Есен Елеукен: – КВН тек орыс ұлтының ойыны деген түсінік түбірімен қате
Өскеменге «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен келген болатын. Сол кезде «Жайдарман» әзілкештер мен тапқырлар сайысының жүргізушісімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
«Жайдарманға» арнап ешкім арнайы әзіл жазып бермейді
– Әңгімені өзіңізден бастасақ. Қай өңірдің тумасысыз?
– 1973 жылы бесінші желтоқсанда Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы Шетырғыз ауылында дүниеге келдім. Еңбек жолымды өз ауылымнан бастадым. Кейін араға бір жыл салып, Оңтүстік Қазақстан техникалық университетіне оқуға түсіп, оны «Технологиялық процестер мен өндірісті автоматтандыру» мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Содан соң халықаралық Қазақ-Түрік университеті Жаратылыстану және гуманитарлық институтының «Биоэкология» кафедрасында тағылымдамадан өтуші-зерттеуші ретінде қызмет атқардым. Одан соң «Юмакс» радиосында қарапайым қызметшіден бастап, қазақ редакциясының бас редакторы лауазымына дейін көтерілдім. Қазір өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан КВН Одағының» президентімін. Отбасылық жағдайыма келсек, үйленгенмін, бір қызым бар.
– «Қожанасырдың әзілдері аңызға айналып кетті» деген сөзді естіп жатамыз. Сіздің ойыңызша, жайдарманшылар әзіл тарихында қалатындай әзіл айта алып жүр ме? Қазіргі айтылып жүрген әзілдердің деңгейі қандай?
– Жалпы, Қожекеңдікін әзіл деуге келмес, астында зілі бар, өмірдегі құбылыстарды сықақтап, сол арқылы адам бойындағы кемшілікті жөндеуге талпынған кісі ғой ол. Әйтпесе, қай әңгімесін қарасақ та, өз өміріне деген көңіл толмаушылықты байқаймыз. Мысалы «Же, шапаным, же», «Қай тесікті айтасың» дегендей сөздері өзінің тұрмысын бейнелеп отыр. Сондықтан да ол әдебиетте қалып отыр. Ал қазір ше? Бүгінгі өмір басқа. Қазіргі таңда тұтас аңыз емес, сарт еткен бір-ақ ауыз әзіл сөзді есте қалдырсаң, соның өзі біраз жетістік. Ал жайдарманшылар белгілі бір уақытқа дейін өзектілігі бар әзілдерді ғана ойнап жүр. Қазір әлеуметтік желі мен чат арқылы тіл қатысатын заманда ұзын-сонар қалжың айту… Иә, өмірге бейімделу деген осы шығар. Жайдарманның әзілдері өтімдірек боп тұрғаны сол болуы ғажап емес. Ал қазіргі әзілдің деңгейі туралы сөз қозғағанда, аттанға ойбай қосып, өмірден түңілдіріп жіберудің қажеті жоқ. Әр нәрсе өз орнымен.
– Жайдарманшыларды іріктеу қалай жүргізіледі? Сіз ойыншыларды іріктеуге тікелей атсалысасыз ба?
– Иә, тікелей қатысамын. Негізі жайдарманшыларды іріктеу үшін әр маусым басында аудандық, қалалық, облыстық және республикалық «Маусымашар» фестивалі өткізіледі.
– Жайдарманда айтылатын әзілдердің авторы кім? Әлде әр команда әзілді өзі шығара ма?
– Жайдарманға арнап ешкім арнайы әзіл жазып бермейді. Өйткені, өзіңе берілген төрт-бес минут ішінде көрерменге бірнеше мәрте езу тартқызу өте қиын. Ал көрерменнің көңілінен шығу үшін үлкен еңбек пен талант қажет.
– Құпия болмаса, жайдарманшылардың ішінде жаныңызға ерекше жақын команда бар ма?
– Оны айту мүмкін емес. Бірде Бауыржан Момышұлы «қай кітабыңыз өзіңізге ұнайды?» деген сауалға: «бұл сұрақ қай балаңды жақсы көресің дегенмен бірдей» деп жауап берген екен. Сол секілді мен олардың көрермені емеспін. Тек қалай ойнау керектігін көрсететін жетекшісімін.
Жалақы төленетін болса, мүлде басқа деңгейде жүретін едік
– Жайдарманды сынаушылар бар. Сіз сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынды орынды айтса, қабылдаймын. Өйткені, сын алға жүруімізге, қажып тоқтамауға ықпал ететін күш деп есептеймін.
– Жайдарманға тұрақты түрде қаржылай қолдау кімнің тарапынан көрсетіледі? Жайдарманшыларға жалақы төлене ме?
– Төленетін болса, мүлде басқа деңгейде жүретін едік. Құрылған күннен бастап, жекелеген демеуші болған жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ. Мыңдаған баланың елге танылып, әулетінің көз қуанышына айналуына себімізді тигізсек те, осы кезге дейін тұрақты қаржы көзінсіз жұмыс жасап келдік. Соның өзінде он жыл бойы бір орында қалмай, осы деңгейге жеткеніміз мақсатымыздың анық болуында деген ойдамын. Қазір «Нұр Отан» партиясы республикалық жоғарғы лига сайыстарына демеушілік көрсетіп отыр. Ал республикалық Премьер-лига ойындарына еліміздің Білім және ғылым министрлігі тарапынан қолдау таптық. Жайдарманның аты шығып, танымал болғаннан кейін қазір облыстық әкімшіліктердің көпшілігі бізбен бірге жұмыс жасауға пейілді. Баяғыда мұның бәрі жоқ еді.
– Жайдарманды тастап, басқа салаға кеткіңіз келген кез болды ма? Жайдарман үшін ең қиын кезең қай уақыт еді? Ең сәтті кезең ше?
– Ондай кездер болмады десе өтірік болар. Әр адамнан өтетін сондай сәт болады. Алайда Жайдарманнан кетуді елестете де алмаймын.
– КВН қазақтілді ортаға қалай келді? Көрермендер арасында КВН орыс ұлтының ойыны деген түсініктің де қалыптасқаны жасырын емес. Бұған сіз не дейсіз?
– Бұл – қате пікір. Негізінде аталмыш ойынды 1950 жылдың соңында Орталық телеарнада жұмыс істейтін төрт кісі ойлап тапқан екен. Тек олардың бар айыбы бағдарламаның орыс тілінде шығуында шығар. Бірақ ол кезде басқа мүмкіндік болмады ғой… Сол кездегі КВН-нің ұтымды тұсы сол, онда әртүрлі ұлттар ойнап, жоба сонысымен сәтті шықты. Негізінде, бұл ойын бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің бәрінде бар.
Қазақ КВН-ы жүйелі түрде 1999 жылы 23 желтоқсанынан бастап Алматай Көздібаеваның жетекшілігімен өткізіле бастады. Алайда ол кезде өзінің құрылымы, ұйымы болған жоқ. Орыс тілінде өтетін Қазақстан Супер лигасы бар еді, соның құрамында болдық. Содан 2002 жылы Алматай апайдың жетекшілігімен Супер лигадан бөлініп шығып, Қазақ КТК лигасын құрдық. Артынша еліміздің барлық облысынан филиалдар ашылып, белсенді жұмыстар жүргізілді.
– КВН деген дұрыс па, әлде, КТК ма? Қайсы атауды қолданамыз?
– Ресейдегі КВН ойынының қазақша нұсқасын бір кездері КТК деп атап жүрді. Мен бұл атауға келіспеймін, өйткені ол – сөзбе-сөз аударма (калька). «Көңілді тапқырлар клубы» дегеннен гөрі, «Әзілқойлар мен тапқырлар отауы» деп аударған дұрыс сияқты. Өздеріңіз білетіндей, біз «Жайдарман» деп атап жүрміз. Бастапқыда, бұл атауды халық қабылдамайтын шығар деп ойлап едік, керісінше, көрермен бірден жылы қабақ танытты. Одан кейін «жайдарманшылар», «жайдарман тобы» деген ұғымдар пайда болды. Ал КТК атауы ұмытылып кетті.
Танымал болуды көздеп келген ойыншылар ұзаққа бармайды
– Алғашқы кезде «Жайдарманды» телеарнаның эфирінен беру кезінде қиындықтар болған шығар…
– Алғашқы кезде телеарналар тұрақты көрсеткен жоқ. «Еларна», «Хабар», «31 арна», «НТК» арналары бар болғаны 1-2 ойыннан ғана көрсетіп шықты. Сөйтіп жүргенімізде 2004 жылы Алматай апайымыз науқастан қайтыс болды. Сол жылғы маусымның соңына қарай ұйымдастырушылар арасында пікір қайшылығы болып, түрлі келіспеушіліктер орын алды. Менің ойым жасап жатқан дүниемізді халыққа көрсетіп, жарыққа шығару еді. Өйткені қанша баланың еңбегі бар, оның үстіне тұрақты түрде жарыстар өткізіліп тұрады.
2004 жылдың соңында жастардың болашағына бейжай қарамайтын бір-екі демеушінің арқасында студия алып, ойынымызды өзіміз түсіре бастадық. Сол жылы екі ойын түсірсек, 2005 жылдан бастап тұрақты негізде чемпионатты түсіруді қолға алдық. Дәл осы жылы Қазақстан КВН Одағын құрып, соған президенті қылып мені сайлады. Алдымызда жасалуы тиіс шаруа өте көп еді. Әсіресе бізге шығармашылық ұжым ауадай қажет болды. Осылайша Одақтың жанынан «Есаға» шығармашылық бірлестігін құрдық. Алғашқы кезде біз ойындарды «31 арнаға» демеушілердің көмегінің арқасында үлкен қаражат беріп көрсеттік. Бас-аяғы 80 мың доллардай қаражат жұмсадық. Ары қарай жоба тәй-тәй басып кетті. Ал 2008 жылы ойынымызды «Еуразия» бірінші арнасынан көрсетіп, кейіннен жанашыр ағаларымыздың ұсынуы бойынша біз «Қазақстан» Ұлттық арнасына ауыстық.
– Алғашқыда «31 арнаға» ақша төледіңіздер, ал қазір қалай? Қазір енді сіздерге төлей ме?
– Иә, біз бағдарламаларды белгілі бір бағада сатамыз. Қымбат баға деп айта алмаймын. Бірақ өз шығынын жабады.
– Жайдарманға қызығатын жастар өте көп. Олар жан-тәнімен әзілдеуді жақсы көре ма, әлде қысқа уақыт аралығында тез танымал болуды көздей ме?
– Менің ойымша, барлығы бар. Кейбіреулері екі-үш рет телеарнадан көрініп, тез танымал болып, тойға немесе телеарнаға шығып кеткісі келеді. Енді бірі уақытын тиімді өткізіп, осы жерде жетістікке жетемін, менің соған қажетті талантым да, талабым да бар деп келетін азаматтар да бар. Айтарым, тез танымал болуды көздеп келген ойыншылар ұзаққа бармайды. Білініп қалады. 3-4 ойыннан кейін ол әзіл әлемінің қиыншылығына көнбейді. Қиыншылығы өте көп, оңай емес.
– Жайдарман әзіл-сықақ театрларына бәсекелес пе?
– Екеуі екі түрлі нәрсе. Әзіл-сықақ театрлары сол жерде нәпақа тауып, бала-шағасын асырап отыр, ал КВН-ге қатысушылар жан дүниесі үшін ғана ойнайды. Мысалы мен үшін қойылым ары кеткенде 7-8 минут қана болу керек. Адамды шаршатпаған жөн. Негізі, стандарт 1,45 немесе екі сағат болуы тиіс. Әзіл-сықақ театрларымен салыстыруға келмейді. Бұл – басқа бағыт. Өйткені, жайдарман – бірінші кезекте сайыс.
– Шығыстағы «Қазақстан КВН одағының» филиалы жөнінде не айтасыз?
– Шынын айту керек, оңтүстік өңірлерде мұндай деңгейдегі КВН ұйымдастырылмайды. Сондықтан оң баға беремін (күліп). Айтпақшы, биыл Семейдегі КВН филиалы үздік атанды.
– «Жайдарманда» Шығыстың намысын қорғап жүрген командаларға деген көзқарасыңыз қалай?
– Аягөз құрамасын ерекше атап өткім келеді. Өйткені, олар «Жайдарманның» үлкен сахнасына 4-5 жыл дегенде бірақ шықты. Себебі, балалардың бірі Өскеменде, Семейде, Алматыда болғандықтан, бас қосып, КВН-ге дайындалуға уақыт пен қаражат жағы кейде кедергі болып қалатын кездері болады. Бірақ аягөздіктер табандылығының арқасында үлкен сахнаға көтерілді.
Ал «Альянс-Семей», «Достар», «Өскемен» құрамасының жігіттері өз деңгейінде ойын көрсетіп жүр. Айта кететін жайт, «Өскемен» құрамасына біраз жұмыс істеп, еңбектену қажет дер едім. Жалпы, болашақта Шығыстың барлық командасын үлкен сахнадан көреміз деген үміттемін.
– Ардагер жайдарманшылар қазір қайда жүр?
– Көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Мен олармен мақтана аламын. Көпшілігі өз ортасын тапқан. Барған жерінде міндетті түрде ерекшеленіп тұрады. Себебі, олар ортаға бейім. Елдің алдында сөйлеп, ойын ашық жеткізе алады. Министрлікте де, әкімшілікте де жұмыс істеп жүргендер бар.
– Сіз үшін әзіл деген не?
– Әзіл деп көңілімді көтеретін, сосын кішкене ой салатын, салмағы бар дүниені қабылдаймын.
– Жайдарманның миссиясы қандай?
– Өз ортасын таба алатын, ұлтжанды, ана тілімізде әзілдей алатын, қазақша сөйлеуден ұялмайтын, адамгершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеп шығару.
– Әдемі әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен – Ажар Сағатбекова