«Дидардың» қонағы

Есім Акитбаев, Өскемендегі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейінің директоры: – Мұғалім мәртебесін көтермей, қоғам дамымайды

Өскемен қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №3 мектеп-лицейі – өңірдегі ғана емес, республикадағы ең таңдаулы білім ордаларының бірі. Жақында мектеп директоры Есім Тұрысбекұлы Акитбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Түсіме тау кіретін

Есім Тұрысбекұлы, сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды білім саласына арнаған жансыз. Осы орайда сұрайын дегенім, бұл салаға кездейсоқ келмеген боларсыз?

–  Менің анам да, әкем де – ұстаздар. Әкем  Тұрысбек пен  анам Шөкей Боранбаеваның екеуі де бүкіл ел сыйлаған ұлағатты ұстаздар болды. Отбасында сегіз бала едік.  Үйдегі әңгіменің негізгі арқауы да үнемі мектеп, мектептің тіршілігі туралы болатын. Мектеп жайлы әңгімені туғанымыздан-ақ естіп өстік. Мен мектепке бармай тұрып-ақ мектепте оқитын балалардың бәрін бес саусағымдай жақсы білетінмін десем артық айтқаным емес. Кімнің қалай оқитынын, тіпті кімнің жазуы қандай екеніне дейін сайратып айтып беретін едім.  Бірақ неге екенін білмеймін, өз ата-анам секілді мұғалім болуды мен ешқашан армандаған емеспін. Мүмкін, балалығым болар, совхоздың немесе колхоздың бастығы болсам деп армандайтынмын. Өйткені ол кезде совхоздың, колхоздың бастықтарын керемет үлгі тұтатын едік.  Оларды көргенде ауыл тұрғындарының өзі қоғадай жапырылатын. «Мен де жақсы оқимын ғой. Ендеше, неге совхоздың директоры бола алмаймын» дейтінмін іштей қиялға беріліп. Жүрсек те, тұрсақ та соларға ұқсауға тырысатынбыз. Бір күні әкеме сырымды айтып ақтарылдым. «Директор болудың оқуы бар ма?» – деп сұрадым. Әкем ойлана келіп, Тараз қаласындағы зооветеринарлық техникумға барып түсуіме кеңес берді. Ол кезде ауыл шаруашылығы саласында істейтін мамандар қызмет баспалдағымен тез көтерілетін еді ғой. Әкем айтқан оқуға қиналмай түссем де, жат жерге үйреніп кету маған өте қиын болды. Үйді, ауылды қатты сағындым. Тіпті ұйықтасам, түсіме тау кіретін болды. Кейде жапалақтап жауған қар кіреді. Бірде ауылға демалысқа барғанда әкеме  «мынау менің қолым емес екен» деп айттым. Әкем де: «Балам-ау, енді бір жылға шыда. Тым болмаса оқып жүрген жеріңнен бірінші курс бітірді деген қағаз алып кел», – деп жатыр.  «Енді кім боласың? Қандай мамандықты қалайсың?» – деп те сұрап қояды. «Математик боламын» деймін мен. «Байқа, егер түсе алмай қалсаң, қайтадан Тараздағы оқуыңды жалғастырасың», – дейді әкем. Бағым болар, келесі жылы Өскемен педагогикалық институтының физика-математика факультетіне қиналмай-ақ түсіп кеттім. Жоғары оқу орнын 1979 жылы сәтті бітірдім. Мені арнайы жолдамамен Тарбағатай ауданы, Жалаңаш фермасына жіберді. Партияның қатарына да қабылдады. Бір жыл мұғалім болған соң, мектеп директоры болып тағайындалдым. Жалаңаш фермасы аудан орталығынан 60, совхоздан 31 шақырым шалғайда жатыр. Міне, сол жерде алты жыл мектептің директоры болдым. Жол азабын тартып қаншама жаяу жүргенім, қиналғаным өзіме ғана аян. Оның үстіне, мектептің жанында 35 балаға арналған интернат бар болатын. Сол 35 баланың жауапкершілігі де менің мойнымда. Шопандардың балаларын сенбі-жексенбі күндері  үйлеріне таситынбыз. Ақыры, керемет қажыр-қайрат жұмсап, сол мектепті өрге сүйреп, алдыңғы қатарға шығардық.

Кейін партияның нұсқауымен Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылындағы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектепке директор болып ауысып, онда  11 жыл еңбек еттім. Ол мектепте бір емес, екі емес, 47 пеш бар. Қазіргі қыз-келіншектеріміз үйдегі бір пештің өзін әзер жағып жүргенде осынша пешті жағу оңай ма? Оның сыртында  интернатта 65 бала бар. Бірақ қиындықтың бәрін де жеңе білдік.

Екі балам мен әйелімді алып, Өскеменге келгенде менде тіпті мектеп директоры болу туралы ой болған жоқ. Алдымда бизнесмен болсам деген мақсат тұрды. Бірақ кәсіпкер болуға менің мүлдем қырым жоқ болып шықты. Ақша табу үшін біреуді алдау,  біреуді арбау керек болса, ол менің қолымнан келмейтініне көзім жетті.

Сөйтіп жүргенімде бір күні маған қалалық білім бөлімінің басшысы хабарласып, келіп кетуімді өтінді. Аң-таңмын. Ана жақта мектепті өткізіп, енді бизнесмен боламын деп қалаға келген адаммын ғой. Сөйтсем, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі Тұғылбаев деген азамат қалалық білім бөлімінің басшысына хабарласып, осындай бір жігіт Өскеменге кетті, қазақ мектебін көтеруге осы жігітті пайдаланыңыз деп айтып қойған көрінеді.

Бала сізден қорықпауы тиіс

Осылайша, Өскемен қаласындағы жаңадан ашылған мектептің директоры болып шыға келдім дейсіз ғой.

– Иә, дәл солай. Бұл мектепте 1996 жылдан директор болып еңбек етіп келемін. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт көзді ашып-жұмғанша өтіп кетіпті. Алғашында жалпы білім беретін орта мектеп болдық, кейін мектеп-гимназия атандық, ал соңғы үш жылдан бері Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-лицейміз. Мектеп-лицей болуымыз  директордың немесе ұжымның қалауынан туған нәрсе емес, бұл – ата-аналардың сұранысы. Өзіңіз білесіз, Өскемен –  өнеркәсіпті қала. Мұнда әсіресе ауыр өнеркәсіп орындары көп. Ендеше, біз де қоғамның сұранысына қарай қызмет етуіміз керек. Қазір біз  математика, физика, информатика секілді жаратылыстану пәндерін оқытуға көп мән береміз. Мектепте екі ауысымда 1637 бала оқиды.  Биыл мектебімізді бітірген 69 оқушының барлығы грантқа оқуға түсті. Бұл дегеніңіз үлкен нәтиже емес пе? Бірақ көбіне біздің дайындаған оқушыларымызды Назарбаев мектебі, Нұрорда мектебі, қазақ-түрік лицейі дегендеріңіз «сүзіп» әкетеді. Мұғалімдеріміз де «біз оқытамыз, оқытамыз, атақ-абыройын солар көреді» деп ренжіп жатады.

Қазір дәстүрлі білім беру жүйесінен бас тартып, жаңартылған білім беруге көшіп жатырмыз ғой. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Дәстүрлі білім беру жүйесінің жақсы жақтарын жоққа шығармаймын. Бірақ оны дамытуға, жетілдіруге болады ғой. Мысалы, мен ауылда осыдан отыз жыл бұрын киген костюмімді бүгінде қайта киіп жүрмеймін ғой. Білім беру жүйесі де сол секілді. Жаңарту, жаңғыртуға мұқтаж. Біз, ұстаздар қауымы, қоғамның сұранысын қанағаттандыруымыз қажет.  Мысалы, қазір біз Германияның шығарған өнімдерін керемет сапалы деп аламыз, тұтынамыз. Ендеше, неге біздікі оған бәсекелес болмасқа? Нарықтың заңы осы – бәсекелестік. Біздің дайындаған шәкірттеріміз де бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс. Бұл – өте жауапты, ауқымды іс. Ол үшін, ең алдымен, ұстаздардың мәртебесін көтеруіміз қажет. Ұстаз дегеніміз – қоғамның қаймағы, ұстазға қарап бүкіл қоғам бой түзейді. Мұғалімнің мәртебесін көтермесек, қоғам да дамымақ емес.

Домбырада ойнайтын баланың  үлгерімі де жоғары болады

Қазір мектептерде мұғалім болып еңбек ететін ер адамдар тым аз. Неге еркектер мұғалім болудан қашады?

– Өйткені, мұғалімнің жалақысы мүлдем төмен. «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз де бар ғой.  Еркек – отбасының асыраушысы. Ал мұғалімнің айлығы оның отбасы тұрмақ, өз басына да жетпейді. Біздің мектепте де ер адамдар аз. Ұжымдағы 140 адамның, шамамен, 30-35 пайызы ғана еркектер. Жаңа оқу жылының басында өткен тамыз мәслихатында қала әкімі Жақсылық Омар бірқатар ер мұғалімге жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Біздің мектепке жаңадан келген физик жігіт те пәтер кілтіне ие болды. Шынында, мұның астарында үлкен сыр бар. Ер адамдар  мектепте жұмыс істегеніне арланбай, керісінше мақтануы тиіс.

Жалпы,  баланы қалай тәрбиелеу керек? Тәжірибелі педагог ретінде бұл сауалға қалай жауап берер едіңіз?  

– Мына заманның баласы біздің кезіміздегі бала емес.  Баланы ұрып-соғып, қысым жасауға әсте болмайды. Баланы, ең алдымен, шын жүректен, бар мейіріміңізбен жақсы көруіңіз керек. Жақсы көре отырып, ол балаға талап қой. Екеуін үйлестір. Жақсы көре отырып, айтқаныңызды орындата біл. Бала сізден қорықпауы тиіс. Сонда ғана алға қойған мақсатыңыз орындалады.

Балаға білім беру жеткіліксіз, балаға тәрбие де беру қажет. Осы орайда «Қазақтың баласы қандай болуы қажет? Өркениеттің көшіне ілесу үшін бізге не жетіспейді?» деген сауалдар мені де мазалайды.

Мен ата-аналардың баласын білім көрсеткіші жоғары мектепке бергісі келетінін түсінемін. Бірақ  бала мықты білім алумен қатар қазақылықты да бойына сіңіруі қажет. Міне, осы мақсатта біз өз оқушыларымызға атадан қалған мұра – домбыраны оқытамыз. Арнайы «Мұрагер» бағдарламасы бар. Бірінші сыныпқа келген бүлдіршін жетінші сыныпқа дейін «Мұрагер» бағдарламасы бойынша  домбыра сабағынан дәріс алады. Мұндағы мақсат – ата-бабаларымыздың ғасырлардан тамыр тартып келе жатқан асыл мұрасын ұрпақ бойына сіңіру.   Біз осыны мақсат тұтамыз.  Қадыр Мырзалиевтың:

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра, – дегеніндей, кез келген қазақ баласы домбыра шерте білгені дұрыс.

Мейлі ол музыканы кәсіпке айналдырмай-ақ қойсын.  Мейлі ол болашақта ел басқарсын, мейлі комбайн жүргізсін, мейлі мал бақсын, ол жағын өзі біледі. Бірақ қасиетті қара домбырасы төрде ілініп тұрса, кешкісін демалған уақытында бір сәт дыңғырлатып отырса, қандай ғанибет!

Біздің байқағанымыз, домбыра тарта білетін баланың сабақ үлгерімі де жақсарады екен, өйткені домбыра пернесінде ойнағанда баланың саусақ ұшындағы нерв жүйелері оянатын көрінеді. Бұл – ғылыми түрде дәлелденген нәрсе.

Өзіңізді білім беру саласындағы қандай мәселелер көп толғандырады?

– Әрине, мені ойландыратын дүниелер өте көп. Ең алдымен айтарым, білім саласында жыл сайын реформа жасаудың қажеті жоқ. Бізде министр тоқтамайды. Жаңа келген министр реформа бастайды, бірақ ол аяқталмай орта жолда қалады. Сосын жастарды мектепке көбірек алған жөн. Мұғалімді 63 жасқа дейін мектепте ұстаудың керегі жоқ. Адамның энергиясы, күш-қуаты деген өлшеулі. Ол да сарқылады. Істеймін десе, істесін, бірақ оған 18 сағат беріп,  көп жауапкершілік арту артық. Зейнеттегі мұғалімге жарты ставка да жетеді. Оның негізгі міндеті – тәлімгер болуы керек. Көрген-білгенін жас мамандарға үйретсін. Қазір біздің мектепте зейнет жасына жеткен 16 мұғалім бар.

Сосын бала саны көп мектептер бар да, бала саны аз мектептер бар. Бала саны аз мектепте жұмыс та аз болады. Ендеше, ол мектепті қаржыландыру да сол деңгейде болуы тиіс деп ойлаймын. Нәтижесі жақсы, бала саны көп мектептерді қаржыландыру да тиісінше жоғары деңгейде болуы тиіс. Осы жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі  жүзеге асырылуы керек.

Мұғалім тапшылығы жоқ па?

– Бар, математикадан, шет тілі мен музыка пәндерінен мұғалімдер жетіспейді.

Әңгімеңізге рақмет.

 Мейрамтай Иманғали

 

Осы айдарда

Back to top button