Өңештің қызметін асқазан атқарады

Көпсалалы онкология және хирургия орталығында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкохирургы, медицина ғылымдарының докторы Ерген Ижановтың жетекшілігімен өңеш обырына шалдыққан екі шығысқазақстандыққа күрделі ота жасалды. Екі науқас та операция үстеліне әбден дерт меңдеп, өздіктерінен тамақ іше алмайтын жағдайда, әрқайсысы 15-20 келі салмақ жоғалтып, мүлде әлсіреген кезде түскен. Үш жарым сағаттан артық созылған операция кезінде науқастардың дерт шалмаған асқазандарынан өңеш жасалып, алматылық доктор олардың өмірге қайта келуіне себепкер болды.
Біздің өңір өңештің қатерлі ісігі кең тараған аймаққа жатпайды. Облыста обырдың осы түрі таралуы жағынан онкологиялық аурулардың ішінде он екінші орында тұр. Өткен жылы өңірде өңештің қатерлі ісігінің 95 жағдайы тіркелген. Бірақ жаман дерттің диагнозы анықталғаннан кейін, науқастың өмір сүру ұзақтығы бес жыл мерзімге жете бермейді әрі өлім көрсеткіші жоғары.
– Қатерлі ісіктің бұл түрі торакальді хирургияда өте күрделі деп саналады. Сол себепті емдеу сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында, біздің онкохирургтерге кейбір ерекшеліктер мен жаңа әдістерді үйрету үшін біз Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтынан әріптестерімізді арнайы шақырған едік, – дейді орталықтың бас дәрігерінің емдеу мәселелері жөніндегі орынбасары Арман Мұқажанов.
Алматылық мамандар 13-17 мамыр аралығында үш пациентке ота жасап, біздің онкологтарға екі лекция оқыпты. Лекция сабақтарының тақырыбы хирургиялық емнің сапасы, пациенттерді операцияға дайындау, отадан кейін кездесуі мүмкін асқынулармен күрес мәселелері төңірегінде таңдап алынған. Хирургтерде «егер асқынулармен қалай күресуді білмесең, онда ота жасауды мүлде бастамай-ақ қою керек» деген қағида бар.
Өңештің орналасуының өзі операция кезінде көп қиындық туғызады. Кез келген онкологиялық ота ағзаға жарақат түсіретіндіктен, көп жағдайда операциядан кейін науқастар жарымжан болып қалады.
Ерген Ижановтың жетекшілігімен екі глубокоелік азаматтың өңешіне Льюис типті күрделі оталар жасалды. Екі науқас та дәрігерлерге дерттің әбден асқынған сатысында келіпті. Екеуі де өңештерінен ас жүрмейтін халге жеткен, соның салдарынан 15 келіден артық салмақ жоғалтқан, ұзақ уақыт ауырып жүргендері сөзсіз.
-Бұл операция күрделілігі жағынан жетінші санатқа жатады. Өйткені бірден екі органды: іш қуысы мен кеуде қуысын ашуға тура келді. Ұзындығы 25-30 сантиметрге жететін, дерт меңдеген өңешті алып тастағаннан кейін оның қызметін атқаратын орган науқастың өз ағзасындағы материалдан жасалынады. Біздің жағдайда ондай орган – ісік шалмаған асқазан. Іш қуысынан кеуде қуысына ауыстырылған асқазан енді екі органның: асқазан мен өңештің қызметін қатар атқарады, – деп түсіндірді Ерген Ижанов.
Доктордың айтуынша, екі бірдей қуысты ашу денеге көп жарақат түсіреді, яғни асқынулардың болуы мүмкін екені о бастан түсінікті. Әсіресе өкпе жүйесі жағынан болған өзгерістер қолайсыз жағдайларға әкелуі ықтимал.
– Қазір екі пациенттің де өкпелері өз қызметтерін қалыпты атқарып тұр. Ары қарай аралас ем: сәулелі терапия мен химия терапиясын қолдану жоспарланған. Әріптестеріміз бұдан кейінгі емнің тиімді әдістерін дұрыс таңдайды деп ойлаймын, – деп жалғастырды алматылық ғалым.
Екі пациентке де жасалған оталар сәтті аяқталып, бір науқас қазір салалы бөлімшеге ауыстырылса, екіншісі әзірге жансақтау бөлімінде. Бірақ екеуі де белсенді, асты табиғи түрде қабылдап жатыр. Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, екі науқас та әлі жұмыс істеп, қоғамға пайдасын тигізер жаста.
Білімдерін ұштай түсті
Өңештің қатерлі ісігіне оталарды біздің жергілікті онкохирургтер де бұрыннан жасап келеді. Алайда медицина бір орында тұрмайды, жаңа әдістер, соны техникалар шығып жатыр. Ота жасау уақытын қысқарту, жараға тігісті басқаша салу сияқты жаңашылдықтар енгізілген. Ерген Ижанов – тек республикаға ғана танымал емес, әлемде үздік бестікке кіретін білікті онкохирург. Сол себепті шеберлік сабақтары шығызқазақстандық хирургтердің білімдерін ұштай түсуге, жаңа әдістерді, соны технологияларды меңгеруге бағытталды.
– Біз өңештің қатерлі ісігіне жылына бес-алты ота жасаймыз. Сонымен қатар операцияға балама радикалды сәулелі терапия емін қабылдайтындар да бар. Алматылық әріптестеріміздің тәжірибесі біздікінен 10-20 есе артық. Сондықтан олар бізге өздері жіберген қателіктерді қайталамауды үйретеді, жаңа техникаларды, әдістерді меңгеріп, біліктілігімізді ұштай түсуге көмектеседі. Мысалы, онкология және радиология институты мамандарының жараға тігіс салудың өздері жасаған түрлері бар, – дейді жергілікті онкохирург, онкохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Хусан Умурзаков.
Жыл сайын елімізде өңештің қатерлі ісігінің 1200 жаңа жағдайы тіркеледі. Өкінішке қарай, олардың тек үштен бір бөлігіне ғана ота жасауға болады. Республика көлемінде жасалатын 250-300 операцияның басым бөлігін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының онкохирургтері атқарады. Обырдың бұл түрі әсіресе Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында жиі кездеседі. Біздің өңірде жылына 40-50 ота ғана жасалса да, хирургтер кез келген кезде операция жасауға дайын тұруы тиіс. Алматылық ғалым біздің орталықтың жабдықталуында олқылықтар бар екенін ескертті.
– Біздің клиникада осы науқастарға отаны 2-2,5 сағатта жасап тастар едік. Сіздерде қажетті заманауи аспаптардың жоқтығынан, ота жасауға үш сағаттан астам уақыт жұмсадық. Алайда келешекте барлық корпустар қайта жаңғыртылатынын естіп жатырмыз. Бұл орайда облыс әкімінің медициналық мекемелерге жағдай тудыруы, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қолға алғаны қуантады, – деп сабақтады сөзін доктор.
Көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының емдеу мәселелері жөніндегі орынбасары Арман Мұқажанов өз кезегінде қажетті құралдардың алынғанын, тек қайта құру жұмыстары аяқталғаннан кейін орнатылатынын жеткізді.
Fast Track хирургиясының тиімділігі неде?
Ерген Ижанов Fast Track науқастарды жедел сауықтыру хирургиясын онкология саласында қолдану тиімділігі жайында да айтып берді. Бұл тәсілді науқастарға дерттің алғашқы сатысы кезінде ғана қолдану тиімді. Жалпы, онкология саласында роботты хирургия, аз инвазивті лапароскопиялық әдіс сияқты заманауи тәсілдерді тек дерттің асқынбаған түрі кезінде ғана қолданылады.
– Тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігі болмайынша, жағдай түзелмейді. Мемлекет тарапынан скринингтік тексерулерге жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Бір-екі сағат уақытын жұмсап, денсаулықтарын тексеруге ерінеді көпшілік. Егер науқастың дерті ерте анықталса, онда Fast Track тәсілінің тиімділігі сөзсіз. Ота жасау мерзімі де, науқастың стационарда жату уақыты да қысқарады, отадан кейін тез оңалады, – деп қорытындылады Ерген Ижанов.
Айна Ескенқызы