыраған адамға күліп қарайтын да заман болғанын айтады самарлық Нұрлан сері. Енді, міне, тазымызбен де мақтанамыз. Тіпті күшіктермен ойнаған Жантөре, Сырым, Шәкәрім сынды балалар ұзаққа дейін ұйықтамай, «енді бізге тазы әперіңдер» деп қиғылықты салған екен.
Тассай ауылының азаматтары өткізген салбұрынның басты демеушісі «Самық» шаруа қожалығының басшысы Болатхан Әзімбаев, «Әке көрген оқ жонар» дегендей, лайықты іс жасаған екен. Қожалықтарының шаруасын дөңгелетіп, ауылда өтіп жатқан пайдалы, мағыналы іс-шараларды қолдап жүрген Берік Тілебалдин, Қайырлы Оразбаев, Айдос Қапасовтар да ауқатты адамның нағыз мәрттігін көрсеткен демеушілер болды.
Еспе бойындағы ертегідей болған салбұрын сәтті аяқталды. «Ендігі кезекте махаббат мекені – Аягөзде кездесейік» деп тарасты саятшылар.
Қайрат Бесбайыс
Көкпекті ауданы.